Қолға түскен жалған талапкерлер Шымкент қаласындағы Халықаралық Қазақ-Түрік университетінің филиалында кешенді тест тапсырған. Осы оқиғаға байланысты аталған университетке хабарласқанымызда хатшы қыз «Мен сізге ешқандай көмек көрсете алмаймын. Барлық қызметкерлер демалыста», дегенді айтты.
Ал Білім және ғылым министрінің баспасөз-хатшысы Жанар Үсіпбекова «Осы оқиғаға қатысты министрлік тарапынан тексеру жүргізіледі, әзірге ештеңе белгісіз», - деді.
Жалпы тестілеудің баланың білім деңгейін әділ тексермейтіндігін, осындай оқиғалардың қайткен күнде де болатынын жұртшылық өкілдері де құптап отыр. Қайырбек есімді Астана қаласының тұрғыны «Мұндай жағдай тек бір ғана өңірде емес, Қазақстанның басқа да аймақтарында кездесуі мүмкін. Сондықтан жіті тексерген дұрыс», - дейді.
Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша Ұлттық қауіпсіздік комитеті департаментінің аса маңызды істер жөніндегі аға тергеушісі Құрбанбек Мырзабеков «Жалған талапкерлер 76 мен 101-дің аралығында балл жинаған. Ұсталған азаматтар Халықаралық Қазақ-Түрік университетінің Шымкент филиалында ғана емес, аталған университеттің Түркістандағы филиалында да ойларын іске асырмақ болған. Олардың бұл әрекеттері жүзеге асқан жоқ. Қазір тексеру жұмыстары жүргізіліп жатыр», - деді.