Accessibility links

Ауғанстан елбасылығына тағы бір үміткер тіркелді


Қазан айында болатын елбасылық сайлауларға тіркелу Ауғанстанда дүйсенбі күні аяқталған болатын. Қазіргі елбасы Қарзайға балама үміткер ретінде Юнус Қанонидің есімі аталып отыр.

Ауғанстанның бұрынғы Білім министрі Юнус Қанони дүйсенбі күні елбасылық сайлау жарысына қосылды. Осының алдында ғана елбасы Қарзай сайлау алды науқаны барысында өзінің сенімді өкілі ретінде Қорғаныс министрі Мұхамед Фахимді атаудан бас тартқан болатын. Фахим де, Қанони де Тәжік текті азаматтар және олар Паншер фракциясының мүшелері. Осыған қарағанда Фахим сайлаулар барысында Қанониге қолдау көрсетуі мүмкін деген пікір бар. Қарзайдың Фахимді көмекшілкке белгілеуден бас тартқан себебі, халықаралық қауымдастық Солтүстік одақтағы ықпалды қолбасшының мұндай сенімді өкілдікке таңдалып алынуына қарсы шыққан болатын. Тағы бір бұлақ көздеріне қарағанда, Ауған заңдарына сәйкес, сенімді өкілдікке таңдап алынған тұлға өзінің қазіргі ресми қызметтерінен бас тартуы тиіс.

Ал, Фахим болса, Қорғаныс министрі қызметінен кеткісі келмеген. Фахимді сенімді өкілдікке таңдамауы Қарзайдың билік басындағы үш жылы ішіндегі ең батыл қадамы болып отыр, дейді сарапшылар. Пәкістанда өмір сүріп жатқан журналист, әрі жазушы Ахмед Рашид: “Мұның өзі дала қолбасшыларының бұдан былай маңызды дауысқа ие еместігінің бір белгісіндей болып отыр. Бұл тек Фахимді таңдамай қою ғана емес, бұл қадам сондай-ақ бұған дейін қарусыздандыру ісіне кедергі болып келген қолбасшылардың бұдан былай қарусыздану жөніндегі БҰҰ тарапынан қабылданған шешімді міндетті түрде жүзеге асыратындығын ескертіп өту болып отыр. Ал, қарулы топтарды қарусыздандыру ісінің еркін де әділ сайлауларды өткізуде қаншалықты маңызды екендігі белгілі”-, деді. Қолбасшылармен теке-тіреске бармауды ұсынып келген АҚШ-тың да бұған орай саяси бағыты өзгерсе керек, дейді сарапшылар.

Тәжік ұлтты сайлаушылардың қолдауына ие болу үшін Қарзай мырза атақты қолбасшы Ахмад Шах Масудтың інісі Ахмад Зиа Масудты өзіне сенімді өкіл ретінде таңдады. Осылайша, 20 шақты үміткерлер сапында Қарзай есімі айрықша тұр. Үміткерлер қатарында өзбек қолбасшысы Рашид Достум да бар. Тізімнің соңғы нұсқасы бейсенбі күні жариялануы мүмкін. Дей тұрғанмен, Қазрай мырза Фахимның қолында Қорғаныс министрі ретінде әскердің, қарудың қала беретіндігіне орай алаңдаушылық білдіріп отыр. Азаттық радиосының тілшілері Қабыл қаласы тұрғындарының пікірлерін сұраған болатын. “Егер Қарзай мен Фахим бірге болғанда, одан халыққа келер пайда зор еді. Егер олар жауласып шықса онда елге тигізер зияндары зор болмақшы. Дегенмен олар бірге жұмыс істер деген сенімдеміз”, деген сияқты пікірлерін білдірген еді.

Елбасылыққа үміткерлікке тіркелу үшін кемінде 10 мыңдай сайлаушылардың дауысын жинақтау шарт. Ал, Қанонидің осыншалықты қысқа мерзім ішінде айтылған көлемдегі дауысты қалай жинағаны түсініксіз, дейді пікір білдірген сарапшылар мен қарапайым тұрғындар. Тіпті елдің шығысындағы Пуштун тайпасы басшысы Қанонидің мәлімдемесіне өзінің қайран қалғандығын жасырмаған екен.
XS
SM
MD
LG