Accessibility links

Ұлттық қауіпсіздік және Ирақ мәселелері АҚШ президенттік сайлауында күретамыр мәселелерге айналды


Америка Құрама Штаттары президентінің сайлануына он апта қалды. Осы кезеңде өткізілген социологиялық зерттеулер сыртқы саясат және ұлттық қауіпсіздік мәселелері күретамыр мәселелерге айналғанын көрсетеді. Бұған Ирақтағы жағдайдың шешілмей жатқаны әсер етті. Мұндай саяси ахуал американдық қоғамда 1972-шы жылдан бері, Вьетнам соғысынан бері болмаған. Дегенмен, сайлау барысында қазіргі президент Джордж Буш ұтама, жоқ әлде Демократиялық партияның өкілі сенатор Джонн Керри ұтама – қандай да бір болжам айту қиын.

Социологиялық зерттеулерді бір емес, екі компания өткізді. Біріншісі "Пью Рисорч Сентер фор пипл энд пресс" деген белгілі фирма. Екіншісі – "Сыртқы қатынастар кеңесі" деп аталатын тәуелсіз саяси институт. "Пью" компаниясының директоры Эндрю Кохут сәрсенбі күні баспасөз-мәслихатында мәлім қылғандай, президент Бушты Ирақ мәселесінде қолдайтын американдықтардың саны 2003 жылдың көкек айындағы 77 пайыздан бүгінгі күні 43 пайызға түсті. Дегенмен, өткен жылдың қиындықтарына қарамастан американдықтардың 53 пайызы Ираққа әскер кіргізу дұрыс шешім деп ойлайды, дейді Эндрю Кохут:

- Ирақ соғысын қолдау азайды, бірақ ол әлі де болса өте жоғары деңгейімен ерекшеленіп отыр. Ирақта әскерімізді әлі ұстай тұруымыз жөн деген жұрттың қатары қалың, қоғамның жартысы біз дұрыс қимыл жасадық деп айтып отыр. Орын алған барлық жағдайды ойлап көріңіздер мұндайда.

"Пью" компаниясы шілде айында өткізген зерттеуде кәмелетке толған екі мың азаматтан пікір алды. Социологиялық зерттеу сыртқы саясат және ұлттық қауіпсіздік мәселелері сайлаушылар үшін ең маңызды мәселелерге айналғанын көрсетеді. Мұндай саяси ахуал американдық қоғамда 1972-шы жылдан бері, Вьетнам соғысынан бері болмапты.

Пікір білдірген азаматтардың 60 пайызы әскери күшті алдын-ала жұмсау саясатын қолдады. Америка Құрама Штаттарына қауіп төнген жағдайда соққыны бірінші беру тәсілі президент Буштың сыртқы саясатындағы жаңалық, бұл тәсіл даулы болып тұрғаны да аян. Сайлаушылар Джордж Бушты терроризмге қарсы күресте Джонн Керриге қарағанда әлде қайда батыл қайраткер деп қабылдайды.

Дегенмен, Демократиялық партияның кандидаты Джонн Керридің ұпайын асырып отырған белгіде көп. Жауап бергендердің үштен екісі Америка Құрама Штаттарының әлем шеңберінде беделі түсіп кетті, бұл негізгі мәселе деп біледі. Пікір айтқан жұрттың 60 пайызы Буш әкімшілігі дипломатиялық келісім табудың орнына күш жұмсауға тым шапшаң деп біледі.

"Сыртқы қатынастар кеңесі" деп аталатын тәуелсіз саяси институттың зерттеулері Республикандық және Демократиялық партиялардың сыртқы саясаттарындағы алшақтықтың үлкейіп келе жатқандығын анықтады. Мәселен, демократтарға қарағанда республикандықтардың көпшілігі жойқын қару тарауын тоқтатуды басты мақсат деп біледі. Демократтар болса Біріккен Ұлттар Ұйымының қызметін күшейтуге және дүниежүзіндегі аштық мәселесін басуға көбірек зейін қойып отыр. "Зерттеулеріміз бүкіл елде американдықтардың алаңдаушылықтарымен көзқарастарының арасындағы алшақтықты көрсетті", - дейді "Сыртқы қатынастар кеңесі" қоғамының өкілі Рассел Миид. Осы ұйымның басқа өкілі Лии Фейнштейн сыртқы саясат Америка Құрама Штаттарында партиялық мәселеге айналды дейді.

"Сыртқы қатынастар кеңесі" қоғамының өкілі Лии Фейнштейнның сипаттамасына қарағанда, Демократиялық партияның өкілдері Америка өз мақсаттарына дипломатия және моралдық үндеу арқылы жетсе жөн дейді, Республикандық партиядағылар "қатаң қол саясатын" жақтайды. Бұл алшақтыққа қарамастан, Америка жер шарындағы шаруаларға араласпау керек, өз өзімен болу керек деп зерттеуге қатысқандардың тоғыз пайызы қане айтты.

AzattyqTV

XS
SM
MD
LG