Accessibility links

Баспасөзге шолу. 07-15-2004


Алдағы сайлау әділ өте ме? Бұл сауал республикалық басылымдардың көпшілігін алаңдатып отыр. Егер газеттердің бірінде Қазақстан президентінің сайлаудың әділ де, ашық өтетіндігіне жаңадан тағайындалған Ақпарат министрі Алтынбек Сәрсенбаевқа кепілдік бергені айтылса, кейбір басылымдарда сайлау басталмай жатып-ақ кейбір оппозициялық депутаттыққа кандидаттарға қысым жасала басталғаны баяндалады. Сонымен бірге сайлауда жеңіске жету үшін билік және оппозиция партиялары блокққа бірігіп жатқандығы да сөз болады.

“Айқын” газетіндегі мәліметтерге қарағанда, президенттің саяси мәселелер жөніндегі кеңесшісі Ермұхамет Ертісбаев сайлауда жеңіске жету үшін өзара блок құрмақ дегенді айтыпты. “Елбасы қысқа мерзімді демалысқа шығардың алдында осындай тапсырма берген көрінеді. Бұл мәселе ресми түде “Отан” партиясының 19-шы шілде күні болатын кезекті съезінде жария болады”, - деп хабарлайды “Айқын” басылымы. Бұл мәселе бойынша Қазақстан коммунистер партиясының басшысы Серікболсын Әбділдин өз пікірін білдіріп, бұл блоктың лидері Дариға Назрбаева болатынын айтыпты. Себебі, оның пікірінше, Парламент сайлауының қорытындысы бойынша Дариға Нұрсұлтанқызы Мәжіліс спикері болуы мүмкін. Сонымен бірге коммунистердің көшбасшысы оппозициялық партиялардың да бірігетінін тілге тиек етіпті. Серікболсын Әбілдин “көптеген партиялар осындай ниет танытып отыр” дегенімен, іс жүзінде Қазақстанның демократиялық таңдауы мен Қазақстанның коммунистік партиясы ғана бірігуі мүмкін екен. Алайда, газет тілшісі мұндай одақтың тиімділігіне күмән келтіреді.



“Ақ жол” партиясының теңтөрағасы әрі Ақпарат министрі Алтынбек Сәрсенбаев “Время” газетіндегі сұқбатында өзінің жаңа қызметіне байланысты бірнеше мәрте президентпен кездескенін тілге тиек етеді. Оның сөзіне қарағанда, әңгімелесу барысында президент алдағы сайлаудың заңға сәйкес ашық және әділ өтетіндігіне кепілдік беріпті. Ал Сәрсенбаев мырза бұл орайда өз тарапынан “Ақ жол” партиясының ұстанымын жеткізген көрінеді.

Оның сөзіне қарағанда, “электронды дауыс беруге кететін миллиардтаған ақшаны әлеуметтік мұқтаждыққа жұмсаған абзал”. “Егер электронды сайлау жүйесі енгізілетін болса, онда әкімдер оның мүмкіншіліктерін барынша пайдаланып қалуға тырысып, ақыры халықтың сенімін жоғалтады”, - дейді Алтынбек Сәрсенбаев.



Ал Қазақстан Республикасының “Жекпе-жек” федерациясының президенті Сабыржан қажы Махметов “Түркістан” газетінде мұндай жаңа бастамаға қарсы еместігін білдіре отырып, “мәселе электронды дауыс беруде емес, халықтың әділ сайлау болатындығына сенбейтіндігінде”, - дейді. Оның пікірінше, “тәсілдер әртүрлі болуы мүмкін. Бірақ соңғы берер жемісі маңызды”.



“Жас алаш” газеті сайлау қарсаңында “Ақ жол” партиясының келесі бір теңтөрағасы Болат Әбіловтің үстінен қылмыстық іс қозғалып, оның бизнесіне шабуыл жасалып жатқандығын хабарлайды. Газет тілшісінің сөзіне қарағанда, “Бутя” фирмасы мен “Бутя капитал” қорын жаппай тексеру басталған. “19 шілде мен 5 тамыз аралығында мәжіліс депутаттығына үміткерлер тіркеледі. Егер осы санаулы күндерде сот ісі Әбіловтің пайдасына шешіліп аяқталмаса, оның сайлауға түсуге мүмкіндігі болмайды”, - дейді “Жас алаш” газеті. Мақала авторының пікірінше, “биліктің сайлауға түсуге дайын отырған кандидаттарды додаға жібермеу жағынан жинаған “тәжірибесі” жалғаса берсе”, парламент халық пен билік алдындағы пәрменінен айрылуы мүмкін.

”Азат” газетінде Дәрібек Өтегенов демокартияның 4 талабы бар екенін айта отырып, солардың бірі әділ сайлау екендігін тілге тиек етеді. “Әрбір сайлаудан кейін оның әділ өтпегені жөнінде жергілікті және халықаралық бақылаушылардың есептерінің күәсі болып жүрміз”, - дейді автор. Оның пікірінше, сайлаудың әділ өтпейтіндігін Еуропадағы қауіпсіздік пен ынтмақтастық ұйымының ескертпелерінен кейін биліктің өзі де мойындай бастаған.

AzattyqTV

XS
SM
MD
LG