Accessibility links

ТМД басшылары Еуропадағы ынтымақтастық және қауіпсіздік ұйымының атына сыни хат жазды


Шілденің 8-күні Венада өткен Еуропадағы ынтымақтастық және қауіпсіздік ұйымының тұрақты отырырысында Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы (ТМД) елдері басшыларының жазған хаты оқылды. Ол хат шілденің 3-күні Мәскеуде өткен ТМД мемлекеттері басшыларының биресми кездесуінде жазылған. Ол арыз хатта Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының жұмысы соңғы кезде саяси сипат алып бара жатқандығы жазылған. Алайда аталған хатқа Грузия мен Молдова мемлекеттерінің басшылары қол қоюдан бас тартқан.

ТМД елдері басшыларының Еуропадағы қауіпсіздік және ынтмақтастық ұйымына жазған хатында «Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы 1975 жылы Хельсинки қаласында қол қойылған қорытынды актісінің, 1990 жылы Парижде қол қойылған жаңа Еуропалық Хартияның және 1999 жылы қол қойылған Еуропалық қауіпсіздік Хартиясының негізгі талаптарын орындамай отыр» деп мәлімдеген. Онда сонымен қатар дербес мемлекеттерді, сыйлайды, олардың ішкі жұмысына араласпайды деген Хельсинки қағидаларының негізгі баптары орындалмай отырғандығы айтылған. Аталмыш хатта, Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының қауіпсіздік жағынан бақылау жұмыстарында да үлкен айырмашылықтар бар екендігі аталып көрсетілген. Онда әскери-саяси, экономикалық, экологиялық жағынан гөрі гуманитарлық жағына көбірек мән беретіндігі жазылған. «Гуманитарлық саланы негізге ала отырып, Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы адам құқықтары мен демократиялық институттарының құрылуына көбірек мән беріп осы саланы қатты сынға алады», – деп жазылған аталмыш хатта. Бұл жағдайда мемлекеттердің жеке мүдделеріне мән бермейді дейді. ТМД мемлекеттерінің басшылары Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының алдағы күн тәртібінде мынадай мәселелердің тұруы жөн деп есептейді. Ол ОБСЕ-нің негізгі атқаратын жұмыстары тепе-теңдікті сақтап, әскери-саяси, экономикалық және экологиялық бағыттағы үш өлшемнің рөлін күшейту керектігі айтылған.

Ал ТМД мемлекеттері басшыларының жазған хатына Еуропадағы қауіпсіздік және ынтмақтастық ұйымының өкілдері қандай баға беріп отыр?! Осыны білу үшін ОБСЕ-нің Алматыдағы өкілдігіне хабарласқанымызда, олар ТМД мемлекеттерінің басшылары жазған хаттан хабардар екендіктерін, алайда оған ешқандайда түсініктеме бере алмайтындықтарын айтып, ұйымның бас штап-пәтері – Венаға хабарласуымызды сұрады.

Венадағы Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының ақпаратпен байланыс бөлімінің қызметкері Михаил Евстафиевке хабарласқанымызда, оның бірінші тамызға дейін демалыста екендігін айтты.

Ақ қазақстандық сарапшылардың пікірін сұрағанымызда, саясаттанушы Әзімбай Ғали бұл хат Қазақстанға қатысты болмауға тиіс деген пікірін білдірді. «Шындап айтсақ, Қазақстанда демократияландыру қарқынды жүріп жатыр. Сондықтан ОБСЕнің дәл қазір Қазақстанға пәлендей өкпесі жоқ. Ал Өзбекстандағы, Түрікменстандағы жағдайлар мүлдем басқаша. ОБСЕ тарапынан үлкен талаптар Ресейге қойылып жатыр. Сондықтан осылармен бірге Қазақстан басшысы да қол қойып жіберген шығар», – дейді Әзімбай Ғали.

Әзімбай Ғалидың айтуынша, Президент ОБСЕ-нің талаптарын орындап отыр. Ал Қазақстанның Демократиялық таңдауы партиясының жетекшісі түрмеде оытрған Жақияновқа жақын арада жеңілдік жасауы мүмкін деген ойын білдірді.

Ал саясаттанушы Бөріхан Нұрмұхаммедовтің пікірінше, ТМД мемлекеттері басшыларының жазған бұл хаты дұрыс емес. «Егер бұл хатты жеке Қазақстанның басшылықтары жазатын болса дұрыс. Ал басқа мемлекеттердің бұл хатты бір топ болып жазғаны дұрыс емес. Неге десеңіздер, Қазақстанның Өзбекстанға, Түрікменстанға қарағанда жағдайлары басқаша. Менің ойымша ТМД-ның әрбір мемлекеті өздерінің ойларын, ұлттық мүдделері барысындағы жұмыстарын істеп жатыр.

Саясаттанушы Бөріхан Нұрмұхаммедовтің ойынша, бұл хаттың астарында Ресей мемлекетінің ТМД елдеріне үстемдік құру саясаты жатыр.

ТМД елдері басшыларының Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының атына жазған хатынан кейін Ресейдің Интерфакс ақпарт агенттігінде Ресей Сыртқы істер министрлігінің «Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының жұмысы реформалануы қажет» деген ресми мәлімдемесі жарық көрді.
XS
SM
MD
LG