-Шартты мерзімді өтеудің өзіндік қағидалары бар. Ол белсенді саяси қызметіңе кедергі келтіреді. Мен шет елге шыға алмай қалдым. Алматының аясынан шығатын болсам да полициядан барып рұқсат сұрауым керек. Осы күні шет елдің үш халықаралық конференциясына бара алмай отырмын. ОБСЕ-нің парламенттік ассамблеясы ұйымдастырған конференцияға бара алмадым. Мен онда Қазақстандағы демократиялық күштердің атынан баяндама жасауым керек еді. Сондықтан ҚР заңдарына сәйкес мерзімнің жартысы өткеннен кейін, Медеу аудандық инспекциясының комиссиясы арнайы өтініш жолдады.
Алайда шілденің 7-сі күні болған Алматы қалалық соты Әміржан Қосановтың өтінішін қанағаттандырған жоқ. Судья Тілеулес Нәкісбеков Медеу аудандық сотының шешімін күшінде қалдырып, шешімге қанағаттанбаған жағдайда 7 күн ішінде шағымдануына болдатындығын жеткізді. Ал аталған мәселеге байланысты заңгер Алмас Жұмағали мырза былайша түсінік береді.
-Шартты түрде бас бостандығынан айыру дегеннің өзі оған берілген сын. Ал жүріп тұру ережесі нақты әкімшілік органмен соның ішінде ішкі істер бөлімінің қадағалауымен ғана жүзеге асады. Әлбетте бұл жағдайды шешуге болады. Шартты түрде бас бостандығынан айырылушы адам қайда жүр соны айтып отырса болады. Ал шартты мерзімді қысқарту заңда қарастырылмаған.
Алматы қалалық соты шешіміне қанағаттанбаған Әміржан Қосанов алдағы уақытта тағы да жоғарғы сотқа өтініш түсіретінін айтты.