Accessibility links

АҚШ әділет министрлігінің азаптаулар жайындағы хаттамалары кең көлемді дау туғызды


Ираққа қатысты даулы мәселенің бірі – АҚШ әскерінің қолына түскен ирақ сарбаздарының азапталуында боп тұр. Әбу-Ғрайып түрмесінде ирақтықтардың қорланғаны, және қалай қорланғаны бұқараға белгілі болған соң – Америка Құрама Штаттарының Ирақтағы соғысына да сын көбейе түсті. Оның үстіне американ баспасөзінде АҚШ әділет министрлігінің кейбір құжаттары жайында әңгіме көтерілді, АҚШ әділет министрлігі соғыс тұтқындарынан қажет мәліметті алу үшін шамалы дәрежеде күш көрсетуге рұқсат етіпті деген шатақ шықты. Ал мұндай мәселе халықаралық заңдарда қалай көрсетілген екен? Халықаралық заңдар соғыс жағдайында да ешбір азаптауға жол бермейді, дейді сарапшылар.

Әділет министрлігі азаптауларға шамалы дәрежеде рұқсат етуге құштар бопты деген мәселе бойынша АҚШ Конгресінің заң комитетіне 8-шы маусымда әділет министрі Джонн Ашкрофт шақырылған болатын. Джонн Ашкрофт баспасөзде айтылған айыптармен келіскен жоқ, Буш әкімшілігі азаптауға ешқашан жол ашқан емес, әділет министрлігі АҚШ заңдары тиым салған кез-келген оқиғаны тергеп жатыр деп мәлімдеген болатын. Бара-бара американдық газеттерде бұл құжаттар жайында көбірек айтылды, әділет министрлігі 2002 жылы жазған хаттамасында тұтқындарға қарсы күш жұмсауға рұқсат етуді ұсыныпты. Мәселе - тек тұтқындарға дене зақымы келмесе, адам мүшелеріне зиян тимесе не болмаса өмірі үзіліп қалмаса сұрақ алу барысында делінген екен құжаттың бірінде. Америка Құрама Штаттарының ресми орындары бұл тек заңгерлерге ұсыныс ретінде айтылған еді, құжаттардағы ұсыныстар іс жүзінде ешқашан пайдаланылған жоқ дейді.

Әбу Ғрайып түрмесіндегі азаптау шатағы басылмай тұрған сәтте әділет министрлігінің бұл құжаттары Америка Құрама Штаттарының халықаралық міндеттемелері жайында күдікті күшейтті. Азаптауларға тиым салатын халықаралық келісімдерге Америка Құрама Штаттары қатысып отыр. Осы тұрғыдан қарағанда, АҚШ халықаралық келісімдерді қалай орындап отыр, ол конвенцияларда қандай талаптар басшылыққа алынған? Нью-Йоркте орналасқан "Хьюман Райтс Уотч" құқыққорғау ұйымының заңгері Дина Покемпнер халықаралық заңдар өзге күнәсіз адамдардың өмірін сақтап қалу мақсатында қажет мәліметті білу үшін тіпті соғыс жағдайында тұтқындарға қарсы күш жұмсауға рұқсат етпейді дейді:

- Халықаралық заң өте қатаң. Тек қана азаптау емес, сондай ақ зұлымдыққа, ізгіліксіз бақылауға және қорлыққа тиім салынған.

Бұл жердегі ең басты заң екеу – 1949 жылы қабылданған Женева конвенциясы және Біріккен Ұлттар Ұйымының "Азаптауларға қарсы конвенциясы". Бұлардың екеуіде азаптаумен ізгілікіз қатынасқа тиім соғыс уақытында ешбір жағдайда жұмсартылмайды деп ұйғарады. Америка Құрама Штаттары екеуіне де қол қойған. Сондықтан АҚШ әділет министрлігінің "азаптау" ұғымын өз ұсынысында жұмсартқаны еш бір қисынға келмейді, АҚШ конституциясына да, халықаралық заңға да қайшы, дейді Дина Покемпнер.

Американдық сарбаздар ирақтық тұтқындарды Бағдадта орналасқан түрмеде сан алуан жолмен қорлаған. Тұтқындар тырдай жалаңаш күйінде түрлі қалыпта сақшылардың бұйрықтарын орындады, не болмаса адам баласына ауыр тиетін қалпында бірнеше сағат тұрғызылып қойды,тұтқындарға ит айтақталды, тұтқындар ұйқыдан айырылды, не болмаса олардың басына томағалап капюшон кигізіліп қойды. Ал АҚШ әділет министрлігі мұндай деңгейдегі азаптауларға жол беруді ұсынған, шатақ осында. "Хьюман Райтс Уотч" құқыққорғау ұйымының заңгері Дина Покемпнер Абу-Ғрайып түрмесінде орын алған қинау тәсілдері адам денсаулығына өте үлкен психологиялық зақым келтіре алады дейді.

Ал "Азаттық" радиосына сұхбат берген басқа сарапшы, АҚШ әскерінде тергеуші болған Майк Ритц деген азаматтың пікірі өзгешелеу. Майк Ритц қазір өзінің "Тиим Делта" компаниясын басқарады. Абу-Ғрайып түрмесіндегі азаптаулар өте өкінішті жағдай, бірақ мәселенің бір шеті – халықаралық заңдар томағалау және ұйқыдан айыру сияқты әдістер жөнінде кеңінен жазбаған, дейді Майк Ритц. Физикалық қорлаудың сипаттамасы толық ашылмаған соң тергеушілердің көпшілігі нақты шекараны білмеуі мүмкін. Томағалау әдісі заңдық тұрғыдан қарағанда екіұшты болған соң кей жағдайда ол қолдануы мүмкін, бірақ томағалауды жаза ретінде қолдануға болмайды, дейді Майк Ритц:

- Біз тұтқынның көзін байлап қоюмыз мүмкін, не оның басына бірдеңке кигізіп томағалап қоямыз, сондықтан бір жерден екінші жерге апарылғанда тұтқын бағыт-бағдарды жоғалтып алады. Әскери полицияның тұтқындарға қарсы пайдаланатын бұл тәсілінен оң нәтиже шығарса болады. Томағалау адамды шатастырады, үркітеді, тіпті аздап зәресін алуы мүмкін екенін білеміз. Соны білгендіктен солай жасаймыз. Бірақ біз тұтқынға "қажет нәрсені айтпасаң – тағы 24 сағатқа басы көзің мына томағада оралатын болады" деп айта алмаймыз. Бұл тұста Женева конвенциясының қағидасы басталады, - дейді бұрынғы әскери тергеуші Майк Ритц.

Америка Құрама Штаттарының әкімшілігі үш жылдай уақытқа созылған терроризмге қарсы соғыста халықаралық заңдарды бұзуға рұқсат берген емеспіз деп жақында тағы мәлімдеді. Абу Ғрайып түрмесіндегі зұлымдықтар үшін жеті сарбаз тергеуге тартылды, бір сарбаз ең қатаң жазаны алып үлгерді, ол бір жылға бас бостандығынан айырылды. Дегенмен, Ирақта және Ауғанстанда қолға түскен тұтқындардың азапталу мәселесі үлкен саяси мәселе боп тұр.
XS
SM
MD
LG