Accessibility links

Сайлау заңдарын бұзушыларға жаза қатайтылмақ


Қазақстанның заң актілеріне сайлау заңдары мәселелері бойынша ұсынылған түзетулер сайлау туралы конституциялық заңға жасалған өзгерістерге сәйкес әзірленіпті.

Парламент Сенатының депутаты Ермек Жұмабаевтің айтуынша, заң жобасы сайлау институттарын одан әрі жетілдіруге бағытталған. Сайлау өткізу тәртібін бұзғандарды қылмыстық жауапкершілікке тарту шарасы күшейтілмек. Мәселен, электрондық жүйені бұзғандық үшін қатаң жауапкершілік қолданылатын болады. Бұл ауыр қылмыс деп тағайындалады. Жеті жылға дейін бас бостандықтан айыруға болады дейді.

Ал, сенаттың екінші бір депутаты Уәлихан Қайсаров сайлау заңдарын бұзушыларға жауапкершілік қылмыстық, әкімшілік құқық бұзушылық кодекстерінде бар, бірақ Қазақстанда мұндай оқиға болған емес дейді.

Сенаттың тағы бір депутаты Жомартқали Жексенбинов болса аталған заң жобасының болашағына үмітпен қарайды.

Сөз болып отырған заң жобасында сайлау, референдум құжаттарын бұрмалағаны немесе электронды сайлау жүйесінің жұмыс істеу тәртібін бұзып дауыстарды дұрыс санамағаны үшін жауапкершілік қаралған. Алайда, «Ақжол» партиясының тең төрағасы Алтынбек Сәрсенбаев Қазақстан жағдайында мұны іске асыру қиын болады деп есептейді.

Сәрсенбаевтің пікірінше, сөз болып отырған заң жобасы қабылданған сайлау туралы заңның соңын жуып-шаю. Егер біз әр партия өкілінен әділ сайлау комиссиларын құрсақ, мұндай өзгерістердің қажеті жоқ болар еді дейді.

Ал, тәуелсіз бақылаушылардың республикалық жүйесі қауымдастығының директорлар Кеңесінің төрағасы Дос Көшім электрондық дауыс беру жүйесі енгізілгеннен кейін қосымша жаза қаралғаны дұрыс деген пікірде.

Дос Көшімнің айтуына қарағанда сайлау мәселесі бойынша шағымданушылар жиі кездеседі, бірақ жеңіп шығатындары өте аз.
XS
SM
MD
LG