Accessibility links

Астаналық дзюдошы Асхат Житкеев Афины олимпиадасында Қазақстанның көк байрағын алып жүреді


Тамыздың 13-інде Афиныда басталатын 28-ші жазғы олимпиадаға Астанадан 9 спортшы жолдама алып отыр. Мұның алдындағы Сидней олимпиадасына қатысқан боксшы Нұржан Кәріпжанов тағы да солардың қатарынан көрініп отыр. Сол жылдарда Астанада арнайы бокс залының болмауы себепті олимпиадаға дайындықтың біраз уақытын Сандықтау ауданындағы қарабайыр спорт залында өткізген еді. Ал, бұл жолғы олимпиадаға қатысушылар қандай жағдайда дайындалып жатыр.

Ресей президенті Владимир Путиннің атындағы Санкт Петербургтегі дзюдо спорт клубының мүшесі астаналық дзюдошы Асхат Житкеев Афины олимпиадасында Қазақстанның көк байрағын алып жүру мәртебесіне ие болды, дейді қалалық спорт және туризм комитетінің төрағасы Азамат Айтқожин. Оның айтуынша, олимпиадаға баратын спортшылардың алаңсыз жаттығуына мемлекеттік тұрғыда жағдай жасалған. Шетелдеге ірі ареналарда жаттыққысы келетіндерге де бюджеттен қаржы бөлінген көрінеді. Спорт сарапшысы, жазушы Ғалым Қожабектің айтуынша, биылғы жылы үкімет қазақстандық спортшылардың олимпиадаға дайындық жасауы, онда барып қайтуына қомақты қаржы бөліп отыр. Қазірдің өзінде қазақстандықтардың үкілеген үміттерін ақтайды-ау деген спортшылар қатары шоғырланды. Республика бойынша 119 спортшы олимпиадаға жолдама алса, олардың ішіндегі алтыннан алқа тағатындары бес-алтау болғалы тұр. Бокстан Геннадий Головкин, Нұржан Кәріпжанов, дзюдодан Асхат Житкеев, гимнастикадан Әлия Жүсіпова, триатлоннан Владимир Гаактың рейтингі жоғары. Бұл тізімдегі алтыннан үміткерлер қатарын спорт шолушысы Ернұр Асанбайдан да азайтты. Ол сондай ақ, Қазақстанда спортшыларға өз дәрежесінде жағдай жасалмай отырғандығын да жасырмады. Астана тұрғыны Рәзиға Әшеева болса, олимпиадаға барады ау деген кейбір спортшылардың жолдар болмай қалатын кездері кездеседі. Өйткені, спорттың өзін бизнеске айналдырғысы келетіндер бар, дей келіп Қажымұқан атындағы спорт мектебінің садақ атудан үздігі Медет Үсенов деген баланы Лондонда өтетін жарысқа дайындап, дәл жүрер кезде басқа біреудің кетіп қалғанын әңгімелейді. Сондықтан, олимпиадаға да беделділердің балалары барып жатса таң қалуға да болмайды, дейді. Алдағы олимпиадаға 202 мемлекеттен спортшылар қатысатын болса, қазақстандықтар 20-шы қатардан көрінуден үмітті. Астанаға Қытайдан қонаққа келген Тасым мырзадан Қазақстан спортшыларынан кімдерді білетінін сұрадық. Ол Қажымұқан, Мұстафа Өзтүрік, Бекзат Сәттархановты ғана білетін болып шықты. Сонымен, мамандардың болжауынша, Қазақстан спортшыларының бокс, грек рим күресінен, ауыр атлетика және триатлоннан бағы жануы мүмкін.
XS
SM
MD
LG