Accessibility links

Баспасөзге шолу. 06-30-2004


Сайлау алдындағы белсенділік арта түсуде. Қазақстанның коммунистік партиясының бұрынғы мүшесі Борис Сорокинді депутаттық мандаттан айыру мәселесі газеттерде кеңінен талқыланды. Сонымен бірге Президенттің саяси мәселелер бойынша кеңесшісі Ермұхамет Ертісбаев “Ақ жол” партиясына қарсы келесі мақаласын оқырмандар назарына ұсынады.

Президенттің саяси кеңесшісі Ермұхамет Ертісбаев Қазақстанның демократиялық “Ақ жол” партиясының қызметіне наразылығын білдіруін жалғастырады.

“Экспресс К” газетінде жарияланған “Сана мен ақиқат өтірік пен жалаға қарсы” атты бұл жолғы мақаласына “Эпоха” газетіндегі бірқатар қоғам қайраткерлерінің бұл партияға қарсы ақпараттық шабуылды тоқтату мақсатында жасаған үндеуі негіз болыпты. Ертісбаев мырза үндеуде айтылғандай, “Ақ жол” партиясы “өзінің байыпты және конструктивті ұстанымымен ерекшеленеді” деген пікірмен келіспейтіндігін тілге тиек етеді. Ол “Ақ жол” партиясы теңтөрағаларының мәлімдемелерін “ойсыз, жеңілтек, зұлым пиғылда және мүлдем конструктивті емес” деп сипаттайды. Бұл тұжырымға айғақ ретінде партия тетөрағасы Алтынбек Сәрсенбаевтың “Отан” партиясына 300 мың адамды мал сияқты айдады” деген сөзін келтіреді. Жалпы Президент кеңесшісі бұл мақаласында Алтынбек Сәрсенбаевқа айрықша шүйлігіп, оған “өзіне бағынышты газеттер арқылы ұзақ уақыт бойы депутаттарды, әкімдерді, президент әкімшілігінің жауапты қызметкерлеріне жала жауып, қаралаумен айналасып отыр” деген айып тағады.



“Айқын” газеті “Шоу жалғасуы керек” деген мақаласында Алтынбек Сәрсенбаевтың уәждерін келтіре отырып, Қазақстанның саяси алаңындағы ақпараттық соғыс жалғасын табады деп нобайлайды. “Ақ жол” партиясының келесі бір теңтөрағасы Болат Әбіловтің есімі бұрынғы коммунист Борис Сорокинді депутаттық мандаттан айыру оқиғасымен қатар ауызға алынады. “Литер” газеті тыныштықты бұзушыны осыдан бірнеше жыл бұрын парламентке партиялық тізіммен енген Болат Әбіловті депутаттық мандаттан айыру үлгісінде парламенттен шығармақшы болғанын баяндайды. Егер естеріңізде болса, Болат Әбілов “Отан” партиясынан шығарылғаннан кейін бірнеше күн ішінде парламент шешімімен бірден депутаттық мандатын жоғалтқан. Мақала авторы бұл орайда екі жақтан да бұлыңғыр аргументтер айтылғанына назар аударады. “Алайда, Борис Сорокиннің “Қазақстанның коммунистік партиясы қызметінің қаржылық тұстарын әшкерелейін бе?” деген құйтырқы сауалы оның әріптестерінің аптығын басып, бұрынғы коммунисті жайына қалдырды”, - дейді газет тілшісі.

“Егемен Қазақстан” газеті бұл мәселенің мән-жайын егжей-тегжейлі баяндай отырып, Сорокиннің Орталық сайлау комиссиясына келіп, партия съезі болып өткенше депутаттығынан айыру мәселесін көтермей тұруды сұрағанын айтады.

Ал “Айқын” газеті қай жақтың нанымырақ болғаны дауыс беруден соң байқалды деп есептейді. Газет мәліметтеріне қарағанда, құпия дауысқа салу қорытындысында 43 депутат жақтап, 5 –уі қарсы шығып, Сорокин депутаттық мандатын сақтап қалыпты”. Ал жуырда тіркеуден өткен Қазақстанның коммунистік халықтық партиясы еш кедергісіз облыстарда филиалдарын ашып жатқандығын баяндайды газет тілшісі Нұргүл Жүсіп.

Оның айтуынша, “бірінші компартияға қарағанда, соңғыларының жолы ашық екендігі білінеді. Тіркелер-тіркелместен мүшелер санын толтырып алды. Кеңеселері де дап-дайын”, - дейді газет тілішісі. Оның айтуынша, “сайлау алдында санаулы уақыт қалағанда өмірге келген косаревтықтар 12 жас үлкендігі бар аттастарымен арпалысқа түсетінін аяқтан тұрмастан байқатып жатыр”. Алайда мақала авторы жаңадан құрылған бұл компартияда белгілі беделді тұлғалардың жоқ екендігіне назар аударыпты.

AzattyqTV

Аудиоподкаст

XS
SM
MD
LG