Accessibility links

Қазақстан оппозициялық партиялары парламенттік сайлауға бойкот жариялауы мүмкін


Шілденің 21 і күні Алматыда «Ақ Жол» демократиялық партиясының тең төрағасы Әлихан Бәйменов, Қазақстан коммунистік партиясының бірінші хатшысы Серікболсын Әбділдин және Қазақстанның демократиялық Таңдауы партиясының саяси кеңесінің төрағасы Аслыбек Қожахметов «Еркін де демократияшыл Қазақстан үшін» деген меморандумға қол қойды.

Меморандумға қол қоюшы үш саяси партия жетекшілері конституциялық принципті негізге ала отырып Қазақстандағы биліктің жалғыз көзі – халық екендігін, сондықтан да олар өздерінің билігін референдум мен еркін сайлау арқылы жүзеге асыра алатындығы жөнінде мәлімдей келе, Қазақстанда саяси жүйе еш кідірместен демократияландыруды қажет ететіндігін мәлімдеді. «Ақ жол» демократиялық партиясының тең төрағасы Әлихан Бәйменов «үш партияның ортақ көзқарастары осы меморандумға қол қоюға жетеледі, егерде қандай бір саяси партиялар мен қоғамдық ұйымдар бұған қосыламын десе онда есік ашық», - деді.

Сонымен бірге ол «алдағы сайлау тақырыбына байланысты егер де билік сайлауды бұрмалап, электронды дауыс беру жүйесін барлық жерге күшпен енгізгісі келсе, онда сайлауға бойкот жариялау ойымыз да бар», дегенді айтты. Қазақстан коммунистерінің жетекшісі Серікболсын Әбділдин болса «Қазақстанда президенттік биліктен көрі парламенттік билік болғаны дұрыс, сонда ғана елдегі демократия жағдайы, баспасөз жағдайы дұрысталады», деген пікір білдірді. Меморандумға қол қоюшы саяси партиялардың жетекшілері «Қазақстанда саяси тұтқындар болмауы керек. Сондықтан да қәзір түрмеде отырған Ғалымжан Жақиянов еш сөзге келместен босатылуы керек» дегенді айтты.
XS
SM
MD
LG