Accessibility links

Президенттің үлкен қызы Дариға Назарбаеваның үстінен азаматтық іс қозғалды


Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің 152 - бабына сәйкес, «Асар» саяси партиясының төрайымы, «Хабар» агенттігінің басшысы Дариға Назарбаеваның және Орталық сайлау комиссиясы мүшелерінің үстінен азаматтық іс қозғалды.

Қазақстанның демократиялық таңдауы халықтық партиясы саяси кеңесінің мүшесі Маржан Аспандиярованың айтуынша, Президенттің үлкен қызы Дариға Назарбаева жетекшілік ететін «Асар» саяси партиясы сайлау заңын өрескел бұзып отыр. Осыған байланысты біз Орталық сайлау комиссиясының төрайымы Зағипа Балиеваның атына бірнеше ескертулер жібергенбіз. Бірақ Орталық сайлау комиссиясынан ешқандай жауап келген жоқ және біздің ескертулерімізге құлақ асқысы келмеді, – дейді Маржан Аспандиярова. Ол осыдан кейін тамыздың 20-да Орталық сайлау комиссиясы мен «Асар» және «Хабар» агенттігінің басшысы Дариға Назарбаеваның үстінен Жоғарғы сотқа арызданады.



Қазақстанның демократиялық таңдауы халықтық партиясы саяси кеңесінің мүшесі Маржан Аспандиярованың айтуынша, Жоғарғы соттан тамыздың 28-күні сот мәжілісіне қатысыңыздар деген хат келеді. Хат тамыздың 27-күні кешке келді. Біз таңертең Астанада болдық,– дейді. Алайда Маржан Аспандиярованың айтуынша, сотқа «Асар» партиясының бірде-бір өкілдері келмеген. Олар сот мәжілісіне қатыспауын «Асар партиясының өкілдері біздің Алматыдан Астанаға тез жетуге мүмкіншілігіміз жоқ», – деп түсіндіріпті дейді Маржан Аспандиярова.



Сот мәжілісінде Жоғарғы соттың судьясы шағымданушының талап-арызына сәйкес, Орталық сайлау комиссиясы және «Асар» партиясының төрайымы Дариға Назарбаеваның және «Хабар» агенттігі жетекшілерінің үстінен азаматтық іс қозғау жөнінде ұйғарым шығарыпты. Қазақстанның демократиялық таңдауы халықтық партиясы саяси кеңесінің мүшесі Маржан Аспандиярова сот алдында арыз кейіпкерлерінің заңды өрескел бұзғандығын дәлелдейтін қолымызда құжаттар бар дейді.



Ал Маржан Аспандиярованың қорғаушысы Мұстақым Төлеевтің айтуынша, сот ісі аяқталмай пәлендей пікір айтуға болмайды.



Маржан Аспандиярованың талап-арызы бойынша Орталық сайлау комиссиясына және «Асар» партиясы мен «Хабар» агенттігінің жетекшісі Дариға Назарбаеваның үстінен қозғалған азаматтық іске қатысты сот мәжілісі қыркүйектің бірінде жоспарланып отыр.
XS
SM
MD
LG