Accessibility links

Қазақстанда «Мемлекеттік тіл» қоғамдық қозғалысы құрылды


Бірқатар қазақ зиялылары мемлекеттік тілдің қазіргі жағдайы сын көтермейді және оған соңғы кезде қысымшылық көбею үстінде деп отыр. Олардың ойынша, қазақ тіліне деген жоғарғы билік көзқарасының саяси сипаты басым болып барады дейді. Сондықтан да «Мемлекеттік тіл» қоғамдық қозғалысын құрып, ана тілінің бүгінгі тағдырына орай президентке, парламентке үндеу жолдайтындықтарын мәлімдеп отыр.

Қазақстан тәуелсіздігін алғалы он үш жыл өткенімен мемлекеттік тіл мәселесі өркен жая алмай келуіне жоғары биліктің бұған саяси құрал ретінде қарауында дейді бір топ қазақ зиялылары.

Бірқатар ақын-жазушылармен бірге тізе қосқан қазақтілді БАҚ басшылары соңғы кезде мемлекеттік тілге деген немқұрайдылықтың көбейіп бара жатқанын айтады. Олардың дерегінше, қалалардағы қазақ мектептерінің үлесі барлық қала мектептерінің 27,3 пайызын құрайды. Кәсіптік білім беру саласындағы мемлекеттік тілде оқитындардың үлесі – 22, орта арнаулы орындарда – 35, жоғарғы оқу орындарында – 32 пайыз екен. 1996 жылы Қазақстанда 1081 қазақ бала бақшасы болса, 2002 жылы 302-ге дейін азайған.

Енді осы мәселемен нақты айналысуға ешқандай мекеме ықыласты емес дейді «Мемлекеттік тіл» қоғамдық қозғалысын құрушылар. Аталған қозғалыстың бес бірдей төрағасының бірі болып сайланған депутат Амангелді Айталы қозғалыстың құрылуын ана тілдің мүшкіл халімен түсіндірді.

Ал осы қозғалысты құрушылардың бірі, академик Төрегелді Шарманов қазақ тілінің саяси ойындарға айналып келгенін айтады.

Алайда саясаткер Дос Көшім бұл қозғалыстың өміршеңдігіне күдік білдіреді.

Дегенмен депутат Нұрбах Рүстемов қазақ тілінің тағдырына аталған қозғалыс араша болуға тиіс деген пікірін білдірді.

Сөйтіп, «Мемлекеттік тіл» қоғамдық қозғалысын құрушылар 17 адамнан тұратын төралқа мүшелері мен 5 адамнан сайланған төрағаларын бекітті. Президентке, парламентке және халыққа арнаған үндеулерін талқылап, оны тиісті орындарға жолдайтындықтарын жеткізді.
XS
SM
MD
LG