Accessibility links

Қазақстанда шикізат өнеркәсібінде жариялылықты қамтамасыз етуші бейресми ұйымдардың коалициясы құрылды


Маусым 14-і күні Алматыда бірқатар мемлекеттік емес ұйымдар өкілдері Қазақстандағы шикізат өнеркәсібінде жариялылықты қамтамасыз етуді талап ететін бейресми “Мұнай өндіруден түскен табыстарды азаматтық қоғамның бақылауына беру ” коалициясының құрылғандығын мәлімдеді. Қазақстандағы мұнай, газ және басқа да пайдалы қазба байлықтарды өндіру саласының қызметінінің баршаға ашық жария болуы жөніндегі өз үндеулерін жария етті. Жаңадан құрылған қоғамдық бірлестік жетекшілері Қазақстан үкіметін қазба байлықтарды өндіру саласындағы табыстардың ашық жария болуы жөніндегі бастамаға бірігуге шақырды.

Шикізат өнеркәсібінде жариялылық орнату жөніндегі бастаманы Ұлыбритания үкімет басшысы Тони Блэр 2002 жылдың қыркүйек айында жария еткен болатын. Бастаманың мақсаты – шикізат өндіруші компаниялардың төлемдері туралы ақпараттарды , сондай-ақ табиғи ресурстарға бай елдердің үкіметтері тапқан пайданы жариялы болдыруға қол жеткізу. “Сорос – Қазақстан” қорының “Кazakhstan Revenue Watch” бағдарламасының директоры Антон Артемьeвтің айтуынша, бастаманы қазіргі жағдайда Әзірбайжан, Гана және Қырғызстан республикалары қолдаған. Оның айтуынша, қазір Қазақстан үкіметі мұнай өндіруші компаниялармен өзара өнім бөлісу жөніндегі келісім негізінде жұмыс істеуде. Әріптестіктің мұндай түрі келісім шартында көрсетілген барлық мәліметтерді құпия ұстауды қарастырады. Нәтижесінде кен орындарын игеруден Қазақстанға дәл қанша үлес тиетіндігі жөнінен нақты мәлімет алу мүмкін емес. Осыған байланысты шикізат өнеркәсібінде жариялылық орнату жөніндегі бастамаға Қазақстанның бірігуіне түрткі болуды коалиция өзінің басты мақсаты санайды,- деді Антон Артемьeв.

Осы орайда біздер жаңадан құрылып отырған бейресми “Мұнай өндіруден түскен табыстарды азаматтық қоғамның бақылауына беру” коалициясы мүшелері көтеріп отырған бастамаға орай, қазақстандық саясаткерлердің пікірлерін білген едік, Саясаткер Дос Көшім пікірі төмендегідей болды.



-Бұл мәселе 1991 жылы Қазақстанға мұнай компаниялары ене бастаған кезде көтерілу керек еді. Біріншіден бізде жабық мәселелер өте көп. Бірінші заң өзгермей қазба байлықтың түсіміне байланысты жауап әр уақытта жүрдім бардым болады. Не үкімет, не мұнай компаниялары жауап бермейді. Бәрінің айтатыны біз дайынбыз бірақ біздің арамызда коммерциялық құпиялылықты сақтау бар дейді де қарап отырады.

Демек азаматтық қоғамның негізгі міндеті - заңды өзгерту. Заңды өзгертпесе коалиция мүшелерінің бастамасы далаға кетеді, - дейді Дос Көшім.

Саясаттанушы Болат Тілепов болса Қазақстанда азаматтық қоғам жайлы сөз қозғау әлі ертерек,- деп есептейді.

-Өйткені бізде азаматтық қоғам әлі жетілген жоқ. Әлі даму үстінде. Қай саланы болмасын бақылайтын құрылымдар жоқ. Қазақстанда бақылауға мүмкіндікте жоқ. Азаматтық қоғам құру тек мәселе күйінде қалуда.
XS
SM
MD
LG