Accessibility links

Батыс дипломаттары Пәкістанға қайырылып, "Талибан" қозғалысын жөнге келтіруге шақырды


Ауғанстанда 9-шы қазанға белгіленген президенттік сайлау жақындаған сайын елде осы күні қауіпсіздік дұрыстап қамтыла ма екен деген алаңдаушылық өсіп келеді. Пәкістан президенті Перуез Мұшарраф Ауғанстан президенті Хамид Қарзайды қыбалдап, көршілес Пәкістан жерінен ешқандай соққы жасалмайды, көтерілісшілер мұнда пана таппайды деп уәде берді. "Нью-Йорк таймс" газеті болса батыс дипломаттарына сілтеме жасап, бұған күмән келтіреді.

Пәкістан президенті Перуез Мұшарраф Хамид Қарзайды дүйсенбі күні қабылдағанда Ауғанстан шекарасының пәкістандық жағында дербес тайпалық аймақтарында бекінген "Әл Қаида" сарбаздарына қарсы Пәкістан әскері аяусыз күресіп келеді деп мәлімдеді. Шілде айының орта тұсынан бері "Әл Қаида" сарбаздары деп күдіктелетін 60 шақты азаматты ұстадық, таулы аймақтарда тығылған исламшыл жауынгерлер қашып жатыр, деді президент Мұшарраф. Бәлкім олардың кейбіреуі тасада қалып, Ауғанстанға сіңіп жатуы мүмкін, бірақ Пәкістан үкімет орындары бұған қолқанат жасады дейтін ешбір күдік болмау керек, дейді Пәкістан басшысы.

Ауғанстан президенті Хамид Қарзай екіжақты қатынас орнатуға нық қадам бастық, терроризмге қарсы бірге күресеміз деп сендірген пәкістандық әріптесінің сөздерін жылы қабылдады:

- Біз екеуміз бас қосып, ағайын ретінде, дос ретінде жақсы әңгіме, шынайы әңгіме жүргіздік. Келіссөздердің нәтижесінде екі елдің ағайындық қатынастары өз қалпында екені нақтыланды, терроризмге қарсы бірге күресетініміз тағы нақтыланды.

Міне, екі көршілес елдің басшылары осылай қанағат танытып жатқан тұста "Нью-Йорк таймс" газетінде сейсенбі күні Қабулда жұмыс істейтін жоғары лауазымды үш батыс дипломаттарының пікірлері жарияланды. Аты-жөндерін жариялағысы келмеген бұл қызметкерлер Пәкістанның дербес тайпалық аймақтарында "Талибан" қозғалысы әскери дайындақтарын әлі де болса өткізіп жатыр деді. "Нью-Йорк таймс" газеті, сол сияқты, батыс барлау агенттіктері Ауғанстанда сайлауды бұзу мақсатында Талибан 9-шы қазанда бірнеше шабуыл жасауды жоспарлап отыр деген тұжырымға келді дейді. Батыс дипломаттары Пәкістанға қайырылып, "Талибан" қозғалысын тезарада жөнге келтіруге шақырды, әйтпеген жағдайда жауапкершілікті ресми Исламабад мойнына тең алады делінді.

Мұндай мәліметтер Рейтерс агенттігіндеде жарияланды. Вашингтонмен Қабулдағы ресми адамдар "Әл Қаиданың" жауынгерлері дегендерді жөнге келтіруге Пәкістан еңбек сіңірді, алайда Пәкістан жерінде бекінген "Талибан" жауынгерлерін талқандауға Исламабад ынта танытпайды дейді. "Талибан" діни қозғалысы 1990-шы жылдардың орта тұсында Ауғанстанда билік орнатқанда оны Пәкістан барлау қызметі қаржыландырды, қарумен қамтамасыз етті. "Талибан" қозғалысының бастапқы қатары Пәкістандағы босқындар ауылдарында өскен ауғандық жастардан құралды, бұлар Совет Әскерінің ықпалынан қашқан ауғандық пуштундардың балалары болатын.

11 қыркүйектің шабуылдарына "Талибан" қозғалысы атсалысқан деген мәлімет пайда болған соң президент Мұшарраф "Талибанмен" барлық қатынасымызды үздік, терроризмге қарсы соғыста Америка Құрама Штаттарын қолдаймыз деп шықты. Бірақ кейбір талдаушылар Пәкістан президенті Ауғанстан іргесіндегі оқшалау тайпалық аймақтарды бақылай алмайды, себебі "Талибан" басшылармен пуштун тайпаларының басшылары етене араласып кеткен дейді. Басқа сарапшылар болса – бәлкім Мұшарраф Америка Құрама Штаттарымен екіжүзді ойын ойнап отырған шығар, "Талибанға" дем беру арқылы Ауғанстанды бақылап отырғысы келетін шығар дейді. Ресми Исламабад мұндай жорамалдарды үнемі жоққа шығарады.
XS
SM
MD
LG