Accessibility links

Хельсинки комиссиясы ТМД-ның бірқатар елдерінің басшыларымен келіспеуде


Шілде айының басында ТМД-ға кіретін 9 мемлекеттің басшылары Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына (ЕҚЫҰ) ішкі істерімізге араласуға ден қойып, тәуелсіздігімізге нұқсан келтіріп отырсыздар деген іспетті сыни-наразылық декларацияға қол қойып, жолдаған болатын. Бұл ресми құжатты Армения, Беларусь, Қазақстан, Қырғыз Республикасы, Молдова, Ресей, Украйна, Тәжікстан және Өзбекстан мақұлдап, Грузия, Әзірбайжан және Түркіменстан мемлекеттері қалыс қалған.

Алайда бұған ЕҚЫҰ тарапынан жауап болмаса да, “Рейтерс” агенттігінің бейсенбі күнгі хабарында АҚШ-тың Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық жөніндегі комиссиясы (Хельсинки комиссиясы) бұл мәлімдемеге қол қойған мемлекет басшыларына ЕҚЫҰ-ның саясатын қолдап, хат жолдағаны белгілі болды. Онда әсіресе, Қазақстан басшылығына ерекше тоқталған екен. Енді осы мәселге орай қазақстандық саясаткерлер мен саясаттанушылардың, сыртқы істер министрлігінің пікірін білген едік. АҚШ-тың Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық жөніндегі комиссиясының жетекшілері өз хаттарында Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың атына ерекше тоқталып, 2009 жылы ЕҚЫҰ-ның кезекті төрағасы болуға ниет танытып отырған Қазақстанның бұл ұйымға жазылған әлгі мәлімдеме-хатқа қол қойғандардың арасынан табылуына ерекше алаңдаушылық танытатынын білдірген. Біз осыған орай Қазақстанның сыртқы істер министрлігіне хабарласқанымызда, фамилиясын атамаған баспасөз қызметінің Маржан есімді қызметкері бұл мәселе бойынша, ешқандайда жауап бере алмайтындықтарын жеткізді. Ал саясаткер, кәсіби дипломат Мұрат Әуезов Қазақстан басшылығы АҚШ айтты екен деп емес, бұл қателікті өзіміз үшін дереу жөндеп, ЕҚЫҰ-мен байланысты тереңдету қажет дейді.Алайда саясаттанушы Берік Әбдіғалиев АҚШ-тың бұл қадамын құптамайтындығын білдіре отырып, жалпы мұны Қазақстанның халықаралық ұйымдарға көрсеткен батыл ұстанымы ретінде қабылдайтындығын білдірді.Дегенмен саясаткер Сейдахмет Құттықадам Қазақстан басшылығы бұл ретте үлкен қателік жіберді. Алдағы сайлауларға әділ баға беретін ұйымға деген ұстанымын алдын-ала білдіруі дейді ол. Қазақстанның коммунистік партиясының бірінші хатшысы Серікболсын Әбділдин де ЕҚЫҰ-мын айыптаудың негізсіз екенін айтады. Сондай-ақ біз осы мәселеге қатысты ЕҚЫҰ-ның Қазақстандағы өкілдігіне хабарласқанымызда, әзірше бұл жайтқа орай түсініктеме бере алмайтындықтарын жеткізді.
XS
SM
MD
LG