Accessibility links

Адам саудасына қатысты қылмыстық жайттар белең алуда.


Деректерге қарағанда, Қазақстанда адам саудасына қатысты қылмыстық жайттар белең алуда. 2003 жылы Қазақстан Республикасы бойынша осындай іспен айналысқан 8 қылмыстық топ тіркелсе, 2004 жылы 1 тоқсанның өзінде 100 –ден аса қылмыстық іс қозғалып, қылмысқа қатысы барлар тиісті жауапкершілікке тартылған. Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының мәліметтеріне қарағанда, түрлі топтардың алдауына түсіп, шетелдерге өтіп кетіп жатқандардың саны азаяр емес.

Қазақстанда әйелдерді заңсыз жолмен шетелге шығарудың тағы бір фактісі анықталды. Қазақстан Республикасының Әділет вице-министрі Жақып Асановтың айтуына қарағанда, былтыр республика бойынша 10-ға жуық қылмыстық іс тіркелсе, биыл адам саудасымен айналысушы топтардың саны анағұрлым артқан. Бұл іспен қазір құзырлы органдар жұмыс істеп, тиісті жаза қолданылуда. Жақып Асанов «Адамдардың мұндай іске баруына біріншіден, жұмыссыздықтың да әсері болуы мүмкін, екіншіден алдауға түсіп қалатындар да бар», дегенді айтады.

Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының Әлеуметтік саладағы заңдылықты қадағалау бөлімінің прокуроры Талғат Әлібаев «Бүгінде осы мәселеге қатысты мемлекет тарапынан үлкен жұмыстар атқарылуда, мемлекеттік ұйымдардың қатысуымен конференция өткізілді. Адам саудасымен айналысушы топтар республиканың әр аймағында кездесіп отыр, әсіресе Жамбыл, Алматы облыстарында» дейді.

Мұндай оқиға Ақтөбе облысында да тіркелген. Ақтөбе облыстық Ішкі Істер Басқармасының инспекторы Ералы Қалиев 2001 жылдың маусым айында Ақтөбе облысының 32 жасар тұрғынының ресейдің Адлер қаласы арқылы 20 жас шамасындағы 4 қыз баланы Түркияға өткізіп жібергендігін айтады. Түркияға барғаннан кейін қыздардың құжаттарын өздеріне алып, жезөкшелік іспен айналысу бұйырылған. «Қазіргі кезде осы істі ұйымдастырды деген күдікті әйелдің үстінен қылмыстық іс қозғалып, уақытша қамау изоляторында отыр. Тергеу амалдары жүргізілуде. Ал Түркияда жезөкшелікпен айналысқан Қазақстандық қыз балалар елге қайтарылды», дейді Ералы Қалиев. «Осындай істермен айналысу мақсатында Қазақстандық азаматтар көбіне Түркия мен Араб Әмірліктерін таңдайды, өйткені ол жақтарда басқа мемлекеттерге қарағанда туристік бизнес қатты дамыған», дейді Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының Әлеуметтік саладағы заңдылықты қадағалау бөлімінің прокуроры Талғат Әлібаев.

Көшіқон жөніндегі халықаралық ұйымның Қазақстандағы адам саудасына қарсы әрекет ететін бағдарламаның үйлестірушісі Карима Жанболатова «Өзіміздің жасаған есебіміз бойынша 1998 жылдан бастап 200-ге тарта оқиға тіркелді. Ондай оқиға Қазақстанның әр аймағында кездеседі. Алдау-арбауға түсіп басқа мемлекеттерге өтіп кеткен кейбір азаматтар біздің көмегімізбен елге қайтарылды», дейді.

Осындай мәселелерге қатысты Қазақстан Республикасының тарапынан Үйлестіру кеңесін өткізу жоспарланып отыр екен. Бас прокуратураның Әлеуметтік саладағы заңдылықты қадағалау бөлімінің прокуроры Талғат Әлібаев сараптаудан өткізілген басқа да мәліметтерді алдағы уақытта хабарлайтындығын айтты.
XS
SM
MD
LG