Accessibility links

Тараз қаласында кикбокстан әлем чемпионы оққа ұшты


Өткен жұма күні, шілденің 23-і жұлдызында Жамбыл облысының орталығы Тараз қаласында қару қолдану барысындағы қақтығыс салдарынан 4 адам ауыр жарақатпен ауруханаға жеткізілген. Олардың екеуі тілге келместен, өте ауыр халде қайтыс болған. «Қазақ ақпарат агенттігінің» хабарлауынша, қайтыс болғандардың біреуі – кикбокстан екі дүркін әлем чемпионы Құдратжан Қасымов деген азамат екен.

Әзірше, Жамбыл облыстық ішкі істер басқармасының криминалды полициясының алдын-ала жасаған болжамы бойынша, Тараз қаласында шілденің 23-ші жұлдызында орын алған бұл оқиға жастар арасындағы өзара түсініспеушіліктен туындаған жағдай делініп отыр. Дегенменде атыс қаруы пайдаланылған кикілжің тапа-тал түсте Тараз қаласының тұрғындары демалып жүрген Мамыр бауы саябағында орын алған. Біз аталған оқиғаның мән жайын білмек болып, Жамбыл облыстық ішкі істер басқармасына дәл осы қылмыспен айналысып жатқан криминалды полиция бастығы Серік Кедебаевқа хабарласқанымызда ол өзінің ешқандайда анықтама бере алмайтындығын жеткізді. Ал Жамбыл облыстық ішкі істер басқармасының баспасөз қызметіне қоңырау шалғанымызда, милиция мойоры Нұрлан Исаев оқиға болған күні аурухананың реанимация бөліміне 4 адамның түскенін айтты. Оның екеуі сол мезетте көз жұмған екен. Оқиға орнынан тексеру барысында 16-шы калибрлі 2 гилза табылған. Ең бастысы бұл қылмысқа қатысы бар деген күдіктілер анықталды дейді Нұлан Исаев. Сондай-ақ оқиға куәгерлерінің айтуынша, бұл қалалық саябақтағы бірінші қанды оқиға емес екен. Тергеудің алдын-ала жорамалы бойынша, қарапайым бұзақылықтан басталған бұл оқиға атысқа ұласып, соның салдарынан 4 адам ауыр жарақат алған. Қайтыс болған екі адамның бірі «Қазақ ақпарат агенттігінің» хабарлауынша, кикбокстан екі дүркін әлем чемпионы Құдратжан Қасымов деген азамат болатын. Алайда бұл деректің сәл жаңсақ екенін «Азаттық» радиосына берген сұхбатында айтқан Қазақстанның кикбокстан құрамасының мемлекеттік жаттықтырушысы Айталап Қорғанбаев бұл оқиғаны оның спортшылық өмірімен байланыстырудың қажеті жоқ екенін жеткізді. Сондай-ақ бұл ретте Жамбыл облыстық ішкі істер басқармасының баспасөз қызметінің қыметкері, милиция мойоры Нұрлан Исаев оқиғаны тексеру барысы жеделдетіліп жатқанын жеткізді. Спортшы турасындағы айтыла бастаған деректермен Қазақстанның кикбокстан құрамасының мемлекеттік жаттықтырушысы Айталап Қорғанбаев келіспейтіндігін жеткізді. Сонымен бұл оқиғаға байланысты күдіктілер жақын күндері ұсталатындығына Жамбыл облыстық ішкі істер басқармасының криминалды полициясы уәде беріп отыр.
XS
SM
MD
LG