Accessibility links

Қазақстанда «жасылдар» партиясы құрылуы мүмкін


«Жасыл ғаламшар үшін» республикалық қоғамдық қозғалысының жетекшілері экологиялық партия құру туралы шешім қабылдап отыр. Бұл туралы құрылғалы жатқан партияның жетекшілері Мұсағали Дуамбетов пен Игорь Максимов Павлодар облысында журналистермен болған кездесуінде мәлімдеген еді.

Экологиялық партияның құрылуы саясаткерлер және жұртшылық өкілдерінің әртүрлі пікірін туғызып отыр.

Естеріңізге сала кетейік, бүгінде Қазақстанда мемлекеттік тіркеуден өткен 12 партия бар. Оның соңғысы осы аптаның басында құрылған еді.

Бұл орайда аты және заты ұқсас партиялардың құрылуына алаңдаушылық білдірушілер де бар.

«Жасыл ғаламшар үшін» республикалық қоғамдық қозғалысын партия етіп құрғалы жүргендер Парламентте өз өкілдерінің болуын қалайды.

«Азаттық» радиосына берген сұхбатында аталған қозғалыстың жетекшісі Мұсағали Дуамбетов осы ойымен бөлісті.

Ал, бұған дейін «жасылдар» партиясын құру туралы мәлімдеген эколог Мэльс Елеусізов атауы ұқсас партиялар құрылып жатса ол жұртшылыққа түсініксіз болады деген пікірде. Сондай-ақ ол құрғалы жатқан партияның ұйымдастыру жұмыстары жүріп жатқанын, оның біразға созылатынын және қаржылық қиындықтардың барын айтты.

Ал, «жасыл ғалам шар үшін» партиясын құрғалы жүргендердің бірі Мұсағали Дуамбетов, Мэльс Елеусізов құрғалы жатқан партиямен болашақта бірігу мүмкіндігін жоққа шығармайды.

«Ақжол» партиясының тең төрағасы Алтынбек Сәрсенбаев Қазақстанда салалық партиялардың құрылуын құптамайды. Ол салалық партияларды құру ұмтылысын саяси партиялардың қоғамның негізігі тірегі бола алады деген пікірді жоққа шығару үшін әдейі істеліп жатқан шаруалар, дейді Парламент Мәжілісінің экология істері және табиғатты пайдалану жөніндегі комитетінің хатшысы, депутат Мырзагелді Кемел мұндай салалық партияның құрылуын қолдайды. Биліктің әр салаларына ықпал жасап, экологияны жақсартатын шараны бүгіннен қозғау қажет, дейді.

Ал, Қазақстанның ұлттық экологиялық қоғамының қоғамдық бақылау істерінің төрағасы Асылхан Артықбаев аталған партияның құру ісі науқандық шара деген пікірде. «Сайлау біткеннен соң ешкімге керегі жоқ дүние болып қала деп ойлаймын. Дүниежүзілік гранттардың көбісі экологияға беріліп жатыр. Жылдағы бағасынан гөрі 2 миллион долларға дейін сайлау науқаны көтеріліп жара жатыр. Ақшаны сайлау науқанына жіберіп құрта ма деп ойлап жүрмін», дейді.

Ал, тағы бір эколог Молдағали Масханұлы құрылғалы жатқан партияны парламентпен қоян-қолтық жұмыс жасайтын және қолдау табатын мемлекет деңгейінде мүддені құлшындыратын партия болады деп ойлайды.

Деректерге қарағанда, Қазақстанда экология мәселесімен айналысатын 360 қоғамдық ұйым бар екен. Кейбір сарапшылар бұл ұйымдар бірігіп экология проблемасымен бірлесе жұмыс жасауы қажет деген пікір айтуда.
XS
SM
MD
LG