Accessibility links

«Қазақстан темір жолы» басшыларының қатысуымен Ұлттық компаниядан 46 млн. доллар ұрланған деген күдік бар


Қазақстан Парламентінің депутаттары Серікболсын Әбділдин, Зәуреш Батталова және Төлен Тоқтасынов Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путиннің атына хат жолдады. Онда Байқоңыр айлағын жалға беруден түсетін қаржының қомақты бір бөлігі Қазақстан мен Ресейлік шенеуніктердің қалтасына түсіп жатқанына алаңдаушылық білдірілген. Ол хатта «Қазақстан темір жолы» Ұлттық компаниясы басшыларының да қатысы бар екенін және сол Қазақстан темір жолынан 46 миллион доллар ұрланса, Ресей бюджеті 13 миллион доллар зиян шеккені айтылады. Қазақстан депутаттарының пікірінше, Байқоңырды жалға беру есеп-қисап құжаттары Ресейде жасалғандықтан бұл мәселені зерттеу Ресейдің құзыретіндегі шаруа.

Қазақстан Парламентінің депутаттары Серікболсын Әбділдин, Төлен Тоқтасынов және Зәуреш Батталованың Ресей Президенті Владимир Путиннің атына жолдаған хатында, Байқоңыр ғарыш айлағының алыпсатарлық әрекеттердің құралы болып отырғандығы жазылған. Хатта Қазақстан Парламентінің депутаттары Ресей Думасының депутаттары Рубежанский мен Гузановтың Қазақстан Парламенті Мәжілісінің төрағасы Жармахан Тұяқбайдың атына жолдаған хатынан сілтеме жасайды. Парламент Мәжілісінің депутаты Серікболсын Әбділдиннің айтуынша, Ресей Думасының депутаттары жолдаған хатта барлық дәйектер анық келтірілген. «Космодромды пайдану жөнінде біздің Ресейменен шартымыз бар.

Ол шартты орындау үшін әрине қаржы жүреді арада. Сонда кеткен кемшіліктер Ресейдің депутаттарының Мәжіліс спикері Жармахан Тұяқбайға жазған хатында бәрі келтірілген», – дейді Серікболсын Әбділдин. Қазақстан Парламенті депутаттарының Ресей Президентіне жолдаған хатында Байқоңырдан түсетін ақшаның қомақты бөлігі Ресей мен Қазақстан шенеуніктерінің қалтасына түсетіндігі, сонымен қатар бұл іске «Қазақстан темір жолы» басшыларының да қатысы бар екендігін, аталған ұлттық компаниядан 46 миллион доллар ұрланса, Ресей бюджеті 13 миллион долларға зардап шеккендігі жазылған.



Хатта жазылғандай әсіресе 1999 жылдары Байқоңыр космодромын Ресейге жалға беру кезінде салық жағында үлкен заң бұзушылықтардың болғаны айтылған. Сонымен қатар Парламент Мәжілісінің депутаты Серікболсын Әбділдиннің сөздеріне қарағанда құжаттардың дені қазіргі Президент әкімшілігің жетекшісі Иманғали Тасмағамбетовтің Үкімет басшысы болып тұрған кезде жүзеге асқан. «Қаржыны пайдалану жағынан дұрыс емес деген. Оған қол қойылған қағаздары бар. Кезінде Тасмағамбетов Үкіметті билеп тұрған уақытта бболған шарттар көрінеді. Соның кемшілігін тексеру үшін В.Путинге хат жолдадық», – дейді Серікболсын Әбділдин.



Қазақстан Парламенті депутаттарының Ресей Президентіне жолдаған хатында Қазақстан темір жолы арқылы тасымалданатын ресей техникалық жабдықтардың барлығы қазақстандық кәсіпкерлеге келісімде көрсетілгеннен екі-үш есе жоғары бағамен сатылғандығы да жазылған.

Мұны жасыру үшін Қазақстан темір жолы компаниясы тендр өткізіп, оны өздері құрылтайшылық ететін Омскінің үш компаниясына берген. Нәтижесінде Ресейдің Қаржы министрі 2001 жылдың желтоқсан айында аталған үш компанияға бюджеттен 65 млн. доллар қаржы бөледі. Аталған үш компания 65 млн. доллардың 19 миллион долларына ғана Ресейдің техникалық жабдықтарын сатып алып, Қазақстанға жөнелтеді. Ал Қазақстанның Байқоңыр айлағын жалға алғаны үшін Ресей бюджетінен бөлінген 65 млн. доллардың қалған 46 млн. доллары белгісіз қылмысты топтың қалтасына кетеді.

Мәжіліс депутаты Серікболсын Әбділдиннің айтуынша, Байқоңыр айлағы бойынша Ресеймен жүргізілген келісім-шартта «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының тауар тасымалдаушы ретінде тікелей қатысы бар. «Қазақстан темір жолына байланыстысы қарым-қатынасты шарт бойынша орындауға кіріскен жұмыс атқарушы ретінде ғой. Есеп-қисап та солар арқылы жүретін бір жерлері бар. Сол себеппен оны да біз хатқа жаздық. Жалпы біздің ойлап шығарған ештемеміз жоқ. Ресейдің депутаты, ол «Единный Россия» деген партияның өкілі. Соның жазған хатына біз құлақ асып, Ресейдің елбасшысы дұрыс-бұрысына көңіл аударсын деген өтініш жасадық», – дейді Мәжіліс депутаты Серікболсын Әбділдин.



Осыдан кейін «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының баспасөз қызметімен хабарласып, жоғарыдағы Қазақстан Парламенті депутаттары көтерген мәселеге байланысты түсінік беруін сұраған едік. Алайда ондағы баспасөз қықзметкері Елена Тихонова сұрақты ұлттық компанияның Президенті Ерлан Атамқұловтың атына факс арқылы жіберуін сұрады.



Мұнан кейін сұрақтарды жазбаша түрінде «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының президенті Ерлан Атамқұловтың атына факс арқылы жібермек болғанымызда, факсте қағаздың таусылып қалғандығын айтып, қабылдай алмайтындықтарын жеткізді.



Ал Байқоңыр ғарыш айлағындағы Президенттің арнайы өкілінің баспасөз қызметкері Бақытжан Еспергенов Байқоңырға қатысты мәселенің барлығын Қазақстан Үкіметіне қоюын сұрады. Ол біз тек Конституцияға сай заңдылықтың орындалуын ғана қадағалап отырамыз дейді.



2004 жылдың қаңтар айының басында Ресей Президетінің Қазақстанға сапары кезінде «Байқоңыр» ғарыш айлағы 2050 жылға дейін Ресейге жалға берілген болатын.
XS
SM
MD
LG