Accessibility links

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев Еуразиялық елдер ықпалдастығы - жаһандану сынақтарына берілген жауап болады дейді.


Маусымның 30-ында Қазанда Лев Гумилев шығармашылығына арналған халықаралық конференцияда Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев жаһандануға қатысты пікірлерін білдірткен. Оның айтуынша, соңғы он жылдықта әлемде күрделі өзгерістер болып, жаһандану үрдісі күшейе түсті. Ал, Еуразиялық елдер ықпалдастығы - жаһандану сынақтарына берілетін жауап бола алады. Философия ғылымының кандидаты Мұртаза Бұлтайдың ойынша, Еуропа мемлекеттері қосылып жатқан шақта Қазақстанға жаһанданудан қашпау керек. Бірақ, бұл тұста белгілі бір ымыраға баруға тура келеді дейді Мұртаза Бұлтай.

-Қазір Еуропа мемлекеттері бұған Түркия мен Израилді қосыңыз жүздеген жылдар бір бірімен соғысқан болсада интеграциялық процестерді дамыту арқылы ортақ күшке айналып отыр.

Назарбаевтің пікірінше, Еуразиялық кеңістік елдерінің ықпалдасуы бұрынғы кеңестік елдердің әлемдік жүйеге еніп, дамыған елдермен бәсекелесуіне мүмкіндік береді. Мәселен, осы уақытқа дейін, Еуразиялық экономикалық қауымдастық ауқымында жасалған халықаралық шарттың 57-сі бүгінде күшіне еніп отыр. Сондай-ақ, біртұтас экономикалық кеңістігін құру мәселесіне тоқталған Қазақстан Президенті, бірлестік құру жұмысы Гумилевтің идеяларына негізделген ықпалдастықтың үлгісі екенін атап көрсетті. Филология ғылымының докторы Диқан Қамзабекұлы, Гумилев идеясымен қазіргі саясаттың байланысы бар екендігін айтады.

-Мына ғылыми әдебиеттерде қатып қалған ештеңе жоқ негізі. Сондықтан Гумилевтің идеясын бүгінгі күнде біздің саясатшылар өз керегіне жаратып жатса оның арасында байланыс жоқ деп айтуға болмайды.

Бұған дейін, Назарбаев саяси және философиялық көзқарастарды былай қойғанда, Еуразиялық одақ прагматикалық жағынан одаққа кірген барлық елдерге тиімді. Себебі әр елде, жұрттың әл-ауқатын көтеретін ресурстар көп,-деп мәлімдеген. Саясаттанушы Берік Әбдіғалиевтің пікірінше, бұл одақтың осал тұстары да бар. -Ең бастысы саяси егемендігімізді жоғалтпау. Тәуелсіздігімізді әр қашан ойда ұстап тұру керек. Өйткені, үлкен мемлекеттер өзінен кіші мемлекеттерді басып, жалпы рухани, сыртқы саяси экспансия жүргізеді де, жаңағы мемлекеттер оған байланысты болып қалады. Сөйтіп, тәуелсіздік саясатын жоғалтуы мүмкін. Қазіргі Еуразиялық экономикалық қауымдастық ұйымы бұрыңғы кеңес одағы территориясындағы ең тиімді одақ,-деп санайтын экономистер бар. Өйткені, онда тарифтердің 65 пайызы келісілген. «Асар» партиясының өкілі Парламент депутаты Светлана Жалмағанбетованың ойынша, Еуразиялық одақтың тиімді тұстары басым. -Еуропа, бөлек мемлекеттер болса да қазір бірігіп жатыр. Өйткені, әр бір мемлекеттің экономикасы басқа мемлекеттерге байланысты. Оның ішінде, біз қазір бір жағынан Қытай, бір жағынан Ресейдің арасындамыз. Сондықтан, біз Ресейден қорықпауымыз керек. Бұған дейін, Назарбаев: «Ресей үлкен мемлекет, олар өз тауарларын ішкі нарықта сатып-ақ экономикалық көрсеткіштерін көтере алады. Ал, Қазақстан үшін, одақ қажет»,-деген болатын. Халықаралық «Хельман-Хеммат» сыйлығының лауреаты Кәрішал Асановтың пікірінше, одақ құру туралы ұсынысты Назарбаевтан басқа адамдар жасаған. -Бұл ұсыныс Назарбаев емес, Ресей басшылары сен айт деп бұған тапсырып, сол арқылы айтып отырғаны көрініп тұр. Анау орыстар айтса, империялық ұсыныс екені бірден түсінікті болып қалады. Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың пікірінше, о баста қазіргі Еуроодақ іспеттес, Еуразиялық одақ құру ұсынысы болатын. Бірақ, олар бұл ұйымды құру үшін олар 50 жыл уақытын өткізді, ал біздің ортақ тарихымыз, экономикамыз, ортақ тіліміз бен ақшамыз бар деген болатын. Филология ғылымының докторы Диқан Қамзабекұлының пікірінше, жаһанданудың пайдасы да зияны да бар. -Шекараның ар жақ, бер жағында түрік тілдес халықтар отыр, солар біртіндеп тартылуы мүмкін. Жалпы, саясаттың әліппесі сондай, кім мықты соған қарай бұрылады халық. Бір ғана сақтанатын жер бар, біз өзіміздің тәуелсіздігіміздің көп атрибуттарын қалыптастыра алмадық, мысалы тіл. Бірқатар қоғамтанушылар ықпалдастықтың түбінде экономика жатқандығын айтады. Бұл тұрғыда Нұрсұлтан Назарбаев жаһанданудың үлкен үлгісі болып табылатын әлемдік сауда ұйымына қосылуды көздеп отырғандығы белгілі. Әзірге Қазақстан президенті көршілес елдермен тауарайналымды ұлғайтуды жоспарлаған. Осы мақсатта шілденің 1-інде Қазақстан Президенті Башқұртстан Республикасына аттанды.
XS
SM
MD
LG