Accessibility links

Теміржолдағы жүк тасымалдау тарифінің өсуіне бірқатар компания наразылық білдіруде


10 шілдеде «Қазақстан теміржолы» ұлттық компаниясы Қазақстандағы барлық жүк тасымалымен айналысатын мекемелерге 20 шілдеден бастап теміржолмен жүк тасымалдаудың бағасы артатындығын ескерткен болатын. Алайда, бұл қадаммен Жұмыс берушілердің конфедерациясы, Тасымалдаушылар қауымдастығы, «Қазақмыс» АҚ және «Қазфосфат» АҚ сынды бірқатар компаниялар келіспейтіндіктерін білдіріп, аталған мәселеге үкімет басшысының назар аударуы қажеттігін айтып отыр.

«Қазақстан теміржолы» ұлттық компаниясы бұл қадамға басқа жүк тасымалымен айналысатын мекемелердің мүмкіндігімен санаспастан бірден бетбұрыс жасап отыр дейді бірқатар жүк тасымалымен айналысатын компания өкілдері. Қазақстандағы темір жол арқылы жүк тасымалдау тарифтерін күрт өсіріп жіберу заң шеңберіне сиғанымен, қазіргі жағдайда бұл негізсіз дейді олар. Бұл тек осы салада жұмыс істейтін компанияларға ғана ауыртпалығын салып қоймай, бүкіл Қазақстанның экономикасына салмағын салатындығын айтады. Әсіресе Жұмыс берушілердің конфедерациясы, Тасымалдаушылар қауымдастығы, «Қазақмыс» АҚ және «Қазфосфат» АҚ сынды бірқатар компаниялар өкілдері «Қазақстан теміржолы» ұлттық компаниясының бұл тұрғыдағы саясатымен мүлдем келіспейтіндіктерін жеткізді. Жұмыс берушілер конфедерациясының атқарушы директоры Арсен Оспанов 20 шілдеден бастап темір жолдағы жүк тасымалдау тарифінің 20 процентке өсуі елдегі ішкі өнімнің 2 процентке кемуіне алып келеді дейді. Бұл мәселеге қатысты Алматы қалалық шағын және орта бизнес департаментінің директоры Серік Тұржанов Қазақстан теміржолындағы жүріп жатқан бұл реформада белгілі бір топтар өз мүдделерін ғана көздеп отыр деген көзқарасын білдірді. Тасымалдаушылар қауымдастығының өкілі Лариса Смирнова импорт тасымалдауы бойынша тариф 40 проценттен жоғары өседі дегенді айтып отыр.

Біз осы мәселеге байланысты «Қазақстан теміржолы» Ұлттық компаниясына хабарласқанымызда, мекеменің баспасөз хатшысы Шынар Мәлікқызы бұл шараның заң шеңберінде жүргізіліп жатқанын жеткізді. Енді бұл мәселеге қатысты аталған саланың сарапшысы Марат Бөлекбаевтың пікірін сұрағанымызда, ол бұл қадамның өте сәтсіз екенін айтты.
XS
SM
MD
LG