Accessibility links

Астанада пәнаралық ғылыми-зерттеу кешені салынады


Қазақстанда алғаш рет Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті жанынан ауыр иондардың үдеткішінің негізінде пәнаралық ғылыми-зерттеу кешені салынатын болды. Тамыздың 12-сі күні Қазақстан Республикасының Энергетика және минералдық ресурстар министрі Владимир Школьник, Ұлттық ядролық орталық мамандары және басқа да ғалымдардың қатысуымен кешеннің алғашқы іргетасы қаланды. Мамандардың айтуынша, химия, биология, жаратылыстану ғылымдарының дамуына негіз болатын кешенде сұраныс бойынша түрлі сүзгіштер жасалынады. Оның суды, майды тазалаумен қоса, мұнай, медицина тағы да басқа салаларда пайдасы зор екен. Мамандар мұндай сүзгіштер әлемде жоқтың қасы дей отырып, алғаш рет іске асырылғалы отырған жобаның жаңа технологиялар арқылы білім мен ғылымды дамытуға үлесі мол болмақ деседі.

Ұлттық ядролық орталықтың Астана филиалының ғылыми жетекшісі Қалдыбек Дөңбаев ең алдымен бұл жерде өндірісте пайдаланылатын ядролық мембраналар, яғни түрлі сүзгіштердің дайындалатындығын айтады. «Осы сүзгіштерді пайдалана отырып химия, биология саласының дамуына жағдай жасалады», - дейді.

Жобаның бас инженері Табылды Қайыповтың айтуынша, осы сүзгіштер арқылы тіпті лай судың құрамындағы таза суды бөліп алуға болады. Сондай-ақ, бұл сүзгіштердің медициналық тұрғыда да пайдасы бар және ядролық технологиялардың кез-келгенін осы кешенде дамытуға болады екен.

Ал Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ректоры Сәрсенғали Әбдіманапов «Жаратылыстану, техникалық ғылымдар саласын дамытпайынша, классикалық университеттер жоғары деңгейде бола алмайды. Сондықтан біз химия, биология, математика, физика саласын дамытуға үлкен мән беріп отырмыз. Осындай жаңа технологияларды пайдалана отырып, мамандар даярласақ қана жоғары білімді мамандар дайындадық деп айтуымызға толық негіз болады», - дейді.

Ресейдің Ядролық зерттеулер институтымен бірлесіп қолға алынып отырған жобаны жүзеге асыруға бюджеттен 15 миллион АҚШ доллары бөлінген. Кешен 2006-шы жылы пайдалануға беріледі деп жоспарланып отыр. Бұл жобаның тек қана ғылымды емес, Қазақстанның экономикасының дамуына да үлесі мол болмақ, - дейді Энергетика және минералдық ресурстар министрі Владимир Школьник.
XS
SM
MD
LG