Accessibility links

"Хизбут Тахрир" партиясының қызметі Орталық Азия тұрақтылығына қауіп төндіреме?


Орталық Азия елдерінде жаңадан пайда болған саяси мәселенің қатарында "Хизбут Тахрир" діни партиясының мәселесі соңғы кезде көп айтылады. Партияның негізгі мақсаты –мұсылман әлімінде Халифат яки біртұтас ислам мемлекетін орнату. "Хизбут Тахрир" партиясы қызметін бейбіт сипатта жүргізіп жатсада Орталық Азия елдерінің үкіметтері оның белсенділерін қатты қуғындайды.

"Хизбут Тахрир" партиясының қызметі негізінен Өзбекстанда және Қырғызстанда белсенді еді, соңғы жылдары Қазақстанда да "Хизбут Тахрирдың" адамдары сотталып жатыр, "Хизбут Тахрирдың" үнпарақтарын таратқан азаматтар ұсталып жатыр деген мәлімет жиы айтылады.

Бұл жердегі тағы бір ерекшелік, "Хизбут Тахрир" партиясы Қазақстан оңтүстігінде белсенді деп айтылушы еді, ұйымның үнпарақтары соңғы бір жылда Қазақстан солтүстігінде және Қазақстанмен шекаралас Ресей Федерациясының оңтүстігінде жиі табылып жатыр. Ең соңғы деректі келтіретін болсам - тамыздың 16-ы күні Павлодар қалалық соты “Хизбут тахрир” ұйымының мүшесі деп табылған Владимир Севостьяновты 2 жылға бас бостандығынан айырды.

Оған діни араздықты қоздырды деген сияқты бірнеше айып тағылды. Владимир Севостьянов 2003 жылдың соңында Павлодар қаласындағы Мәшһүр Жүсіп мешітінде Арман Қамзин, Руслан Ғинатуллин деген жолдастарымен үнпарақ таратқан деп ұсталған. Бұл екі жігіт екі-екі жылдарын арқалап, маусым айында айдалып кетті. Адам құқықтары жөніндегі Қазақстан бюросы бұл павлодарлық азаматтардың "Хизбут Тахрирға" қатысы жоқ, олар мешітте кездейсоқ ұсталды, тергеушілер айыпты оларға мәжбүрлеп мойындатқызды дейді. Жалпы, Оңтүстік Қазақстан облысында соңғы екі айда "Хизбут Тахрир" партиясының екі белсендісі сотталды, оларда сол екі жыл деген мерзімін алды.

Қазақстан үкіметі болсын, Өзбекстан үкіметі болсын, "Хизбут Тахрирға" бір келкі үрке қарайды. Қазақстан Ұлттық қауіпсіздік комитетінің өкілі Кежболат Бекназаров радиомызға берген сұхбатында бұл әсіре діншіл партия Қазақстан егемендігіне қол салып отыр деп сипаттаған болатын:

- Олардың істеп отырған әрекеттері заңға келмейді. «Хизбут Тахрир» болсын тағы да сол сияқты ұйымдар заңға қайшы жұмыс істеп отыр. Біздің мекеме, мынау Ұлттық қауіпсіздік комитеті осындай ұйымдардың жұмысын қадағалап отырады. Ол ұйымның жұмысына Қазақстанда тыйым салынған. «Хизбут Тахрир» ұйымының мүшелері деп табылған азаматтар әсіресе Өзбекстанда қатты қуғындалады. Тәуелсіз бұлақтарға қарағанда, түрмеге айдалған ондай азаматтардың қатары кемінде бес мың.

Өзбекстанда биыл екі рет террористік дауыл өтсе, оның екеуінеде "ХизбутТахрир" ұйымы айыпталды. "ХизбутТахрир" ұйымы өз кезегінде Өзбекстан үкіметі тарапынан айтылған бұл кінәні жоққа шығарғаны белгілі. "ХизбутТахрир" ұйымының Лондондағы бас кеңсесі де, басқада белсенділері де Өзбекстандағы қантөгістерде шаруамыз жоқ дейді. Солардың бірі – Жалалабад қаласында тұратын Сұлтан Бадалов деген азамат "Азаттық" радиосының Қырғыз редакциясына өз ойын былай жеткізді:

- Біреуді өлтіру, не болмаса қан төгу ислам дінінде арам деп табылады. Тіпті басқа діннен болса бейкүнә адамды өлтіруге тиым салынған. "Хизбут Тахрир" жұмысын тек саяси және идеологиялық жолмен жүргізеді. Біз қарулы күресті қабылдамаймыз. "Хизбут Тахрир" бұл жалаларды қабылдамайды.

"Халықаралық дағдарыс тобы"ұйымы қамқорлығындағы Орталық Азия жобасын Ош қаласында басқаратын маман, Дэвид Левайс "ХизбутТахрирдың" қалың бұқара арасында қолдаушылары аз, сондықтан "ХизбутТахрирдың" ықпалын сөз қылғанда асыра сілтеуге жол берілмесе дейді. Діни партияға қосылған аздаған жастардың өздері тек саяси көзқарасын танытудың балама жолын іздеп, "ХизбутТахрирға" келіп қалғандар.

"Азаттық" радиосының аймақтық сарапшысы Ахмед Рашид болса Орталық Азия үкіметтері саяси бостандықтарға өздері жол бермей отыр, сондықтан саясатқа қызыққан жұрт астыртын ұйымдарға еріксіз қосылады, радикалды жолға түседі, сөйтіп олардың бір бөлігі "ХизбутТахрир" сияқты исламшыл топтардың қатарында табылады дейді. Жалпы, тарихқа көз жүгіртсек, "ХизбутТахрир" партиясы 1952 жылы Иерусалим қаласында құрылған. Партияның іргетасын Тақиуддин Ан-Набхани деген қайраткер қалады.

"Ислам азат етуі" деп аударылады партияның атауы. Әлбетте, халифат құрамыз деген партияның негізгі мақсаты – бос қиял, жөнсіз арман, бұл мақсаттың орындалуы сарапшылар жайында тіпті әңгіме жоқ.
XS
SM
MD
LG