Accessibility links

Кешенді тестілеуге қатысқан талапкерлердің 40 пайызға жуығы «2» деген баға алды


Қазақстанда биылғы жылы ұлттық бірыңғай тестілеуге қатыспаған талапкерлер мемлекеттік білім беру гранттары мен кредиттерін тағайындайтын конкурсқа қатысу үшін кешенді тестілеуге қатысты. Білім және ғылым министрлігінің мәліметіне қарағанда, кешенді тестілеуге қатысқан 71 мыңнан аса талапкердің 40 пайызға жуығы 40 баллдан төмен алып, сынақтан өтпей қалған. Ал 100 баллдан жоғары жинаған талапкерлер саны 0,38 пайыз ғана.

Биылғы кешенді тестілеуге қатысқан 71 041 талапкердің 27 мыңға жуығы білім деңгейлерінің тым төмен екендіктерін көрсеткен. Оның 19 мыңға жуығы қазақ тілінде, 7 мыңға жуығы орыс тілінде тест тапсырғандар. Білім және ғылым министрлігі Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру департаментінің директоры Болатбек Әбдірәсіловтің айтынша, олар ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысқан талапкерлермен салыстырғанда да білімдерінің төмен екендіктерін байқатқан. «Бұған әртүрлі себептер бар. Әрине, биылғы мектеп бітірушілер мен былтырғы бітірушілерді салыстыруға келмейді», - деді Болатбек Әбдірәсілов.

Жалпы кешенді тестілеу нәтижелі өтті деп отыр мамандар. Алайда, бүгінде шын талапкерлердің орнына уақытша куәлікпен кіріп, тест тапсырып бермекші болған білімді жастардан құралған топ мүшелерінің әрекеттері әшкереленіп отыр. Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша Ұлттық қауіпсіздік комитеті департаментінің аса маңызды істер жөніндегі аға тергеушісі Құрбанбек Мырзабеков «Бүгінде ұйымдастырушылардың арнайы мектепті бітіргендіктері анықталып отыр. Тексеру жұмыстары аяқталғанша, әзірге басқа мәлімет бере алмаймыз», - дейді.

Осындай тірлік үшін ұйымдастырушы 2 жігіт өздері танитын білімдері жоғары жастарды Алматыдан арнайы әкелген. Оқуға түсуші талапкерлердің ата-аналары ол үшін 1000 АҚШ доллары көлемінде ақша да төлемек болған. Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру департаментінің директоры Болатбек Әбдірәсілов «Осындай оқиға Оңтүстік Қазақстан облысынан басқа республиканың өзге де аймақтарында кездесіп отыр. Бір қызығы, қыз баланың орнына басына жалған шаш жабыстырып, көйлек киіп, боянып бір жігіттің де тестілеуге кіріп кеткен кезі болған екен. Алайда, мұндай оқиғалармен бүгінде ұлттық қауіпсіздік комитетінің қызметкерлері айналысып жатыр, бұл жөнінде әбден дәлелденген соң барып мәлімет таратамыз», - дегенді айтты.

Ал Білім беру мен тестілеудің ұлттық стандарттары ұлттық орталығының директоры Такир Балықбаев «Біз балалардың оқуға түсуінің айналасында барлық жағдайларды жасап, білімді де білікті балалар түссін деп жанталасып жүрсек, ондай алаяқтар сол жерден ақша тапқысы келіп, осындай әрекеттерге барып жатыр. Бұл - бизнес жасағысы келген адамдардың тірлігі», - дегенді айтты.

Кешенді тестілеудің және Ұлттық бірыңғай тестілеудің нәтижесінде кімдердің бағы жанғанын Білім және ғылым министрлігінің Конкурстық комиссиясы 4-8-ші тамыз аралығында анықтайтын болады. Министрлік мамандары жалпы алғанда, биылғы жылы тест тапсырушылардың саны рекордты деңгейге жетті деп отыр.
XS
SM
MD
LG