Accessibility links

Баспасөзге шолу. 08-12-2004


12 тамыз күнгі жарық көрген мерзімді басылымдарда сайлау тақырыбы мен мерзімінен бұрын президент сайлауының өтуі мүмкін екендігі сөз болыпты. Саясаттанушы Сәбит Жүсіпов Ақпарат министрі Алтынбек Сәрсенбаев келешекте президент тағының мұрагері болуы мүмкін деген болжам жасаса, саясаттанушы Андрей Чеботарев мемлекет басшысы 2006 жылғы президенттік сайлауға түсіп, кейіннен өз еркімен отставкаға кетуі мүмкін деп санайды.

Күздегі өтетін Парламент сайлауы мен президент билігінің ауысуы мүмкін екендігі туралы әңгімелер 12 тамыз күнгі жарық көрген мерзімді басылымдардың баса назар аударған негізгі тақырыбына айналыпты. “Московский комсомолец в Казахстане” газетінде сайлау тақырыбына арналған екі мақала жарық көріпті. “Московский комсомолец в Казахстане” басылымының тұрақты авторларының бірі саясаттанушы, әрі әлеуметтанушы Сәбит Жүсіпов газет тілшісі Әсия Байғожинаға берген сұхбатында күздегі парламент сайлауына Қазақстан халқының 60 процентке жуығының қатысатындығына сенімді екендігін білдіріпті. Сондай-ақ Сәбит Жүсіпов мерзімінен бұрын президент сайлауының өтуі мүмкін екендігін де тілге тиек етіпті. Саясаттанушының айтуынша, Ақпарат министрі Алтынбек Сәрсенбаев Қазақстан президенті тағының келесі мұрагері болуы ықтимал. Ал, “Московский комсомолец в Казахстане” басылымының 3 бетінде жарық көрген Виктор Барановтың мақаласында Орталық сайлау комиссиясының “Әбділдин мен Жақияновтың оппозициялық блогы” деп аталатын одағын тіркеуден бас тартқандығы баяндалыпты. Мақала авторының айтуынша, Орталық сайлау комиссиясы “Сайлау туралы заңға сілтеме жасай отырып, “заңды тұлғалардың емес, тек партиялардың ғана сайлау алдында блок құруға құқысы бар екендігін ескертіп, сайлау алдында құрылған бұл блокты тіркемей қойған.

Алайда осы тақырыпты жалғастырған “Сөз” газетінің бірінші бетінде жарық көрген редакциялық мақалада “Сайлау туралы заңда” блоктардың бірігуі туралы ештеңе айтылмағандығы тілге тиек етіпті. “Сөз” газетінің айтуынша, халықтың басын қатырып, адастыру үшін билік тарапынан “Қазақстан Коммунистік халықтық партиясы” немесе “Қазақстанның демократиялық партиясы” сынды партиялар құрылды. Мақала авторының айтуынша, екі оппозициялық партияның сайлау алдындағы блогын “Әбділдин мен Жақияновтың оппозициялық блогы деп атауы, қарапайым халықтың сайлау алдындағы таңдауда адасып қалмас үшін жасалып отырған шара. “Сөз” газетінің 12 тамыз күнгі санында жарық көрген саясаттанушы Андрей Чеботаревтың мақаласында да 2006 жылдан кейін билік ауысу процесінің басталуы мүмкін екендігіне болжам жасалыныпты. Егер де саясаттанушы Сәбит Жүсіпов Ақпарат министрі Алтынбек Сәрсенбаевтың президенттің мұрагері болуы мүмкін екендігін тілге тиек етсе, саясаттанушы Андрей Чеботаревтың мақаласында билік ауысу процесінің қалай жүзеге ауысуы мүмкін екендігі айтылыпты. Андрей Чеботаревтың айтуынша Нұрсұлтан Назарбаев 2006 жылғы өтетін президенттік сайлауға қатысып жеңіске жеткеннен кейін, өзіне ыңғайлы кезеңде биліктен өз еркімен кететіндігін мәлімдеуі ықтимал.

“Время” апталығының 12 тамыз күнгі санында жарық көрген Виктор Верктің мақаласында “Ақ жол” партиясының белсенділерінің бірі Жанат Ертілесова түсетін Медеу аудандық сайлау аймағынан онымен фамилиясы да аты да ұқсас Ерлепесова Жанат Қарамановна деген мұғалімнің сайлауға түскелі жатқандығы, ал “Ақ жол” партиясының тең төрағасы Ораз Жандосов түскелі отырған Әл-Фараби атындағы аймақтан Владимир Хамитович Жандосов деген азаматтың түскелі отырғандығы сөз болыпты.

“Ана тілі” газетінің 12 тамыз күнгі санында жарық көрген “Отан” партиясының Орталық аппаратының жауапты қызметкері Мақсат Рысалиннің мақаласында “Отан” партиясының қоғамдық қабылдаулары халықпен жұмыс істеудің жаңа тәсілдерін енгізіп жатқандығы хабарланыпты. Мақала авторының айтуынша, жақында Отан партиясы Алматы облысының шалғай жатқан елдімекендерінде қоғамдық қабылдаулардың отырыстарын өткізген. Ал, “Ана тілі” газетінің 2 бетінде жарық көрген журналист Нұрлыбек Саматұлының шағын мақаласында президент кеңесшісі Ермұхамет Ертісбаевтың оппозицияда жүргендердің мәжілістен 50 процент орын алатындығына сенбеймін деген сөздері мысалға келтіріліпті. Ермұхамет Ертісбаевтың айтуынша, егер оппозиция бүкіл электортаттың тең жартысына жетсе, елде “революциялық ахуал” орнайды.

Академик Салық Зимановтың бір мақаласы “Мегаполис” және “Жас алаш” деген екі бірдей басылымға жарық көріпті. Салық Зиманов өз мақаласында “Қазақ депутаттар ана тілін білуі шарт деген талапты заңға енгізейік” деген, кезінде айтылған ұсынысты қайта көтеріпті.

“Түркістан” басылымында жарық көрген мақаласында газет тілшісі Есенгүл Кәпқызы мәжіліс депутаты Ғани Қасымовтың “Тілді қалай тірілтеміз” деген үндеуінде “мемлекеттік тілді білетіндерге” үстеме төлейік деген ұсыныс жасағандығы баяндалыпты.
XS
SM
MD
LG