Accessibility links

Өзбекстан үкіметі адам құқықтарын өрескел бұза бергендіктен АҚШ көрсетілетін көмектерін тоқтата тұруға шешім қабылдады


Америка тарапы Өзбекстанның әскери әуе базаларын террорлық әрекеттерге қарсы күресте қолданып келе жатқаны белгілі.

Сейсенбі күні АҚШ мемлекеттік департаменті өкілі Ричард Баучер Өзбекстанға көрсетілетін 18 миллион доллар қаржы шамасындағы көмекті АҚШ тарапының тоқтатып отырғандығын хабарлады. Себеп - бұл ортаазиялық елде демократиялық қадамдардың алға баспай отырғандығы. "Хьюман Райтс Уотч" ұйымының Брюссельдегі өкілі Ванесса Сейнен бұл жөнінде былай деген болатын:

-Өзбекстанға көрсетілетін көмектің тоқтатылғаны жөніндегі АҚШ мемлекеттік департаменті хабарын біз қызу қуаттаудамыз. Себебі адам құқықтарының қорғалуы саласында Өзбекстан өте нашар дәстүрге ие ел.

2002-ші жылдың соңына қарай БҰҰ-ы өзбек түрмелерінде тән және жан азабын көрсету тұрақты құбылысқа айналып барады деп дабыл қаққан болатын. Шын мәнінде, содан бергі кездің өзінде өзбек түрмелерінде өте түсініксіз жағдайда тұтқындар қаза болып жатты. Құқыққорғаушы ұйымдар мен жекелеген елдердің үкіметтері ресми Ташкенттің радикалдық бағыттағы исламдық топтарға қарсы жүргізіп келе жатқан науқанына, бірнеше мыңдаған бейбіт мұсылмандардың қамауға алынуымен жалғасуына алаңдаушылық білдіріп отыр. Сондай -ақ, бақылаушылардың айтуынша, желтоқсанға белгіленген парламенттік сайлауларға үміткер ретінде бірде-бір шынайы оппозициялық партия тіркелмеген екен.

Өткен жылы Америка Құрама Штаттары Өзбекстанға 86 миллион доллар көмек көрсеткен болатын. Лондонда орналасқан "Джейнс" сараптау тобының сарашысы Алекс Ватанканың пікірінше, тоқтатылған бұл көмек қаржысының өзбек үкіметіне әсері тым мардымсыз болмақшы. Дей тұрғанмен, ресми Вашингтонның бұл қадамының өзбек жеріндегі проблема жөнінде дабыл қағуының өзі символдық мәнге ие болып отыр. Ал, "Хьюман Райтс Уотч" ұйымының өкілі Сейнен ханым болса мұндай қысқартулардан кейін осындай қысым одан әрі өзгелер тарапынан да жалғасып, нәтижесінде өзбек үкіметінің саясатында оң өзгерістердің туындауына алып келуі мүмкін деп отыр.

Қысқартылған қаржы Өзбекстанның қару-жараққа байланыссыз әскери мақсаттарға және кейбір экономикалық бағдарламаларға қатысты салаларға тиесілі екен. Ал, демократиялық бағыттағы топтарды қолдау мен денсаулық сақтау саласына және басқа да қайырымдылық салаларына қатысты қаржылар бұрынғысынша көмек ретінде ұсыныла беретін болады. Өзбекстан сыртқы істер министрлігінің өкілі бұл қадамның екі ел қарым-қатынасына кері әсерін тигізбейтінді деп айтты. АҚШ мемлекеттік департаменті де террорлық әрекеттерге қарсы күресте Өзбекстанның өздері үшін маңызды әріптес екендігін, сондай-ақ екі елге ортақ талай стратегиялық мақсаттың бар екендігін ортаға салып отыр.
XS
SM
MD
LG