Accessibility links

Ғалымжан Жақиянов Павлодар облысындағы Шідерті тәртібі жеңілдетілген колонияда қорғаушылармен кездесе алмай отыр


Павлодар облысындағы Шідерті тәртібі жеңілдетілген колониясы Павлодар-Астана тас жолынан бір километр қашықтығы жазық далада орналасқан. Оның айналасы толығымен қоршалған, күзет қойылған, бір сөзбен айтқанда Шідерті кәдуілгі колония, - деп баяндайды Павлодар облысынан Шідерті елді-мекенінен Ғалымжан Жақияновтың қоғамдық қорғаушысы Петр Своик.

Петр Своик, Жақияновтың қоғамдық қорғаушысы:

- Колония бірнеше барактан тұрады. Ондағы тұтқындар күнделікті тексеріліп, төрт мезет белгіленіп тұрады екен... Тамыздың 15-і күні түнгі сағат 12-ден кейін кенеттен қою қараңғылықта жарықтарын түсіріп, төрт жеңіл машина зулап келіп, жазық даладағы осы жалғыз мекемеге келіп тоқтады. Оларға бірден қақпа айқара ашылды.

10-шы маркілі «Жигули» машинасынан Ғалымжан Жақияновты шығарды. Онымен қатар келіп тоқтаған «Ауди-100» маркілі машинаның Қостанай облыстық қылмыстық-атқару жүйесі басқарма бастығы Александр Булавиннің көлігі екенін білдік. Ал тағы да басқа екі машинаның кімдердікі екені белгісіз.

Своик пен Жақиянов сол арада бір-бірлерін көріп, алыстан қол бұлғап, ізет білдіріп үлгереді. Алайда, тамыздың 16-сы күн таң атқаннан бері ол колонияға келген Павлодар облыстық қылмыстық-атқару жүйесі басқармасы бастығы мен колония бастығынан Жақияновпен жүздесуге рұқсат ала алмайды.

Петр Своик:

- Маған Жақияновтың қылмыстық ісінде сізге арналған рұқсат қағаз жоқ дегенді алға тартып отыр. Қылмыстық істер кодексі бойынша қоғамдық қорғаушыға қандай уақытта, қандай жерде болмасын шектеулер қойылмауы тиіс.

Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін Қостанай облыстық атқару жүйесі басқармасының бастығы Александр Булавин Ғалымжан Жақиянов тамыздың 16-сы күні этаппен Павлодарға жіберіледі дегенді айтып келген.

Ал жексенбі күні оның әкетілгенін Жақияновтың өзі жұбайы Қарлығаш Жақияноваға хабарлап айтқан. Қарлығаш Жақиянова, Ғалымжан Жақияновтың жұбайы:

- Аяқ астынан таңғы 4-те келіп: «Жинал», - деп, сағат 5-те алып кеткен. Оның өзі түскі сағат 2-де Рузаевка деген жерден маған телефон шалды. Бұған дейін қоғамдық бақылаушылардың ешқайсысы оның Павлодарға жөнелтілгеніне бейхабар болып келген.

Қостанай облысындағы Қазақстанның демократиялық таңдауы халықтық партиясының өкілі Игорь Колов:

- Тамыздың он бесі күні сағат таңғы он жарым шамасында бізге Қостанай абақатысының тәрбие жөніндегі орынбасары шығып, Жақиянов әлі абақтыда отыр дегенді айтты. Ал оның сол күні таң ертең әкетілгенін кейін естідік.

Жақияновтың кенеттен колонияға әкетілу себебін білу үшін Республикалық қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің бұқарамен байланыс бөлімінің бастығы Ғалымжан Хасеновке хабарласқанымызда ол қандайда бір мәлімет беруден бас тартты.

Ғалымжан Хасенов, Республикалық қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің бұқарамен байланыс бөлімінің басшысы:

- Жоқ,бізде ешқандай ақпарат жоқ. Бермейміз. Жақиянов туралы Булавин ғана жауап бере алады. Басқа ешкім айта алмайды.

Зәуреш Батталова, Парламент Сенатының мүшесі:

- Жақияновты Алматыға жібермеу үшін оны жексенбі екендігіне қарамастан түнде алып кеткені биліктің тағы да заңсыздық жасап отырғанын көрсетеді. Оның айтуынша, қазір Шідерті колониясында 15 күнге карантин жарияланған. Соған қарамастан ол өзінің депутаттық өкілеттігін пайдаланып тамыздың 17-сі күні Ғалымжан Жақияновпен кездесуді көздеп отыр.
XS
SM
MD
LG