Accessibility links

Ирақтағы азаптау шатақтарынан кейін АҚШ қорғаныс министрі Дональд Рамсфельд қызметтен кету талабына тап болды


Абу Ғрайып түрмесінде ирақ тұтқындарын американдық сақшылар азаптады, қорлады деген шатақ үш ай бойы АҚШ тәуелсіз комиссиясында тексеріліп, сәрсенбі күні қорғаныс министрі Дональд Рамсфельдтың атына сын айтылды. Комиссия Абу Ғрайып түрмесіндегі азаптауларға АҚШ қорғаныс министрлігі тікелей жол ашқан емес, дегенмен ирақ тұтқындары отырған абақтыда жалпы жұмыс ретін жөнімен реттемеді деген қортындыға келді. Осы тұста АҚШ президенттігіне Демократиялық партиядан шыққан үміткер Джонн Керри қорғаныс министрін қызметтен кетуге шақырды. Дегенмен, Дональд Рамсфельд бұл үндеуге құлақ асапайтын сияқты.

АҚШ қорғаныс министрінің атына сын айтқан тәуелсіз комиссия төрт беделді маманнан құралғаны белгілі. Комиссияны бұрынғы қорғаныс министрі Джеймс Шлесингер басқарды. Комиссияға Херольд Браун деген тағы бір бұрынғы қорғаныс министрі қатыстырылды. Комиссия қорғаныс министрлігі Ирақ абақтысында болған зорлық-зомбылықтардың орын алуына жол беріп қойды деп сын айтты. Американдық сақшылар ирақтық тұтқындарды қинап, өрескел сипатта психикалық, жыныстық және психологиялық азаптау жасаған. Мұны бейнелеген жеке сүреттер көкек айында кеңінен жарияланып, АҚШ-тың халықаралық бейнесіне үлкен нұқсан келтірді.

Комиссия сол сияқты Пентагонның атына басқа да сын айтып, қорғаныс министрлігінің басшылығы Ирақ көтерілісшілерін басуға тым баяу шара қолданды деді. Вашингтонда орналасқан Кето институтының маманы Тед Карпентьер "Азаттық" радиосына айтқандай, Дональд Рамсфельдтың атына айтылған сын өте қатты:

- Ирақта ұсталып жатқан азаматтармен жұмыс істеу жөнінде Пентагон басшылығы егжей-тегжейлі және үйлесімді стратегия қабылдамады дейді баяндама. Бұл тұрғыдан қарағанда, қорғаныс министрлігіндегілер көтерілісшілерге қарсы соғыс жүргізуге тұра келеді деп ойламаған. Қамауға алынатын азаматтардың қатары көп болады деп олар қарастырмаған. Бұл өте жоғары деңгейде орын алған өте үлкен қателік болып отыр.

Мұндай жағдайларда саяси тұлғалар әдетте қызметінен кетеді, бұл жауапкершілікті мойындаудың бір жолы болып табылады. Сондықтанда Джордж Буштың негізгі саяси қарсыласы, президенттікке кандидат Джонн Керри қорғаныс министрі қызметінен кетсін, ол тасада қалатын төменгі буындағы қызметкер емес деп мәлімдеді сәрсенбі күні. Мәселенің осылай қойыларын сезген болса керек, тәуелсіз комиссияның төрағасы Джеймс Шлесингер сейсенбі күні былай ескерткен еді:

- Сіздер қорғаныс министрі жайында мәселе қойып отырсыздар. Ол орнынан кетсе – бұл Американың барлық жауыздарының қалағаны болар еді деп сипаттауға рұқсат етіңіздер. Ондай жағдай орын ала қалса ол шатақ болар еді деп білемін.

Мәліметтерге қарағанда, қорғаныс министрі Дональд Рамсфельд қазіргі саяси жағдайға бола қызметінен кететін емес. Оның үстіне енді екі айдан соң АҚШ-та президент сайланбақ, Джордж Буш екінші рет өтуге үміттеніп отыр. Вашингтонда орналасқан Карнеги Бейбітшілік қорының сарапшысы Томас Карозерстің айтуына қарағанда, қателер ашылып жатқан тұста биліктен кетіп қалу әдеті Америкаға емес, Еуропа елдеріне көбірек тән. Ондай болса демократиялық қоғамда саяси тұлғаның жауапкершілігі тағы қалай өлшенуі мүмкін? Джордж Буш және Дональд Рамсфельд Ирақтағы азаптау шатағына қалың бұқарадан мамыр айында ресми кешірім сұраған болатын. Кешірім сұрау осындайда жеткілікті ме, жоқ па деген мәселенің өзі АҚШ саяси талдаушыларының арасында әр түрлі пікір туғызды.

AzattyqTV

Аудиоподкаст

XS
SM
MD
LG