Accessibility links

Баспасөзге шолу. 07-16-2004


“Соңғы кезде Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевпен оның үлкен қызы, “Асар” партиясының төрайымы Дариға Назарбаева арасында пікір қайшылығы бар ма? “Ақ жол” партиясының теңтөрағасы Алтынбек Сәрсенбаевтың Ақпарат министрі болып тағайындалуының астарында не жатыр?” деген сауалдар басылымдарды мазаландырып, түрлі болжамдар мен пікірлерге түрткі болып отыр.

“Ассанди таймс” газетінің соңғы санында жарияланған мәліметтерге жүгінсек, “президент әкімшілігіндегілер Нұрсұлтан Назарбаевтың оппоненттерін, оның ішінде “Ақ жол” партиясын жеңгендерін тойлауда”. Мақала авторының сөзіне қарағанда, Сәрсенбайұлын жаңа қызметке келуіне “оның ескі досы Марат Тажин көндірген”. Алайда, газет тілшісі, бұл тағайындаудың астарында басқа нәрсе жатыр деп есептейтін. Оның айтуынша, “Президенттің маңайындағылар “Ақ жолдың” ыдырауын шынайылыққа балап, 2004-ші және 2006-шы жылдардағы президенттік сайлау шешіліп қойған деп есептейді”, - дейді газет тілшісі Дулат Мұсатаев. Оның айтуына қарағанда, “жоғары жақта сайлау кезінде оппозицияны барлық учаскелерде қаралап, президенттік партиялар мен әкімшілік қызметкерлері бүлдіргендерінің барлығын жаңа Ақпарт министрі әрі демокартияландыру бойынша Мемлекеттік комиссияның болашақ төрағасына аудара салуға шешім қабылданып қойған”. “Қазірдің өзінде, газет тілшісінің айтуынша, “премьер-министр бастаған министрлер кабинетінің басым бөлігі мен президент әкімшілігі толығымен оған қарсы”. “Қалай болғанда, Даниал Ахметовтің қысымымен Сәрсенбайұылының саяси мәлімдемесі бастапқы нұсқасымен салыстырғанда әлдеқайда мәмілешіл шыққан”.



Алайда, “Ақ жол” партиясының келесі теңтөрағасы Ораз Жандосов “Айқын” газетіндегі сұқбатында жаңа тағайындалуға байланысты барлық сұраққа “Сәрсенбайұлының мәлімдемесі толыққанды жауап береді деп есептейтіндігін” айтыпты. Ол: “Еліміздегі саяси ахуалға белгілі бір дәрежеде ықпал етуге мүмкіндік туды”, - дейді. Ал президенттің кеңесшісі Ермұхамет Ертісбаевтың “Айқын” газетінде келтірілген сөзіне қарағанда: “министр ақырына дейін адал болғысы келсе, осы екі жарым айға “Ақ жолдағы” тең төрағалығынан кетуі керек”. Оның пікірінше, “Ақпарат министрлігі сайлау кампаниясы кезіндегі басты ведомство”. Сол себептен перзидент кеңешісі: “Ал егер 11 партия наразылығын білдіріп, оның саяси бейтарап болуын талап етсе ше?” деген мәселе көтеріпті. Осы орайда Ертісбаев “Отан” партиясы төрағалық қызметін уақытша тоқтатқан Нұрсұлтан Назарбаев пен “Хабар” агенттіктен уақытша кеткен “Асар” партиясының төрайымы Дариға Назарбаеваны үлгі етіп қойыпты.



“Начнем с понедельника” газеті “Әкесі қызымен араз ба?” деген мақалада соңғы кезде президент Нұрсұлтан Назарбаев пен Дариға Назарбаеваның арасында пікір қайшылығы бар деген әңгіменің тарап кеткендігіне назар аударыпты. Бұл әсіресе Президенттің “Отан” партиясының съезіндегі сөзінде білінген.

Оған қоса Қазақстанның саяси элитасындағы кейбір топтардың ықпалы күн санап күшейіп бара жатқан “Асар” партиясына көңілдері толмайды екен. Мәселен, наурыз айында Атыраудағы “Отан” партиясының белсенділері “Асар” олардың сайлаушыларын өзіне тартып алып жатқандығына шағымданып, президентке ашық хат жолдағанын айтады мақала авторы. “Алайда, “кейбір сарапшылар әке мен қыздың әр түрлі саяси бағытта жылжып отырғанын” растай отырып, “бұл сайлау қарсаңындағы жақсы жоспарланға акция” екендігін айтыпты. Мақала авторының сөзіне қарағанда, бұл көрер көзге ғана арналған керағарлықтың астарында “Асар” партиясына оппозициялық реңк беріп, түптеп келгенде шынайы оппозицияның электоратын тартып алу көзделген деген пікір бар.



Ал “Ассанди таймс” апталығы болса, керісінше соңғы кезде әкесі қызына иек артып отырғандығын жазады. Газет тілшісінің хабарлауынша, “елбасы ақыры бір кесімге келіп, үлкен қызымен одақтасуды ұйғарды”. “Ол Асардың“ жарнамалық пәрмені мен ”Дариға мен Рахатқа тиеіслі медиа-ресурстарды дұрыс бағалаған деген сөз бар”. “Ал қолдау көрсеткенінің құны - парламент мәжілісінің төрағасы орынтағы. Ал одан ел президенттігіне де екі-ақ қадам”, - деп топшылайды “Асанди таймс” газетінің тілшісі Дулат Мұсатаев.

AzattyqTV

Аудиоподкаст

XS
SM
MD
LG