Accessibility links

Баспасөзге шолу. 08-24-2004


Парламент депутаттығына сайлау жақындаған сайын электронды сайлау жүйесі, теле пікірсайыстар, саяси партиялардың қызметі – республикалық басылымдардың баса назарын аудартып, пікірталас тудырып отырған тақырыптар. Мәселен, парламент мәжілісі төрағасының кеңесшісі газеттердің бірінде электронды сайлау жүйесі алда сайланатын парламентті заңсыз ету мүмкін деген қауіп айтса, мемлекеттік басылымдардың бірі керісінше бұл жүйенің сенімділігін алға тартады.

“Жас алаш” газетінде дінтанушы Мұртаза Бұлытай өзінің бірқатар саяси мәселелерге көзқарасын білдіріпті. Оның айтуынша, “көп партияның болуы демократияның бар екенін, мықты екенін дәлелдемейді”. “Бізде партия көбейіп, ертең мемлекетіміздің ішкі тұрақтылығы бұзылып жатса, көппартиялықтан не пайда?” – дейді дінтанушы. Оның сөзіне сенсек, “дүниежүзіндегі ең дамыған, нағыз демократиялы ел саналатын АҚШ-та негізгі екі партия партия бар – республикалық және демократиялық партия. ” Сондай-ақ Ұлыбритания мен Германияда да екі партия басымдылық танытады. Ал оың пікірінше, Қазақстандағы көп партиялардың айырмашылықтары аз. “Олардың бәрі де еркін базар экономикасын,азаматтық-құқықтық қоғамды, плюралистік демократияны, жеке меншікті жақтайды. Осы жағынан қарағанда, бұлардың арасында саяси идея жөнінен бөлінушілік жоқ”, -дейді Мұратаза Бұлытай.

“Егемен Қазақстан” газетінің бетінде кейбір зиялы қауым өкілдері “Хабар” арнасынан берілген теле пікірсайыстар жайына сын-пікірлер білдіреді. Мәселен, тарихшы ғалым Мәмбет Қойгелді, “бірыңғай билікке мін тағу, тақырып аясына жатпайтын жәйттарды көпшілкке таңу және күдікті нәрселерді күшеніп айтуы басқаша әсер қалдырды” десе, халық ақыны Әселхан Қалыбекова да сондай пікірді қоштайды.

“Алтын орда” газетінде Парламент мәжілісінің төрағасының кеңесшісі Ирак Елекеев алда сайланатын парламент заңсыз болып қала ма деген қауіп білдіріпті.

“Өйткені, сайлау бір жерде электронды дауыс беру арқылы өтсе, бір жерде бюлетень. Меніңше, мәселе барлық жерде бірдей болуы керек”. “Дайын болмасақ, неге біздер электронды дауыс беру жүйесін қолдануға асығамыз?” – дейді парламент мәжілісі төрағасының кеңесшісі. Оның айтуынша, толықтырулар мен өзгерістен енгізілген “Сайлау туралы” заңды асығыстықпен қабылдап жіберген депутаттардың өздері бүгін не істерін білмей, бармақ шайнап отыр.



Алайда, “Казахстанская правда” газеті “сайлау” электронды дауыс беру жүйесі сенімді деп есептейді. Газет тілшісі жаңа жүйесінің сынақ түрінде Алматыда өткендігін баяндайды. “Сынаққа қатысушы-сайлаушы Сара Кенжебекова жаңа жүйенің сенімді екендігіне көз жеткізу үшін өзінің демалыс күндерін қиып осында келіпті. Ол компьютермен таныс емес әжелер де оп-оңай дауыс бере алады. Себебі, онда ешқандай техникалық қиындықтар жоқ екендігін айтты, - дейді газет тілшісі. Ал орталық сайлау комиссиясының төрайымы Зағипа Бәлиева сайлау кезіндегі ақпараттардың мығым қорғалғанын жеькізіпті. Оның айтуынша, “Әлі бірде-бір хакер Ұлттық банктің мәліметтер қорын бұзып көрген жоқ. Қыркүйектің 15-і күні біздің ақпараттық жүйеміз тұйықталып, қорғаныс қондырғысына көшеді”.

“Комсомольская правда Казахстан” басылымы Ташкентте болған жарылыстарға қатысы бар экстремистердің Қазақстан аумағында дайындықтан өтті деген ақпаратқа орай деректер келтіреді. “Қазақстандағы Өзбекстан елшілігінің мәліметтеріне қарағанда, Өзбекстан азаматы Жамолддин Нигманов 2003 жылдың сәуір айында Шымкент облысының Ақсу ауылында, Хикматулла Ишматов Шымкентте әскери дайындықтан өткен, Сондай-ақ сотқа Қазақстанда – Шымкент пен Таразда дайындықтан өткен жеті экстремист туралы материалдар берілген”, - деп хабарлайды “Комсомольская правда Казахстан” басылымы. Мақала авторының айтуынша, тергеу материалдары Ташкенттегі Бас прокуратура алдында өзін-өзі жарған адамдардың бірі Аваз Шаюсупов ұйымдастыру жұмыстарымен айналысып, Шымкенттегі әскери дайындыққа кімді жіберу-жібермеу жайын шешіп отырғандығын көрсетеді.

AzattyqTV

XS
SM
MD
LG