Accessibility links

Еңбек кодексінің жобасы түрліше пікірлер туындатып отыр


Қазақстан Республикасы үкіметі жанындағы Экономикалық саясат жөніндегі кеңес 2004 жылғы 30 маусымда өткен отырысында Еңбек кодексінің жобасын мақұлдаған болатын. Кодекс жобасын үкімет жанынан құрылған жұмысшы тобы әзірлеген. Енді үкімет Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінде аталған кеңес отырысының хаттамасына сәйкес мақұлданған Еңбек кодексінің жобасын бұқаралық ақпарат құралдары арқылы бүкілхалықтық талқылауға ұсынып отыр. Енді осы еңбек кодексі турасында сарапшылар мен мамандардың пікірін білген едік.

Еңбек кодексінің жобасы жұртшылық назарына ұсынылғалы бері түрліше көзқарастар туындатып отыр. Бұған дейін республика азаматтарының еңбек құқығын қорғайтын бірнеше заңның басын қосып, уақыт талабына сай соның барлығын реттейтін елдің бас еңбек құжаты әлі біраз жіті таразылаудан өтеді дейді мамандар. Себебі бұның бұрынғы ереже-тәртіптерден ерекше бөліп айтар жаңалығын тап басып көрсету қиын дейді еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің бас еңбек инспекторы Серікқали Бисеқаев. Дегенменде «Ақ жол» демократиялық партиясының заң тобының жетекшісі Жиенбек Бұлжанов бұл еңбек кодексі жобасының айтарлықтай жаңалықтары мен жетістіктері бар дейді. Еңбек беруші мен еңбеккерлердің арасындағы құқықтық жақтары нақты реттеліп, әлеуметтік теңдіктер сақталған дейді ол. Алайда заңгер Айыпхан Төлегенұлы еңбек кодексі жобасында аталған құжаттың болашақта іске асу механизмдері ұмыт қалған дейді. Сол себепті де келешекте жүзеге аспай жатқан көптеген заңдардың біріне айналуы әбден мүмкін екенін айтады. Сарапшылардың айтуынша, әлі бұл еңбек кодексінің жобасы ұзақ талқылаулардан өтіп, ел парламенті мақұлдаса, 2005 жылдың екінші жартысында қабылдануы мүмкін деп отыр.
XS
SM
MD
LG