Accessibility links

“Отан” партиясы күзде болатын парламент сайлауында 50 пайыздан аса орынды иеленуді көздеп отыр


Шілденің 21-і күні Астанада өткен мәслихат депутаттарының республикалық форумына қатысқан “Отан” партиясының мүшелері осылай деседі.

“Отан” партиясы төрағасының орынбасары, парламент Мәжілісінің төрағасы Жармахан Тұяқбай алдағы сайлауда осы партияның басым дауыс алатынын жоққа шығармайды:

- Біздің алға қойып отырған мақсат-міндетіміз келесі сайлауда мәжіліс құрамындағы депутаттардың басым көпшілігі “Отан” партиясының мүшесі болады деген үміт. Сол бағытта жұмыс жасап жатырмыз. Алматы облыстық мәслихатының хатшысы Ардақ Сыдықтың айтуынша, облыс көлеміндегі әртүрлі деңгейдегі мәслихаттар депутаттарының 80 пайыздан астамы “Отан” партиясының мүшесі. Ол “Отан” партиясы Мәжілістен 50-60 пайыз орын алады деген пікірде. Ал, “Ауыл” партиясының парламенттік фракциясының мүшесі Серікбай Әлібаев “Отан” партиясының сайлауда басым дауысқа ие болу мүмкіндігін жоққа шығармайды:

- Электронды ақпарат құралдарында, әсіресе үкіметтік ақпарат құралдарынан “Отан” мен “Асардан” басқа үгіт-насихат жұмысын көрмей отырмыз. Оның өзі меніңше, әділдік емес. Ол заңды бұзушылық деп ойлаймын. Облыс, аудан әкімдері болса “Отан” деп жүгіріп жүр.

Қазақстан демократиялық таңдауы партиясының мүшесі, парламент депутаты Зәуреш Батталова “Отан” партиясының мүмкіндігі барына күмән жоқ деген пікірде: - “Сайлау туралы” заңды, қай заңды алмайық билік өзінің пайдасына, мақсатына жету үшін әзірлегенін білеміз. Сайлау заңымен сайлау учаскелерін құрды. Онда отандықтар отыр. Билік басында, әкімшілікте отырғандардың бәрі отандықтар. Сондықтан отандықтар өз адамдарын партияның тізімі және әр округ бойынша өткізуге тырысады. Негізі бұл биліктің қолында.

Зәуреш Батталова маңыз беріп отырған тағы бір мәселе электрондық даусы беру жайы. Депутат орталық сайлау комиссиясы биліктің құзырынан шықпай, биліктің мақсатын орындауға тырысады, дейді. Электрондық дауыс беру жүйесі “Отан” партиясы төрағасының орынбасары Жармахан Тұяқбайды да алаңдатып отыр. Ол электрондық жүйенің әділетті механизмі қандай екенін және оның қаншалықты әділетті сайлау өткізуге кепілдік беретінін білмеймін деп отыр.
XS
SM
MD
LG