Ал Парламент Мәжілісінің депутаты Асқар Бисенбаевтың пікірінше: «Бүгінгі біздің ауыл шарушылығы өнімін шығаратын азаматтарымыздың бәсекеге жауап бермейтіні барлығымызға айқын. Сол үшін ауыл шаруашылығын мемлекеттік қолдау жөнінде бағдарлама іске асырылуы қажет. Егер қазір ондай дайындық болмастан тіке кіретін болсақ, онда ауыл шаруашлығындағы азаматтарымыз қиналып қалады. Ертең олардың өндіріс орындары қазіргі талапқа сәйкес болмайды. Олар жабылып қалуы мүмкін. Одан кейін шығарылған өнімімізді сатуға мүмкіндік болмайды».
Ал «Ауыл» партиясының төрағасы Ғани Қалиев Қазақстанның әзірге Дүниежүзілік сауда ұйымына кірудің қажеті жоқ, біз ашық бәсекеге төтеп бере алмаймыз дейді.
Қазақстандық сарапшылар, мәселен Қытай мемлекетінің Дүниежүзілік сауда ұйымына кіруі үшін 15 жыл дайындалғанын, ал Қырғыз мемлекетінің ешбір дайындықсыз кіріп, қазір соның зардабын тартып отырғандығын айтады.
Сарапшылардың бірі ғалым, экономист Парламент Мәжілісінің депутаты Ғалым Байназаровтың ойынша, Дүниежүзілік сауда ұйымына кіру қазіргі заман талабы.
Таяуда Астанада өткен Еуразиялық экономикалық қауымдастыққа мүше мемлекет басшыларының бас қосуында Беларусия президенті Александр Лукашенко дүниежүзідік сауда ұйымына кіруге талпынған мемлекеттер келіссөздерді әркелкі жүргізбей, бір бағытта жүргізіп, бір уақытта кіруін қалар едім деген ойын айтқан болатын.