Accessibility links

Баспасөзге шолу. 06-08-2004


Республикалық басылымдарда алдағы Парламенттік сайлаудың қандай жағдайда және қалай, кімдердің қатысуымен өтетіндігі кеңінен талқылануда.

“Егемен Қазақстан” газетінде профессор Мағзұмов “Сайлау туралы” заңды қабылдау нәтижесінде қоғам “демократияшыл сайлау жүйесінің орнығуына” қарай “ілгері қадам” басты деп есептейді. “Мұның өзі өкіметтің де, оппозицияның да, тұтасымен алғанда қоғамның да мүддесіне сай келері сөзсіз”, - дейді мақала авторы. Ол жаңа заңға енгізілген электронды дауыс беру жүйесін “маңызды жаңалық” деп бағалай отырып, “оның тиімділігі күдік туғызбасы айдан анық” деген қорытындыға келеді. Алайда, “Жас алаш” газетінде саясаткер Сейдахмет Құттықадам “электронды сайлауды – тікелей бұрмалаудың жолы” деп есептейді. Оның пікірінше, электроника арқылы қалаған нәтижеге қол жеткізуге болады. Сол себептен, “сайлауға бір ай қалғанда биліктің өзі электронды сайлау болмайды демесе, оппозиция сайлауға бойкот жариялауы мүмкін”, - дейді Сейдахмет Құттықадам. Ол : “Егер оппозиция сайлауға қатыспаса, онда бұл Қазақстанда демокртияның жоқтығын әлемге дәлелдейді, екіншіден биліктегі үш топ бір-бірімен аямай қырылсады”, - деген болжам жасайды. Оның пікірінше, бүгінде билік “жастары ұлғайған, ешқандай өзгерісті қажет етпейтін” консерваторлардан, тезірек үлкен ақша мен жоғары орындарға жетуді көздеген “жас мансапқорлар” шоғыры мен биліктің отбасының уысында қалуын діттеген “отбасышылдар”тобынан құралған. Олардың әр қайсысының құзырында өз “ақпарат құралдары”, “соларға қызмет ететін облыс әкімдері” мен “саяси партиялары бар”,- дейді Сейдахмет Құттықадам “Жас алаш” газетінде. Сондықтан, оның пікірінше, алдағы сайлау “мүдделер қақтығысы” түрінде өтеді. Ол сын сағатта “консерваторлар” “жас мансапқорлармен” бірігіп “отбасышыларға”қарсы шығуы ықтимал, ал керісінше “отбасышылар” билікті алып кетсе, билік өмір бойы соларда қалуы мүмкін” деген болжам жасайды.

АҚШ-тың Қазақстандағы елшісі Ларри Неппэр “Ақ жол” партиясының әділетсіздіктер жалғаса берсе, алдағы сайлауда бойкот жариялаймыз деген мәлімдемесіне орай “мұндай жағдай мүмкін емес шығар, бірақ шын мәнісінде бойкот жарияланса, “бұл артқа жасалған бір қадам болады” деген пікір білдіреді “Экспресс К” газетінде.



“Литер” газеті “Ақ жол” партиясының бойкот жариялау мүмкіндігін олардың партиялық тізіммен өтуінің неғайбылдығымен байланыстырады. “Бірақ бір мандаттық округтер бойынша оның көрнекті өкілдері жеңіп шығып, сол арқылы кейін фракция жасақтай алады” дейді “Литер” газеті. Мақала авторы мұны керісінше партиялық тізммен өтуді көздеген “Асар” партиясы жасай алмайды дегенді айта отырып, екі партияның арасындағы қайшылықтарға тоқталады. Сондықтан, “бірін жұмсартып айтқанда президентке жақын адам басқаратын, екіншісінің негізін айқын оппоненттер жасақтайтын одақтың болуы мүмкін емес”, - деп пайымдайды “Литер” газеті “Асар” мен “Ақ жол” партиялары альянсының ықтималдылығы жайында. Мақала авторы Ердан Айтанов президенттің тікелей эфир кезінде бір партияға, яғни, “Отан” партиясына екпін салғанын тілге тиек ете отырып, халық та соларға дауыс береді деген қорытынды жасайды.



“Казахстанская правда” газетінде доцент Үсенов бүгінде “биліктің оппозицияға қатысты конструктивті іс-шараларға барып отырғандығын” баяндайды. Мысал ретінде ол жаңа “Сайлау туралы” заң бойынша саяси партиялар сайлау комиссияларына өз өкілдерін ұсына алатындығын тілге тиек етеді. Сол арқылы партиялар сайлау процесін бақылай алады деп есептейді мақала авторы.

Себебі, “сайлау комиссияларының 90 пайызы саяси партия өкілдерінен тұратын болады”,- дейді доцент Үсенов “Казахстанская правда” газетінде. Ал “Жас алаш” басылымында жарияланған мәліметтеріге жүгінсек, Қарағанды қалалық мәслихаты сайлау комиссияларының құрамын бекіткен. Сонда 181 учаскенің бірде-біріне оппозициялық бағыттағы Қазақстанның коммунистік, “Ақ жол”, Қазақстанның демократиялық таңдауы халықтық партиясынан бірде-бір өкіл өтпеген. Оның есесіне “президенттік” деген приставка тіркеп алған “Отан”, “Асар”, Азаматтық, Аграрлы партиясына бірауыздан дауыс берген қалалық мәслихаттардың ауызбіршілігіне таңданбасқа шара жоқ”, - дейді “Жас алаш” газеті.
XS
SM
MD
LG