Accessibility links

Қазақстан мұсылмандарының діни басқармасы елде екі-ақ діннің жұмысына рұқсат етілуге тиіс деген ұсыныс білдіріп отыр


Қазақстанда 2765 діни бірлестік бар екен. Бұл туралы әділет министрлігінің тіркеу комиеті төрағасының орынбасары Талғат Манаев хабарлап отыр. Бұл ретте Астана мешітінің бас имамы Қалижан қажы Заңқоев Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының: «Қазақстанда ислам мен проваславтық діндерден өзге діни-ағартушылық жұмыспен айналысып жатқан ұйымдар жұмысына шектеу қою қажет» деген бастама көтергенін мәлімдеген болатын. Ол ұсыныс әзірге Үкімет тарапынан да, парламент мүшелері тарапынан да қолдау тапқан жоқ.

Қазақстанда діни наным-сенім бостандығы туралы заң 1992 жылдың қаңтарында қабылданған болатын. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының баспасөз хатшысы Оңғар қажы Өмірбек бүгінде бұл құжаттың қазіргі заман талабына сай келмейтінін айтып, «оған тез арада өзгертулер мен толықтырулар енгізу қажет» деп оты:

- Қазақстанда 14 ғасырдан бері ислам діні үстемдік етіп, салтанат құрып келеді. Біз сондай «алтындай» дініміз бола тұра, мына халқымыздың діни сауатсыздығынан, сосын дін туралы заңымыздың осалдығынан елге түрлі діни ағымдарды енгізіп жібердік. Анығында солардың көбісі өзінің шыққан мемлекетінде тыйым салынған ағымдар. Ал бізде соның бәріне есігіміз айқара ашық тұр. Ал оларды хақ діннен айыратындай халқымыздың діни сауатсыздығы мынау. Және оларды тіркеуге алатын әділет басқармасында білгір мамандар жоқ.

Ал Қазақстан республикасы Әділет министрлігінің тіркеу комитеті төрағасының орынбасары Талғат Манаев діни бірлестіктердің барлығы заңды түрде тіркелгенін айтады. «Біз мұндай жұмыспен 1995 жылдың тамызынан бастап айналысып келеміз. Осы аралықты біздің комитетте тіркелген діни ұйымдардың жалпы саны 2765-ке жетті. Оның ішінде Қазақстан мұсылмандарының діни басқармасы наразылық танытып отырған дәстүрлі емес діни бірлестіктер саны 75-ке жуық» дейді тіркеу комитеті төрағасының орынбасары Талғат Манаев:

- Біз діни бірлестіктерді тіркеуге алғанда ең алдымен Конституцияға, діни наным-сенім бостандығы туралы заңға, сосын заңды тұлғаларды мемлекеттік тіркеуге алу туралы заңға сүйеніп қызмет істейміз. Діни ағымдарға жалпылама талаптар қойылады. Ең бастысы оның құрамында 10 кісі болуға тиіс. Осы заңдылықтар сақталса, біз бірлестікті тіркеуге тұрғызамыз.

Талғат Манаевтың айтуынша, әділет министрлігінің тіркеу комитетінде тіркелген 2765 діни бірлестіктің 1765-і мұсылмандық, 240-ы проваславтық, 85-і католиктік, 1017-сі протестанттық, 24-і иудейлік және 75-і дәстүрлі емес діни ұйымдар көрінеді. Астана мешітінің бас имамы Қалижан қажы Заңқоев: «Қазақстан халқының 70 пайыздан астамы мұсылмандар. Қалған азаматтардың басым бөлігі христиандар. Яғни, елдегі басқа діни ағымдардың жұмысына шектеу қойылу керек» деген пікір білдірді:

- Біздің мүфтиіміз парламент депутаттарына Қазақстанда екі-ақ дін: ислам мен проваслатық діндер ғана болсын деген ұсыныс айтқан болатын. Өйткені, дәл осы 2 дін ғана біздің жерімізде ежелден жасап келеді. Ал қалған көптеген «көлденең көк аттылар» біздің болашағымыз дейтін жастардың санасын улап, олардың бойына жат сенім ұялатуда.

Біз осы мәселеге қатысты көшеге шығып, Алматы қаласы тұрғындарының пікірін білген едік. Діни ағымдар мен секталар жұмысы тұрғысында жұрттың пікірі екіге жарылды:

- Меніңше бізде діни сенімге еркіндік берілген емес пе?.. Яғни, әркім қай дінді ұстанғысы келетінін өзі шешеді.

- Ол дұрыс емес. Біздің дініміз ислам діні ғой. Алла Тағала мұсылман қылып жаратқасын, мұсылман болып өтуге тиіспіз.

- Егер ол ағымдар заңғы қайшы әрекет жасамаса, жұмыс істей берсін. Мүмкін ондағы азаматтар бақытын сол секталардан тапқан шығар.

- Секталардың басты мақсаты – адамды өзіне бағындырып алу ғой. Сондықтан, олардың іс-әрекеттерін құптамаймын. Дұрыс, оларға шектеу қою керек.

«Қазақстандағы діни саясат айқындалмаса, ел болашағы бұлыңғыр қалыптан айнымақ емес» дейді Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының баспасөз хатшысы Оңғар қажы Өмірбек. Ал әділет басқармасының тіркеу комитеті төрағасының орынбасары Талғат Манаев: «Қазақстанда жыл санап діни бірлестіктердің белсенділігі күйшейіп келеді. Бізге тіркелу үшін құжат тапсырған діни ұйымдар саны да күн өткен сайын ұлғая түсуде» деп отыр.
XS
SM
MD
LG