Accessibility links

Отырарда археологиялық нысандарды консервациялауға қатысты семинар-тренинг басталды


«Көне Отырар қалашығын қайта қалпына келтіру және сақтап қалу» жобасы бойынша Түркістанда 1 апта бойы жүретін археологиялық нысандарды консервациялауға қатысты семинар-тренинг басталды. Семинарға Қазақстан, Түрікменстан, Қырғызстан, Өзбекстан және Тәжікстан елдерінен мамандар қатысуда. Сонымен қоса, аудан басшыларының айтуынша, қазіргі таңда Отырарда әлеуметтік проблемалар да жоқ емес.

Отырар мемлекеттік археологиялық қорық мұражайының аға ғылыми қызметкері Серік Ақылбектің айтуынша, 30 жылдан бері жүргізіліп келген қазба жұмыстары кезінде ашылған ескерткіштер ауа-райының әсерінен бұзылып, өте нашар халге түскен. «Осыны және Отырардың Қазақстан тарихындағы маңыздылығын ескере отырып, консервациялау жұмысын кең көлемде жүргізу қолға алынып отыр. Бұған дейін ішінара болмаса, көп жүргізілген жоқ. Алайда, жұмыстардың көптігіне байланысты әлі де 2-3 жылға созылуы мүмкін. Алда ғылыми-зерттеу жұмыстары, оларды тіркеуге алу, деректер базасын жасау мәселелері тұр. Бүгінде жобаға қатысып, тәжірибе алмасудамыз», - дейді.

«Археологиялық ескерткіштерге қайта жаңғырту жұмыстары жүргізіліп жатқанда қолжазбаларды да сақтап қалудың амалын қарастыруымыз керек, Отырарда заттық және рухани мәдениет қатар дамыған. Қаншама қолжазбаларымыз күйреп бара жатыр. Ескі кітаптар, қариялардан жазып алынған дүниелерді әлемдік деңгейде жинап алуымыз керек. Ол - Әбу насыр әл-Фараби және оның арғы-бергі ізбасарларының осы кезеңге дейінгі мәдениеті. Келіп жатқан оқырмандар мен саяхатшылар Фараби, Ахмет Яссауи, Майлықожалардың мұраларын сұрайды», - дейді Отырар мемлекеттік археологиялық қорық мұражайының директоры Абдолла Жұмашев.

Отырар ауданы әкімінің орынбасары Жақсыбек Асылбек Отырар қорғанысының 785 жылдығына орай қорғаныстың сыртқы көрінісінің, сонымен қоса, «Даңқты бабалар аллеясының» жасалғандығын айтты. «Орталыққа 9 метрлік әл-Фарабидің ескеркіші, сонымен қоса, көне дәуірден бастап бүгінгі күнге дейінгі кезеңді суреттейтін 7 бағана қойылады. Алаңды көріп шыққан адам Отырар жайлы көптеген мәлеметтер алады, әдебиеті, мәдениеті, өнері қалай дамыған, барлығы көрсетілген», - дейді.

Жақсыбек Асылбек қазіргі таңда Отырарда проблемалар да жоқ емес дейді. «Сырдария мен Арыс өзендерінің ортасында тұрған аудан жері бүгінде сорға айналып отыр. Жерасты суы көтеріліп, қазған жерден су шығады. Жері әбден сорланып кетті. Ауылға кірер бетте назар салып қарайтын болсаңыз, аппақ қар жауған ба деп қаласыз. Ол қар емес, жердің бетіне шығып жатқан тұз. Бұны ауданның үлкен проблемасы ретінде Премьер-министрдің де алдына қойып отырмыз. Қазіргі таңда «Тұзды сумен күресу» мәселесі қолға алынып жатыр», - дейді.

Ауданда бұдан да басқа мәселелер бар, бірақ олардың барлығын «Мәдени мұра» бағдарламасына енгізіп жатырмыз. Бүгінде республикалық деңгейде шешуге әрекет жасалып жатыр», - дейді Отырар ауданы әкімінің орынбасары Жақсыбек Асылбек.
XS
SM
MD
LG