Accessibility links

Қазақстанның “Аграрлық” және “Азаматтық” партияларының жетекшілері сайлау алдындағы блок құру туралы меморандумға қол қойды.


Партия жетекшілері түсіндіргендей, бұл 120 мың мүшесі бар екі партиядан бір ірі ұйым жасау емес, сайлау қарсаңындағы тактикалық әдіс ретінде жасалған амал. Бұл туралы «Азаматтық» партиясының жетекшісі Азат Перуашев хабарлама жасады.

-Сайлауға біз ортақ блок құрып барамыз.

«Азаматтық» партиясының жетекшісі Азат Перуашев айтып өткендей, партиялардың сайлауға бірге баруына президент мұрындық болған. Екі партия таратқан баспа сөз парағында жазылғандай, «Отан» партиясының съезінде айтылғандай, әлемдік жахандану жағдайында мемлекеттің бәсекелестік мүмкіндіктерін қамтамасыз ету міндеттемелері қойылған. Қоғамның деңгейін көтеру үшін, биліктің барлық тармақтарын күшейту қажет делінген. «Азаматтық» партиясының жетекшісі Азат Перуашев айтып өткендей, екі ірі партия президенттің осы ұсынысын толық қолдайды.

-Осы жақын арада ел басымызбен жарияланған демократиялық реформалар туралы бағдарламаға біз президенттік партия болғандықтан өз атымыздан көмек көрсетуге дайынбыз.

Баспа сөз мәжілісінде хабарланғандай, екі паритя үміткерлерінің тізімі ортақ болады. Барлық кандидаттарға екі партия да қолдау жасайды. Бірақ, партиялар ортақтасып блок құрғанымен партиялардың съездері дербес өткізіледі. «Аграрлық» партияның жетекшісі Ромин Мадинов айтып өткендей, жаңа парламентте екі партияның дербес фракциялары жасақталады.

-Бізде жаңа парламентте 2 фракция болады.

Билікке жақын партиялардың осылайша қосылуын Қазақстандағы жаңадан құрылып жатқан партия өкілдері қолдап отыр. «Қазақстанның демократиялық партиясының» жетекшісі Мақсұт Нәрікбаев партияның ресми тіркеуден өтуіне байланысты баспасөз мәслихатын өткізген болатын. «Азаттық» радиосына берген сұхбатында партия жетекшісі Мақсұт Нәрікбаев жаңа блок сияқты демократия жолындағы партияларға қосылуға дайын екендігін мәлімдеді.

-Ел басы айтты “Отан” партиясының съезінде жалпы қандай партия болса да, барлығы бірігіп шығу керек. Егер, солар біздің барлық бағытпенен келісетін болса, әрине, бірігіп жасауға болады.

Ал саясаттанушы Жұмабай Доспановтың пікірінше, бұл екі партия уақытша қосылып отыр.

-Бұл екеуіде халық мүддесін қолдамайды, сайлау алдында бұл әлемдік практикада бар нәрсе, уақытша болса да бірігу.

Саясаттанушы Берік Әбдіғалиевтің ойынша, бұл шара пропрезиденттік партиялардың даусын жеке дара бөлмей жинақтау үшін арнайы жасалған. Ал “Азаматтық” партиясының бюджеті бірігуді қажет етпейді дейді саясаттанушы.

-Бұл 30 адамдық фракция құрды. Бос жүрген адамдарға айына 2 мың доллар беріп, үлкен фракция жасап алған. Сондықтан, олар ақша аздығынан емес, биліктің дауыстарды бөлмеңдер, бірігіп жұмыс істеңдер деп көндіргені болу керек.

Саясаттанушы Дос Көшімнің пікірінше, партиялардың блок құруында жағымды және жағымсыз жайттары бар. Саясаттанушының пікірінше, бұл Қазақстандағы 2-3 ірі партияны жасақтаудың басы болуы ықтимал.

-Бір жағынан жақсы, өйткені, партиялардың саны бар да сапалары әр түрлі болған. Қоғамға еш нәрсе бермейді.

Саясаттанушы Дос Көшімнің пікірінше, ірі партиялардың ортақтасуында қауіпті нышан да көрініп тұр.

-Үкімет жағындағы партиялар ірі екі не үш топ құрап, Қазақстанның екі саяси бағытын ғана анықтап, кейіннен парламенттің 90 пайызы сол 2-3 блоктан тұруы әбден мүмкін.

Әзірге жаңа блоктың өзіндік есімі жоқ. «Азаматтық” және “Аграрлық” партия жетекшілері ортақ блок құруға арналған баспа сөз мәжілісінде журналистерге осы блокқа атау тауып берген адамға 200 мың теңге берілетінін жеткізді.
XS
SM
MD
LG