Accessibility links

Қазақстанда биылғы жылдың сегiз айында 29 мың гектар қарағайлы орман өртке шарпылды


Қазақстанда биылғы жылдың сегiз айында ормандардағы 821 өрт оқиғасы тiркелiп, 29 мың гектардан астам қарағай, қайың жалынға шарпылған. Заңсыз ағаш кесу көлемi 26 мың текше метрден асып түскен. Тамыздың 18-iнде мекемеаралық кеңес өткiзген Премьер министрдiң орынбасары Ахметжан Есiмов құзырлы орындардың ормандарды өрттен және заңсыз ағаш кесуден қорғауды қамтамасыз ету жөнiндегi жұмысты өз дәрежесiнде атқара алмай отырғандығын атап өттi.

Ең соңғы iрi өрт Қостанай облысының аумағындағы Әулиекөл орманында болды. Облыс әкiмiнiң орынбасары Темiржан Төлеубаевтың айтуынша, жас балалардың орман iшiне жаққан алауы салдарынан бес мың гектар орман күйiп кеттi.

“Мұндай оқиғалардың артында қылмыстық топ тұрады. Олар орман ағаштарын қыста құрылыс материалы ретiнде сатады. Индустрия және сауда министрлiгiнiң құрылыс комитетi ағаш кесушiлерге лицензия бередi. Бiрақ оны қадағаламайды,-” дейдi Ауыл шаруашылығы министрлiгiнiң орман және аңшылық шаруашылығы комитетiнiң төрағасы Ермек Келiмсейiт.

Ал, Индустрия және сауда министрлiгi құрылыс комитетiнiң жауапты қызметкерi Серiк Ғұсман “Бiз алдымызға келген арасы, құралдары, мамандары бар бригадаларға тиiстi құжаттары түгел болса, лицензия бермеуге қақымыз жоқ.. Бiз тек лицензия берiлгендердi тексере аламыз,-” дейдi.

Қаржы полициясының қызметкерi Рүстем Кариннiң айтуынша, сегiз айда астыртын түрде ағаш кесiп жатқан 64 ағаш кесушiнi ұсталды. Олардың 13-iнiң үстiнен қылмыстық iс қозғалды.

Кедендiк бақылау агенттiгi төрағасының орынбасары Аманияз Ержанов: Жыл басынан берi 114 ағаш кесушiлер тексерiлсе, олардың 27-сiнiң тәртiп бұзғаны анықталды. Олардан бюджетке қосымша 172 мың теңге түстi. Бiз ағаш тасушы көлiктердiң жұмысын бақылай алмаймыз. Өйткенi бiр жылда Ресейден 1 миллион 57 мың текше метр ағаш әкелiнедi,” - дейдi.

Ал, орман және аңшылық жөнiндегi комитет төрағасы Ермек Келiмсейiт “Бiздiң жұмысымызға кедергi болып отырғаны мынау. Бiз мәшинеге артып келе жатқан ағаштарды ұстағанның өзiнде оның Қазақстанның орманының ағашы екенiн дәлелдей алмаймыз. Өйткенi, олар Ресйдiң фирмаларымен келiсiп ағаштарды сонан әкеле жатқандығы жөнiнде жалған құжаттыр әзiрлеп алады”,- дейдi.

“Салық орындарының жұмысына осы iспен айналысатын мекемелер арасындағы өзара ақпарат алмасудың кемшiндiгi әсер етiп отыр. Соның салдарынан жекелеген ағаш кесушiлер лицензиясыз жұмыс iстеп көл-көсiр пайда табуда,-” дейдi салық комитетi төрағасының орынбасары Андрей Хорунжий.

Ақмола облысы әкiмiнiң орынбасары Қадырхан Отаровтың айтуынша, бұл құзырлы орындар арасында әлi де пилерам-деген түсiнiктiң өзiн сан саққа жүгiртiп әрқалай түсiнiп отырғанын айтады. Ол ағаш кесушiлер бригадасы ма немесе жеке адам ба оның өзi әлi айқындалмаған көрiнедi.

Шығыс Қазақстан облысындағы Бесқарағай ауданында 89 ағаш тiлетiн құрал мен 17 шпал кесетiн арасы бар бригада күнi түнi жұмыс iстейдi. Аудан әкiмi Ахат Баймолдиновтың айтуынша, оларды құқық қорғаушылар қорғаштап отыр.

Ал, Жамбыл облыстық орман шаруашылығының бастығы Балғабай Сауытбек мұқият кесiлген сексеуiлдердiң Алматы,Астанаға жөнелтiлетiндiгiн, олардың үйiне инспекторларды жолатпайтындығын, қорасына жақындатпайтындығын айтады.

Орман және аңшылық шаруашылығы комитетiнiң төрағасы Ермек Келiмсейiт жақында ғана Ақмола облыстық басқарманың бастығының лауазымын терiс мақсатта пайдаланғандығы үшiн қызметтен алынғандығын айтады. Соның кiнәсiнен жайқалып тұрған үш мың текше метр қарағай ағашы кесiлген көрiнедi.

Сонымен мекемеаралық жұмыс тобының өзара iсiнiң қиюы кеткендiгiн атап өткен Премьер министрдiң орынбасары Ахметжан Есiмов лицензиясыз жұмыс iстеп жатқандардың iсiн салық, қаржы орындары қадағалауы тиiстiгiне хаттамада жалпы жұмыс тобының iсi қанғаттанғысыз деп көрсететiндiгiн қадап көрсеттi.

Орман және аңшылық шаруашылығы комитетiнiң мәлiметiне қарағанда, қазiр Павлодар, Шығыс Қазақстан, Ақмола облыстарындағы 460 ағаш тiлетiн бригадалардың 128-i ғана лицензиялы түрде заңды жұмыс iстеп жатыр.
XS
SM
MD
LG