Accessibility links

Қазақстанда қазақ тілі мен әдебиетінен халықаралық олимпиада басталды


Қазақстан астанасында тұңғыш рет алыс және жақын шетелдердегі қазақ диаспорасының балалары қазақ тілі мен әдебиеті бойынша халықаралық олимпиадаға қатысуда. Ұйымдастырушылар мұндай шаралар шет елдерде тұратын қазақ балаларының Қазақстанмен байланысының нығаюына, келешекте олардың ата жұртына оралуына септігі тиюі мүмкін дейді. «Қазақстан-ата жұртым, қасиетім-ана тілім» тақырыбы бойынша олимпиадаға қатысып жатқан балаларды әр елден алып келген жетекшілерінің айтуынша, шет елдердегі қазақтардың кейінгі ұрпағының ана тілін ұмыту қаупі де жоқ емес екен.

Маусымның 22-сі күні қазақ тілі мен әдебиеті пәні бойынша өткізіліп жатқан халықаралық олимпиада басталды. Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігінің «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығының ұйымдастыруымен өтіп жатқан олимпиадаға 60-қа жуық бала қатысуда. Ресей мен Қырғыз елінен келген оқушылар «Қазақ мектептерінің болмауы себепті қазақ тілін ұмытыңқырап бара жатырмыз. Тек жанұямызбен ғана ана тілінде сөйлесеміз», дейді.

Қытайдан келген балалардың жетекшісі Қозыхан Сабырұлы «Жастардың Қазақстанға келіп, білім алуы қиындау болып тұр. Қара шаңырақтан келіп білім нәрімен сусындап, балалардың ана тілін жетік меңгеріп, терең білулері үшін барлық мүмкіншілікті қарастыруымыз керек», дейді.

Дүниежүзілік қазақтар қауымдастығы төрағасының орынбасары Сұлтанәлі Балғабаев Ресей, Өзбекстан, Түркіменстан елдерінде қазақ тілінің қолданылу аясының жыл өткен сайын төмендеп бара жатқандығын айтады. «30-40 елде қазақтар тұрады. Мысалы, Ресейде 1 милионға жуық қазақ бар. Солай бола тұрса да қазақ мектептерінің саны жоққа тән. Қазақ балаларының 90 пайызы орысша оқиды, сол себептен де олар тілді ұмытуға айналды. Ал Өзбекстанда қазақ мектептері баршылық. Бірақ, жыл өткен сайын олардың саны азаюы да мүмкін. Оған себеп- Өзбекстанның латын алфавитіне көшуі», дейді.

Ресей Федерациясының Алтай Республикасы, Қосағаш ауданынан келген «Мирас» қазақ мәдени орталығының төрайымы Бесайдар Алашқызы «Қазақ тілі» пәнінің қиындық тудырып отырғандығын айтады. Сонымен қоса, «олимпиада жыл сайын ұйымдастырылып отыратын болса, біз қазақ тілін жетік білетін балаларды ұялмастан әкелуіміз үшін мұғалімдеріміздің білімін жетілдіруіміз керек. Сол жағынан Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігі қолдау көрсетсе», дейді.

Әр елден келген дарынды оқушылар ата жұртында қалып, Қазақстанда білімдерін жалғастырғылары келетіндіктерін айтып отыр. Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігі «Дарын» ғылыми-практикалық орталығының директоры Ділдәш Битуова «Егер осы олимпиадада жоғары көрсеткіштерге жетіп, өзінің шын дарындылығын көрсетіп жататын болса, ондай мүмкіндіктердің тууы мүмкін», дегенді айтты. Қазақ тілі мен әдебиеті пәні бойынша өткізіліп жатқан халықаралық олимпиаданың жеңімпаздары маусымның 25-і күні анықталмақ.
XS
SM
MD
LG