Accessibility links

Тұрар Рысқұлов ауданы зілзала құрбандарының үйсіз жүргеніне екі жыл болды


Жамбыл облысы Тұрар Рысқұлов ауданында осыдан екі жыл болған жер сілкінісінен біраз үйлер қирап, қабырғалары жарылып, төбелері құлаған болатын. Арнайы жүргізілген тексеруден кейін жөндеуге келмейтін үйлердің орнына жаңа үй тұрғызылып, қалған үйлердің біразына жөндеу жұмыстары жүргізілген. Жөндеу жұмысын жүргізуге болады деген сейсмологтардың шешіміне наразылық білдіріп, біздің үйіміз жөндеуге келмейді, түртіп қалсаң құлағалы тұр, орнына жаңа үй салып берсін деген оймен Тұрар Рысқұлов ауданындағы төрт отбасының мүшелері Астанаға келіп, екі күннен бері Қазақстан үкіметі үйінің есігін бағуда.

Сайлаугүл Шолпанқұлова:

-Тұрып жатқан үйімнің салынғанына жарты ғасырдан асқан. Фундаменті саз балшықтан құйылып, сонымен көтерілген үй. Былтыр зілзаладан кейін өзіміздің құйған цементіміз ажырап түсті де, арғы жағындағы топарағы шашылып үйіміз қыл-көпірдің үстінде тұр. Егер жөндеуге берсем өзі құлағалы тұрған үйдің астында қаламын ба деп қорқамын.

Әлия Күзембаева:

- Үкімет үйіне кіріп, көмек сұрап едік, бар кінәні өзімізге артып отыр. Аты-жөндерін, кіммен сөйлескенімізді де білмейміз. Үйлеріңді жөндеуге бермей, қарсылық білдіріп отырған өздерің дейді. Біз жөндеу жұмыстарынан кейін құлап қалған үйлердің суретін де әкелдік, суретке қарап жатқан ешкім жоқ. Қайта маған сен ауылдасыңның жаңа үйін көріп, соған қызығып үй салғызайын деп отырсың дегенді айтты. Мен осы сөздеріне ашуланып, үкіметтің ақшасын әрі шашып, бері шашып, істемегендерің жоқ, маған ештеңелерің керек емес, бірақ мен өз дегеніме жетемін дедім де шығып кеттім.

Осы мақсатпен үкімет басшысының баспасөз қызметіне хабарласып, ешқандай мәлімет ала алмадық. Жамбыл облысынан келген Әлия Күзембаева ауыл басшылары үйдің жөндеуге келетін-келмейтіндігі жөнінде шешім шығаратын сейсмологтардың өзін сатып алған деген ойда. Ал Алматыдағы Сейсмикалық ғимарат және архитектура институтының басшысы Марат Әшімбаев «Олар біздің мамандардың шешімімен келіспей отыр, бәріне жаңа үй керек», - дейді. Ал Тұрар Рысқұлов ауданы әкімінің орынбасары Асқар Байжанов «Сөз түсінбейтін адамдарға айтсаң да, айтпасаң да бәрібір. Қалай түсіндірсең де түсіністікпен қабылдамайды», дегенді айтты.

Ал Сайлаукүл Шолпанқұлова «Енді осыдан кейін Астанаға келмейміз, егер осы келісімізден ештеңе өнбейтін болса, жер сілкінгенде соғып алған кішкентай асханамыз бар еді, сонда қыстап шығамыз, басқа амалымыз да, сөзімізге құлақ асатын адам да жоқ?!»-дейді.
XS
SM
MD
LG