Accessibility links

Баспасөзге шолу. 06-19-2004


“Жас алаш” газеті мен президенттің саяси мәселелер бойынша кеңесшісі Ермұхамет Ертісбаев және парламент депутаты Серік Әбдірахманов арасындағы тартыс бірқатар басылымдардың назарын аударып отыр. Егер Ертісбаев мырза өзінің алдағы сұқбаттарының бірінде “Жас алашты” ұлтаралық мәселеде арандатушылыққа барып отыр” деп айыптаса, бұл жолы газет редакциясы керінше жанжалға тамыздық болып отырған хатты “Жас алашты” арандату үшін әдейі жіберді ме” деген ойға келеді.

“Жас алашқа” тағылған “басты кінә аталған газет бетінде жарияланған “Солтүстіктегі қазақтардың мүддесін кім қорғайды?” мақала ішіндегі “қандастар” деген сөз болып отыр. Қандас дегенде не тұр?!Тіпті Елбасы Назарбаевтың өзі қандас деген тіркесті көп қолданады” , - дейді “Ақ жол Қазақстан” газетінде Ержан Байтілес. Ол депутат Әбдірахмановтың газетке шүйлігуін оның сайлау алдындағы кезекті бір трюгі“ шығар деп топшылайды.

Саясаткер Сейдахмет Құттықадам “Эпоха” газетінде “Жас алашқа” қарсы әрекеттердің артында саяси ойындар тұрғанын айтады. “Сайлау алдында халықтар арасына сызат түсіру бойынша нашар науқан тағы да қолға алынуда”, - деген пікір білдіреді саясаткер. Оның сөзіне қарағанда, соңғы кездері әлеуметтік, саяси мәселелерді жақсы көтеріп жүрген газеттен оппозициялық сарын іздегендер ұлттық мәселені желеу етіп, “Жас алашты” алқымнан алғылары келеді.

Ал “Жас алаш” газетінің өзінде Ермұхамет Ертісбаевтың редакцияға арналған хаты жарық көрген. Онда ол ұлт мәселесіне Еуропада қатты қарайтынын тілге тиек етеді. Оның себебін президент кеңесшісі “”бір ұлттың екіншісіне жаратпай қарап, өзінің айрықша ұлт екендігін көрсеткісі” келегендігінен екі дүниежүзілік соғыс та Еуропада болғандығымен байланыстырады. “Ал осының бастауында сөз болған”, - дей отырып, Ермұхамет Ертісбаев газетті “ұлтаралық қатынастарға байланысты сөз болғанда мұқият болуға” шақырады.

Алайда, газеттің өзі “ұлтаралық қатынасқа мұқияттылық” газеттің негізгі принциптерінің бірі екендігіне тоқталады. “Жас алаш” “ұлтараздықты қоздырып отыр” деген ауыр айыптың орынсыз тағылып отырғанын айта отырып, тартысқа себеп болған Солтүстік Қазақстандағы бірнеше тұрғынының атынан жіберілген хат арандатушылық емес пе?” деген күдігін білдіреді.

Сонымен бірге газет сенімді ақпарат көздері арқылы бірнеше күн бұрын Астанада президент әкімшілігі жетекшісінің орынбасары Бауыржан Мұхамеджановтың басшылығымен құқық қорғау органдары өкілдері қатысқан құпиялау жиын өткендігін естігенін айтады. “Онда “Жас алашты” әлгі бір өздері ойлап тапқан күмәнді айыппен сотқа тартып, газеттің жолын кесудің амалы қарастырылыпты-мыс”, - дейді газеттің өзі. Сол себепті басылым, осы орайда президент әкімшілігі жетекшісі мен оның аты аталған орынбасарынан жауап күтетіндіктерін айтады. “Жауаптан жалтарып жатса, “Жас алашпен” жауласып жүргендердің артында Ақ үйде отырған шенеуніктер тұр деп ойламасқа амалымыз жоқ”, - дейді газеттің кезекші редакторы Өмірзақ Ақжігіт.

“Ассанди таймс” басылым да қазір президент әкімшілігінде өздерінің газеттерін жабу мәселесімен айналысатын заңгерлерден құралған арнайы комиссияның құрылғаны жөнінде сыбыстың ұзын құлақ арқылы келіп жеткенін хабарлайды. “Президент жетекшісінің құқықтық мәселелер бойынша орынбасары болып тағайындалған оппозицияға қарсы байырғы күрескер Бауыржан Мұхаметжанов өзіінің бар мүмкіндігін пайдаланып қалатын шығар”,- деп топшылайды “Ассанди таймс” апталығы.

“Казахстанская правда” газетінде заңгер әрі “Әділет” жоғары құқық мектебінің проректоры Михаил Лукьяненко да президенттің кеңесшісі сияқты бұқаралық ақпарат құралдарын ақпарат беруде мұқият болуға шақырады. Оның пікірінше, “билік пен азаматтардың ар-намысына тие тие отырып, мерзімді басылымдар өз тамырларына өздері балта шабады”. Ол ”Франциядағы баспасөз туралы заңда сөз бостандығын асыра пайдаланушыларға қарсы қатаң жаза түрлері ескерілгенін айта отырып, “жекелеген тұлғалар немесе топтардың абыройына нұқсан келітеретін фактілер мен іс-әрекеттер бойынша материалдардағы айыптаулар жарияланып қана қоймай, олар мақалада жорамал түрінде айтылса да ” жауапқа тартылады”, - дейді заңгер үкіметтің ресми басылымында.

AzattyqTV

Аудиоподкаст

XS
SM
MD
LG