Accessibility links

Болат Әбіловтың саяси мәселесі баспасөзде бірінші орында боп тұр


Мерзімді баспасөзде президенттік “Отан” партиясы төңірегіндегі түрлі жанжалдарға орын беріліпті. Мәселен, басылымдардың біріне “Отан” партиясының өз қатарын молайтуда түрлі әдістер қолданып отырғандығын айғақтайтын деректер келтірілсе, енді бір ақпарат құралында керісінше осы партияға қарсы қара-пиардың орын алғандығы баяндалады. Сонымен қатар “Ақ жол” партиясының теңтөрағасы Болат Әбіловтің соты төңірегіндегі пікірталас одан әрмен ширығып, республикалық газеттерде кеңінен талқылануда.

“Караван” апталығы сайлау қарсаңында Орталық сайлау комиссиясының тамыздың 19-на дейін саяси үгіт насихат жұмысын жүргізуге тиым салатындығына қарамастан Болат Әбіловтің соңғы күндері Қазақстан баспасөзінің бүтіндей назарын өзіне аударғанын айтады. Мақала авторының пікірінше, Әбілов Тінекеевті депутаттық мандат үшін 100 мың доллар алды деп айтыптауда басқа әдіс таппай, телеэфирге жүгінген. Газет тілшісі бұл істе популистік сарынның бар екендігіне нұсқай отырып, мұндай оқиғалар сайлаушыға саясаткерді “өзіміздің жігіт” деп қабылдауға мұрсат береді деген ойда.

Алайда, “Сөз” газеті сотта болған бақылаушылардың бірқатары бұл процестің өзегі саясатта деген пікір білдіріп отыр, - дейді. Соттың айыптау үкімінен кейін “Ақ жол“ партиясының ең бір мүмкіндігі мол кандидаты сайлауға қатыса алмайды, - дейді “Сөз” газеті. Осы газетте берілген Әбіловтің сөзіне қарағанда, Тінекеев Астанаға беру үшін 50 мың доллар, жергілікті билікке беру үшін тағы да 50 мың доллар, жалпы көлемі 100 мың доллар іздені туралы пікірінен бас тартпайды. Ол өзінің көзқарасының өзгермеуінің себебі – жалпы Қазақстанда жемқорлықпен байланысты жағдайдың өзгермеуінде, - деп есептейді “Ақ жол Қазақстан” газетінде. Осы газетке берген сұқбатында ол тіптен қазір Қазақстанда барлық дерлік лауазымдардың сатылатынды деген пікір білдіріпті. “Бір халықаралық бір ұйымының баяндамасында Қазақстанда министр лауазымы 250-500 мың доллар, вице-премьер қызметі 500 мың доллардан 1 миллион доллар тұратындығы тікелей көрсетілген”, - дегенді айтыпты Болат Әбілов “Ақ жол Қазақстан” газетінде жарияланған көлемді сұқбатында.

“Қазақстан” апталығы болса, сот шешіміне Болат Әбіловтің ғана емес, депутат Мұхтар Тінекеевтің де қанағат тұтпағанын тілге тиек етеді. Оның қорғаушылары: “Егер кезінде Әблов мырза осындай қателік болды” деп кешірім сұраса, онда бұл процесс басталмас еді”, - дегенді жеткізіпті. Әбловтің өзі билік оны саясаттан кетіру үшін түрлі ұсыныстар жасағанын хабарлапты. “Тіпті Каспий маңындағы үлкен нысандардың бірін ұсынған. Маған айтары: Саясатта нең бар? Бұрынғысынша бизнеспен айналысып жүре бер”. Алайда, менің жауабым біреу-ақ: Маған ешкім қақпақ бола алмайды. Өйткені, мен жемқорлық етек жайған, адам құқықы аяққа тапталған мемлекетте өмір сүргім келмейді”, - деп жауап берген.

“Бүгінде “Отан” мен “Асар” партияларының сөзсіз лидерлігі қоғамға таңылып отыр” деген пікір білдіріледі “Сөз” газетінде. Мысал ретінде жуырда Алматы қаласындағы “Орбита-1” ықшамауданы тұрығындарына коммуналды қызмет бабы бойынша аудандық әкімішілік қызметкерлерімен, кездесу ұйымдастырылғаны баяндалады. “Тұрғындар үйлердің жағдайы, аумақтардың тазалығына қатысты мәселелерді шешуді ойлаған. Бірақ жиын: “Барлық шақырылғандар – “Отан” партиясының мүшесі. Бұл - қадірлі президентіміздің ең мықты партиясы... Партия асфальт құюға ақша береді”, -деген мәлімдемемен басталған. Отырыстың басым бөлігі “Отан” партиясына өтуге шақырумен кеткенін тілге тиек етіпті мақала авторы.

“Экспресс К” газеті болса, “Отан” партиясының облыстық филиалы елдегі ең басты саяси ұйымды қаралау шаралары жүзеге асқандығына орай полицияға шағымданды деп хабарлайды. Газетте келтірілген деректерге қарағанда, белгісіз алаяқтар “Отан” партиясы зейнеткерлерге көмек көрсету акциясын ұйымдастырып жатыр деп, арзан бағамен тұрмыс заттарын өткізіп жіберген. Бірақ уақыт өте ол заттардың түкке тұрғысыз бұйымдар екендігі анықталған. “Отан” партиясы өкілдері сайлау қарсаңындағы мұндай әрекеттерді “біріншіден, қара-пиар, екіншіден, сайлаушыларды сатып алу көрінісі” деп бағалаған. “Кінәлілер “Отан” партиясының оппоненттері емес, қолайлы жағдайды пайдаланып қалғысы келген қатардағы алаяқтар болып шығатындығына сенгіміз келеді”, - дейді мақала авторы

AzattyqTV

Қырғызстан

Әзиздің арманы

XS
SM
MD
LG