Accessibility links

Алматыда парламент сайлауына үміткерлердің үгіт-насихат шараларының басталуыны байланысты Қазақстандағы екі ірі партия көпшілікті өз сайлау тұғырнамаларымен таныстырды


Tамыздың 19-күні Қазақстан республикасының аумағында алда болатын парламент сайлауларының үгіт-насихат жұмыстары басталды. Осыған байланысты Алматы қаласында Қазақстанның Отан және Ақ жол саяси партиялары кездесулер өткізіп, өздерінің сайлау алдындағы тұғырнамаларымен таныстырды.

Отан партиясы өз мүшелері және белсенділерімен кездесуін Абай атындағы опера және балет театрының залында өткізді. Қазақстанда тұратын ұлт өкілдерінің ұлттық киімдерімен шығып билеген биімен ашылған кездесуде, Отан республикалық саяси партиясы өздерінің тұғырнамаларын жария етті. Тұғырнамада өмір сүру деңгейінің қазақстандық ұлттық стандартын қалыптастыру партияның басты міндеттердің бірі деп көрсетілген.

Партия төрағасының орынбасары, қазір жұмыс істеп жатқан парламент мәжілісінің төрағасы Жармахан Тұяқбай, біздің партия 2009 жылға дейін жалпы ішкі өнімді 2 есеге ұлғайтуды көздейді деп мәлімдеді:

- Еліміздің экономикалық өсуін 5 жылдың ішінде 2 есе өсіріп, сол арқылы халықтың әлеуметтік жағдайын да кем дегенде 2 есеге арттыру көзделіп отыр.

Партия мүшелері мен сайлауға қатысатын үміткерлерінің сөзін Отан партиясының жас қолдаушылары ұранмен қарсы алып отырды.

- “Отан”, Қазақстан!

Опера және балет театрының кең сахнасына шығып сөйлеген Отан партиясының әр мүшесінің сөзінен кейін ән шырқалып тұрды. Қазақстанның белгілі әншілері негізінен отансүйгіштік туралы әндерді орындады.

Партияның белсенділері парламент сайлауларында жеңген жағдайда, Қазақстанда саяси реформаларды да жүргіземіз деп мәлімдеді.

Отан партиясы төрағасының орынбасары Жармахан Тұяқбай бұл үшін Қазақстан Республикасының Конституциясына бірқатар өзгертулер енгізілуі қажет деп есептейді:

-Жергілікті биліктің өкілеттілігін арттыру, саяси партиялардың санын көбейту сияқты мәселелер бар. Сондықтан көптеген конституциялық заңдарға және конституцияға өзгерістер енгізу қажет, оған уақыт жетті деп ойлаймын.

Белгілі ақын Марфуға Айтқожа Отан партиясын халық арасында танымал болуын қамтамасыз ету үшін шақырылған бір топ спорт, мәдениет, өнер және ғылым қайраткерлерінің қатарында. Ақын сыйлап шақырған соң келу парыз дейді:

- “Шақырғанда бармасаң, сығалағанға зар боласың” - демей ме, атам қазақ

Биыл қазақстанда тұңғыш өткелі отырған электронды сайлау түріне қарсы болып отырған ”Ақ жол” партиясы, журналистермен кездесуін, Алматы қаласындағы ұлттық баспасөз клубында өткізді. “Жақсы өмір - баршамызға бүгін қажет” деп аталатын “Ақ жол” партиясының сайлау алдындағы тұғырнамасы 8 тараудан тұрады. “Парламенттің құзырын кеңейтуді, табысы орта отбасылар үшін несие берудің тиімді жүйесін құруды, халыққа тегін дәрігерлік қызмет көрсету ісін қамтитын бағдарламаны жүзеге асыруға, толық негіз бар” - дейді “Ақ жол” партиясының тең төрағаларының бірі Әлихан Бәйменов:

-Біздің бағдарламаларымыз нақты заңдармен, нақты жобалармен бекітілген, сондықт ан ол нақты істердіңт бағдарламасы. Осы бағдарламаны жаңа үкіметтің іс-қимыл бағдарламасына айналдыруды мақсат тұтып отырмыз. Елдің экономикасын шиикізатқа тәуелділігінен арылу және әлеуметтік алшақтықты екі есе азайту

“Ақ жол” партиясының келесі бір тең төрағасы Ораз Жандосов: “біздің тұғырнамамызда мұнайдан түскен табыстың 75 пайыздық көлемін әр үш ай сайын қазақстан азаматтарының есеп-шоттарына салып отыру көзделген ал кәмелетке толмаған балалардың ақшасы кәмелеттік жасқа толғанға дейін олардың есеп-шоттарына құйыла береді” деп мәлімдеді:

- Кәмелетке толмағандардың ақшасы олардың есепшотында сақталып тұратын болады.

Біздің “Ақ жол” партиясы мен “Отан” партиясының ұсынып отырған сайлау тұғырнамаларындағы бірқатар ұқсастықтар туралы сұрағымызға, “Ақ жол” партиясының өкілдері: “айырмашылық сол мақсатқа жету жолы мен уақытта жатыр”- деп жауап берді.
XS
SM
MD
LG