Accessibility links

Аятолла Әли Әл-Систани Наджафтағы текетіресті тоқтатуға бет алғанда қала маңында қақтығыстар орын алды


Наджаф қаласында радикалды шиит көтерілісшілермен АҚШ бастаған әскери жасақтың шайқасып жатқанына үш апта болды. Көтерілісшілердің басшысы Моқтада Әл-Садр қантөгісті тоқтатуға ниет білдермеді. Шиитердің рухани басшысы Әли Әл-Систани еліне қайтып, жанжалды тоқтату мақсатында бейсенбі күні Наджафқа келіп жетті. Алайда, осы тұста Наджаф іргесіндегі Куфа қаласында үлкен адам шығыны болды.

Ирақтағы қақтығыс көзінің бірі – Наджаф қаласындағы көтерілісті басу мақсатында шиитердің рухани басшысы Әли Әл-Систани бейсенбі күні бейбіт бастамасын іске асыра бастады. Міне, осы сәтте белгісіз біреулер халыққа қастандық жасады. Бейсенбі күні Куфа қаласының бас мешітіне миналар атқыланды. Бұл сәтте мешіттің іші сыртында Моқтада Әл-Садрдың жақтастары жиналып, Наджаф қаласына жаяу шеруге шығуды ойластырып тұрған. Куәлардың айтуына қарағанда, халық мешітке көп жиналған. Бір мина мешіттің ғимаратын соқты, кемінде тағы бір мина мешіттің қақпасына түсті. Адам шығыны көп. Ішкі істер министрлігінің өкілі және дәрігерлер мәлімет айтқандай, кемінде 25 адам қаза тапты, 60 шақты адам жараланды. Аурухуна өкілдерінің бірі Әділ Кадхим Рейтерс агенттігіне, мысалға, мынандай мәлімет айтты:

- Ауруханаға 83 жаралы адам түсті, бес өлік қабылдадық. Куфа мешітінің ішінде және көшеде жаралы адамдар әлі бар.

Миналарды кім атқаны әлі белгісіз болып тұр. Шерушілер іргедегі Куфа қаласынан Наджафтың орталығындағы Имам Әли мешітіне бет алғанда тағы шабуыл жасалды. Белгісіз біреу халыққа жеңіл қарудан оқ атты, бірнеше адам шығыны болды деп хабарланды. Аятолла Әли Әл-Систани бұл сәтте бейбіт жоспарын бұқараға ұсыну мақсатында Наджафқа Басра қаласынан келе жатқан болатын.

Әли-Систани Наджафтағы қақтығыс орын алған уақыт бойы Лондонда болды, денсаулығын түзеу мәселесімен. Еліне ол сәрсенбі күні оралды да, бірден бейбіт бастамасын жария етті. Әл-Систанидың Кувейтегі өкілі аятолла Абоқассем Дибайжи жаңа бастаманы былай сипаттап отыр:

- Аятолла Әли Әл-Систани Наджафқа қауіпсіздік және Ирақ халқына тыныштық, әсіресе Наджаф халқына тыныштық әкелуге келіп отыр. Бейсенбі күні оған миллиондаған адам қосылады. Ирақтың барлық халқының алдында және барлық топтарының алдында аятолла Әли Әл-Систанидың беделі жоғары. Аятолла Әли Әл-Систани шиитердің басшысы болғандықтан оның жеке араласуы көптеген мәселені және көптеген дағдарысты табиғи жолмен шешеді.

AzattyqTV

Жаһан жаңалықтары

Жээнбеков кім?

XS
SM
MD
LG