Accessibility links

Павлодарда биші болғысы келген балаларға діни ағымдар уағыздалыпты


Павлодар қаласындағы «Престиж» стпорттық би клубының тәрбиешілері балаларды діни ілімдерге баулумен айналысқан. Осының салдарынан көптеген жасөспірім психикалық науқасқа шалдыққан дейді облыстық ішкі саясат департаменті бастығының орынбасары Дәулет Закарьянов. Оның айтуынша, би клубының директоры Владислав Польскихтың іс-әрекетіне наразылық танытқан бір топ ата-ана жуырда департаментке шағым түсіріпті. Бұл ретте Қазақстан республикасы діни саясатқа мән бермей, оны заңдық тұрғыдан реттеп отырмаса, болашақ ұрпақ сан түрлі ағымдар жетегіне еріп, тіпті кейбіреулері сана-сезімі тоналған зомбиге айналуы мүмкін дейді Павлодар облыстық ішкі саясат департаменті бастығының орынбасары Дәулет Закарьянов.

Павлодар облыстық ішкі саясат департаменті бастығының орынбасары Дәулет Закарьяновтың айтуынша, соңғы кездері облыста түрлі діни ағымдарға сенгіштер қатары молайып кеткен. Жастарды сондай жат ағымдарға уағыздайтын топтардың бірі «Престиж» спорттық би клубының тәрбиешілерінің арасынан шықты дейді Дәулет Закарьянов:

- Бұл – Үкіметтік емес ұйым. Сондықтан бұған қандай да бір шара қолдану мүмкін емес. Біз осы клуб мүшелерін, сосын олардың ата-аналарының басын қосып үлкен жиналыс өткіздік. Мен сол жерде балаларға мұндай жолдың дұрыс емес екендігін шамам келгенше түсіндіруге тырыстым. Сондай-ақ ата-аналарға да: «балаларыңызды дені сау, толыққанды азамат қылып сақтап қалғыларыңыз келсе, мына үйірмеден шығарып, басқа клубтарға беріңіздер» дедім.

Облыстық ішкі саясат департаментіне шағым айтып келген ата-аналар «Престиж» спорттық би клубының басшылары кәмелеттік жасқа толмаған балаларын «Благодать» шіркеуіне мүше болуға уағыздағанын жеткізіпті. Департамент бастығының орынбасары Дәулет Закарьянов мұның бәрі елдегі заңдық құжаттар осалдығының кесірінен туындап отырған мәселелер дейді:

- Біздің негізгі заңға өзгеріс енгізу керек. Өйткені жаңағы діни ұйымдардың біздің елімізге келіп, кең таралуына сол біздің заңның бостығы себеп болып отыр. Қарап отырсақ, бұл заң 1992 жылы қабылданды. Міне 12 жыл өтті. Осы уақытта заңға ешқандай өзгеріс енгізілген жоқ. Ал анықтап қарап отырсақ, осы 12 жыл ішінде Қазақстандағы діни жағдай қатты өзгеріске ұшырады.

Біз тамыздың 5-і күні таңертеңгі 11-ден бастап, 5 сағат бойы осы мәселеге қатысты түсінік алу мақсатымен Павлодар қаласындағы «Престиж» спорттық би клубына қоңырау шалумен болдық. Өкінішке орай, ол жерден ешкіммен тілдесу мүмкін болмады. Клуб директоры Владислав Польскихтың ұялы телефоны да қызмет көрсету аясынан тыс жерде болып шықты. Павлодар облыстық спорт және туризм департаментіне хабарласқанымызда хатшы қыздан: «бұл мәселемен департамент бастығының орынбасары Владимир Кондратенько айналысады, ол кісі іссапарға кеткен» деген жауап алдық. Ал облыстық ішкі саясат департаменті бастығының орынбасары Дәулет Закарьянов: «мәселе ушыққан сипат алды, алдағы уақытта би клубының өкілдерімен сот залында кездесуіміз мүмкін» деп отыр.
XS
SM
MD
LG