Accessibility links

Баспасөзге шолу


Республикалық басылымдардың соңғы сандарында жарияланған материалдарға қарағанда, Қазақстан түрмелеріндегі жағдай қоғамдық ұйымдардың ғана емес, мемлекеттік құқық орындарының да алаңдаушылығын туғыза бастапты. Мәселен, тұтқындардың адам төзгісіз жағдайда тұрып жатқандығы анықталғандықтан, жақында Қазақстандағы бір колония жұмысын толық тоқтатпақ. Сонымен бірге Алматы қаласында крематорий салынады деген мәлімет басылымдардың бірін осы мегаполистегі зират-қорымдар мәселесіне назар салуына негіз болыпты.

“Биылғы жылдың жазына дейін ГМ 172/7 түрмесінде 203 бас бостандығынан айырылған азамат адам төзгісіз жағдайда өмір сүрген”, - деп хабарлайды “Экспресс К” басылымы соңғы санында. Мұнымен тіптен Бас прокуратура да келісіп отыр екен. Жаңаөзенде орналасқан қатаң тәртіптегі бұл колонияны тексеруді бас прокуратура Арқалық түрмесіндегі шатақ оқиғадан кейін қолға алған.

“Маңғыстаулық зектардың қандай жағдайда өмір сүріп жатқандығын көрген олар жағаларын ұстапты”, - дейді “Экспресс К” газеті. Газет мәліметтеріне қарағанда, тұтқындар тұратын барактардың салынғанына 35 жылдан асқан, ал оның 70 пайызының апатты жағдайда екендігі туралы қорытынды шыққанына 2 жыл болыпты. Колонияға тексеру келгенде 203 тұтқынға арналаған тоғыз барактың тек үшеуі ғана жұмыс істеп тұрған. Ал қалғандары қирап қалыпты. “Орталық су беру жүйесі істемегендіктен, су тасып әкелініп тұрған. Дәретхана туралы сөз етудің өзі ыңғайсыз”, - дейді газет тілшісі. Колониядан тұтқындарды әкету жөнінде шешім наурыз айында қабылданғанымен, ол тек шілденің бірінде ғана жүзеге асқан.

“Жас алаш” газеті бірнеше оппозициялық партиялардың түрмелердегі ауыр жағдайға назар аударғандарын хабарлайды. Онда Қазақстан түрмеде отырғандар саны жағынан алдыңғы қатарда екендігі айтылған. Екі мәрте үлкен амнистия болғанымен, көрсеткіш еш өзгере қоймапты. Сондай-ақ түрмеде жатқан оппозиция лидері Ғалымжан Жақияновтың жұбайы сөз алып, ондағы қиындықтарға тоқталған. Қарлығаш Жақиянованың сөзіне қарағанда, “заң бойынша тиым салынатын болса да, белгісіз біреулер жасырын түрде Ғалымжан Жақияновқа кім келіп, кім кеткенін, кімдермен кездескенін түгел суретке түсіріп отырған”.

Қарлығаш Жақиянова “Начнем с понедельника” газетіне берген сұқбатында тамыздың екісінде жұбайының тәртібі жеңілдетілген колонияға ауысатындағына сенім артатындығын, бірақ билік оны зонадан шығармауға күш салып отырғанын баяндайды. Оның сөзіне қарағанда, қазір Ғалымжан Жақияновтың бойынан туберкулез ауруының нышаны байқалмайды, бірақ оның денесін стафилокок деген қатерлі жара қаптап кеткен. “Бұл жара жазыла бастағанда орнына терең тыртықтар қалдырады”, - дейді Қарлығаш Жақиянова “Начнем с понедельника” газетінде. Жақиянов мәселесінде қазақстандық билік өкілдерінен әдетте түсіністікпен қарайтындықтарын білдіретін жауап айтылатындығын тілге тиек е еткен АҚШ мемлекеттік хатшының көмекшісі Элизабет Джонс “Сөз” газетінде тамыздың екісінде Жақиянов тәртібі жеңілдетілген мекемеге ауыстырылады деп айта алмайтындығын білдіріпті. “Әзірге тек нобайланып отрыған мәселені талқылау кезеңінде ғанамыз”, - депті АҚШ Мемлекеттік хатшының көмекшісі.

“Жас қазақ үні” газеті Алматыда өлік өртейтін пеш салынады деген өсек-әңгіме шындыққа айналып, оның басы-қасында қала әкімі Виктор Храпунов жүргенін тілге тиек етеді. Газеттің мәлімдеуінше, “мұндай пешті салып беруге чехтардың құлшынып отырғанын, оның құны 285 мың евроға бағаланғанын Храпуновтың өзі айтады”. “Ғимараттың көлемі – бір жарым мың шаршы метр. Салынатын жері - Әуезов ауданына қарасты зират-қорымның батыс жағы. Бюджеттен тиесілі қажы бөлініп те қойылған”, - дейді “Жас қазақ үні”. Алайда, мақала авторы Алматыда тарихи тұлғалар жатқан ескі қорымдардың бар екенін тілге тиек ете отырып, бұл үрдіс ұлттық менталитетімізге қаншалықты сәйкес келеді деген мәселені көтереді.
XS
SM
MD
LG