Accessibility links

ОБСЕ Орта Азия елдерінің полиция қызметкерлерін оқыту-үйрету шараларын жүргізуде


Орталық Азияда полицияны әдетте жақсы атамайды, оларды ұйымдасқан қылмыс ордасы, адамдарға айуандықпен қарайтын қатыгездер деп біледі. Сондықтан да Европадағы қауіпсіздік және ынытмақтастық ұйымы осы саланың жұмысын жақсарту, жетілдіру шараларын қолға алған. Венада орын тепкен бұл ұйым Орталық Азияның полиция күштеріне қылмыспен күрес жүргізудің тәсілдерін үйретіп, көп адам жиналған жерде азаматтармен қалай жақсы қарым-қатынаста болудың әдістерін оқытып-үйретуде.

Өкінішке қарай, Орталық Азия мемлекеттерінде бұрынғы милиция қазіргі полицияны азаматтар қорғаушым деп емес, қорлаушым деп білетін жайттар көп кездесетіндігі рас. Полицияны көрсе көп жұрт қылмыскерді көргеннен бетер олардан аулақ жүруге, тіпті солардың көзіне түспеуге тырысатындығы бесенеден белгілі. Былайша айтқанда көп ретте Орта Азия елдерінде полицияның өзін тәртіпке шақыру қажет болады. Әңгімеміздің басында осы айтылғандарға дәлел болатын мына бір мысалға назар аударсақ. Бұл Қырғызстанның Ақсы аймағында 2002 жылдың наурыз айында болған наразылық шеруіне қатысушылардың бірінің айтқаны:

-Біз жиналып тұрғанда жанымызға Тұрсынбек Ақынұлы келіп қалды. Ол микрофонды сұрап мен елге қайрылып сөйлейін деп еді, полицияның бірі келіп қалып, оны көтеріп алып кетті. Одан кейін оқ атылып, топалаң болып кетті, одан кейін не болғанын білмеймін.

Міне 2002 жылдың наурызында Қырғыз елінің оңтүстігіндегі Ақсы ауданында шеруге шыққан бейбіт жұртқа полицияның оқ атып тоқтатпақшы болған әркеттерінен адам қазасы орын алған қайғылы жайды көзбен көрген Аширова деген куәгер осылайша сол ауыр күндерді еске алады. Демонстрацияға қатысушылардың жергілікті басшыларын қолдаймыз деп қарсылық акциясын өткізгеніне қарсы полицияның оқ атып, қатыгездік, айуандық істерге баруы бүкіл халықаралық қауымдастықтың назарын бірден аударған болатын. Көп жұрт мұның сыртында саяси астардың да бар екендігін аңғарған болатын. Сол Ақсы оқиғасында екі күн ішінде ең кемінде 5 адам қаза тауып, тағы бірнеше адам жараланған болатын.

Қырғызстанның ішкі істер министрі Темірбек Ақматалиев полиция демонстранттарды тоқтату үшін оқ атуға мәжбүр болды, өйткені ол кезде министрлікте шерушілерге қарсы қолданатын резина тоқпақтар мен көзден жас ағызатын газ болған жоқ деп түсіндірген болатын. Міне осы Ақсыдағы төтенше оқиға полиция тәрізді қоғамдық тәртіп саласына жедел түрде реформа жасау қажеттігін көрсетіп берді.

Тіпті қоғамдық тәртіп сақтау өкілдерінің азаматтармен күнделікті қарым-қатынасының өзінде де көптеген өзгерістер жасау мәселесі күн тәртібіне шықты.

Қырғызстан ғана емес Орта Азияның өзге елдерінде де полицияның материалдық жағдайлары қазіргі заман деңгейінен кейін қалған деуге болады. Өзіңіз байқасыңыз, полиция азаматтардан түсіп жататын күнделікті арыз -өтініштерден бастап, барлық іс қағаздарын бұдан 20 -30 жыл бұрынғы тозығы жеткен машинакаларда басып отырады. Компьютерлік техинка дегеніңіз атымен жоқ.

Орталықтандырылған дерек маліметтер сақтау жүйесі орнықпаған. Мінеки айта берсек, бұл тізімді жалғастыра беруге болады.

Ричард Монк – Европадағы қауіпсіздік жане ынтымақтастық ұйымының бас полиция кеңесшісі және Орталық Азия мен Грузияда, Македонияда оқыту-үйрету шараларын жүргізуші тұлға. Оның да пікірін де таныссақ:

-Сіздер ұзақ мерзімдік реформалар мен келешекке арналған бағыттар жайында ойлауларыңыз керек. Бұл тек айтып қоя салатын мәселе емес, біз сіздерге бірқатар күрделі жабдықтар, сот-медициналық құралдарын беретін боламыз. Оларға тіпті кәдімгі орындықтардан бастап, стол, кітап, оқу құралдарына дейін аса қажет,-дейді ол.

Әрі қарай да Монктың айтарына құлақ қойсақ, ол айтады, стол, орындық дегендер маселенің басы ғана. Шындығында Орта Азия елдерінің полициясына күрделі деген аймақтық проблемалармен, атап айтқанда есірткі контрабандасы, адам саудасымен қалай күресу жолдарын оқыту қажет дегенді алға тартады. Сондай-ақ жергілікті халықтың сенімінен шығу үшін қандай шаралар жүргізу керектігіне де үйрету қажет болады, әрине бұл оңай міндет емес дейді Скотланд Ярдтың бұрынғы детективі Монк. Европадағы ынтымақтастық жане қауіпсіздік ұйымының бұл сөз болып отырған жобасы Қырғызстанда 2003 жылдың тамыз айында басталған және Орта Азияның басқа да елдеріне ол тәжірибелік жоба ретінде таралып отыр.

18 айға жалғасатын бұл жобаның өзіндік құны 3,6 миллион евро тұрады екен. Бірақ Монктың сөзіне қарағанда ,бұл қаржы тым аз, жеткіліксіз көрінеді. Оның айтуынша, бұл бағдарлама Орта Азияда ең кемінде үш жылға созылады жане оған жоқ дегенде 5 миллион евро қажет болады екен. Сондықтан да Монк Европадағы қауіпсіздік жане ынтымақтастық ұйымының аталған жобаны әрі қарай да қаржыландыруға келісіп, Қырғызстанда тағы 18 айлық оқу бағдарламасын жүргізуге мүмкіндік жасайды деп үміттенетіндігін айтқан. Жақында Европа одағы бірқатар бағдарламаға қолдау көрсету үшін 1 миллион евро бөлетіндігі жайында жариялаған болатын.

AzattyqTV

Жаһан жаңалықтары

Жээнбеков кім?

XS
SM
MD
LG