Accessibility links

Түгелбек Қасымұлы Астанадан Пәкістанға велосипедпен жеткен


Шығыс Қазақстан облысындағы Тарбағатай ауданы Жамбыл орта мектебiнiң мұғалiмi саяхатшы Түгелбек Қасымұлы Пәкістанға велосипедпен барып қайтты. Ол соңғы 22 жылда 27 мемлекеттi аралап, жалпы қашықтығы 350 мың шақырымды жүріп өткен. Яғни, бұл жер шарын экватор арқылы 8 рет айналып өткенмен тең (Жердiң диаметрi 12800 километр, экватор арқылы - 6400 шақырым).

Бұл жолы түрлi жарылыстар мен қарулы қақтығыстар болып жатқан өңiрлерден өткен ержүректігі мен халықтарды ынтымаққа шақырған қадамы ескерiлiп оған Пәкiстан үкiметi “Халық батыры” орденін, полиция қызметкерлерiмен кездесуде салауатты өмiр салты мен йоганың адам өмiрiн ұзартуға септігін насихаттаған Түгелбек Қасымұлына “Пәкiстан полициясының үздiгi” белгiсi берiлген. Осы жолы 59 жастағы саяхатшы сегіз мың шақырымды жүрiп өткен.

"Еуропа мен Азияның 27 мемлекетiн аралауыма 12 жыл кеттi. Жалпы веломарафонмен айналысқаныма 12 жыл" дейдi Түгелбек Қасымұлы.

Ол бұл сапарына бала кезінде көрген кино әсер еткенін айтады.

"Тоғыз жасымда "Садько" деген кино көрдiм. Сол кинода басты кейiпкер бақыт құсын iздеп кемемен Үндістанға барады. Бақыт құсын тауып елiне аман-есен оралады" дейдi саяхатшы.

Түгелбек Қасымұлы басты мақсаты - кiшкентай ғана жер шарындағы тыныштық пен достықты насихаттау екенін айтады.

Алыс елдерге жалғыз жүретiн саяхатшы сапарлары кезінде түрлі оқиғаларды басынан өткерген. Жамбыл Жабаевтың 150 жылдық тойына бара жатқанда көлік соғып кетіп, велосипедi қақ бөлiнiп, өзi өлiм аузынан қалған. Өзбекстанда бұзақылар кездесiп, пышақпен жаралапты. Бiрақ, сонда да сапарын тоқтатпаған.

Пәкістанда қазақстандық саяхатшыны сол елдің спорт және туризм министрi қабылдаған. Исламабадта оған Пәкiстанның “Халық батыры” орденiн және “Пәкiстан полициясының үздiгi” белгiсiн тапсырған.

“Семей-Невада” қозғалысының насихатшысы Түгелбек Қасымұлы сапарлары кезінде әлем жұртшылығына Қазақстан мемлекеті мен қазақ халқын таныстырып жүргенін айтады.

XS
SM
MD
LG