Accessibility links

Күл-қоқыстар арасынан екі қыздың мәйіті табылды


Астана қаласының күл-қоқыс төгетін жерінен пышақталған екі қыздың жалаңаш мәйіті табылған. Жастардың туған күн отырысының соңы екі қыздың өліміне апарып соқтырған. Қазір осы іске қатысты тергеу жұмыстары жүргізілуде.

Астана қалалық ішкі істер Бас басқармасы бастығының бірінші орынбасары Марат Демеуовтің айтуынша, 16 мен 20 жас аралығында төрт жігіт туған күн тойламақ болып шілденің 31-і мен тамыздың 1-не қараған түні пәтер жалдап, қонаққа қыздар шақырады. Отырыс кезінде өлтірілген қыздардың бірімен арада жанжал туып, екінші өлтірілген қыз арашаға түседі. Жанжал соңы екі қыздың да өліміне әкеліп соғады. Қазір осы іске қатысты тергеу жүргізілуде.

Бүгінде осы қылмысқа қатысты күдікті 4 адам ұсталған. Олардың үшеуі құрылыста жұмыс істейтін, ал біреуі жұмыссыз Астана қаласының тұрғындары болып шықты. Астана қалалық ішкі істер Бас басқармасы бастығының бірінші орынбасары Марат Демеуов төрт жігіт бір-біріне көмектесіп, мәйіттерді полиетилен қапшықтарға салып, күл-қоқыс салатын контейнерге апарып, лақтырып тастағандығын айтты. Марат Демеуов «Бұл жігіттер ендігі жерде жасаған қылмыстарына қатысты кем дегенде 10 жылға бас бостандықтарынан айрылуы мүмкін», - дейді.

Тергеу барысында туған күн кешіне келген қыздардың үшеуі жігіттердің танысы болады да, біреуі сол жігіттердің бірінің қарындасы болып шыққан. Негізгі айыптылушы азамат «өлген қыздың біреуі менің қарындасымның өзіне ұнамайтындығын айтып, тіл тигізді. Бұған шыдай алмаған мен оған пышақ салдым», - дейді.

Ішкі істер Бас басқармасының мәліметінше, Астана қаласында осы жылдың өзінде адам өдтіруге қатысты 40 қылмыстық іс қозғалған. Роза есімді қала тұрғыны қылмыс түрлері жұмыссыздықтың салдарынан көбейіп отыр деп біледі. «Қазіргі жігіттер қыздардың наздана айтқан бір-екі сөзін көтере алмайды. Қыздар нәзік жандар болғаннан кейін оларға жылы сөйлеп, еркелете білсе, ешқандай айғай-шу, ұрыс-керіс те болмайтын еді», - дейді.

Ал Ботажан Жігітов «Қылмыстың белең алуына елордаға жан-жақтан қоныс аударушылардың көбейіп кетуінің әсері болса керек, кешкілік бұзақы балалар жиналып алып, қылмысқа барады, басқа не істейді», - дегенді айтуда.

Жалпы бүгінде Астана қаласы бойынша адам өліміне қатысты тіркелген 40 қылмыстық істің 35-і ашылған.
XS
SM
MD
LG